Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда сатып алынған көліктің ақшасын қайтаруға бола ма

Жарияланған күні:

Көлік рулі
Көлік рулі. Көрнекі фото: pexels.com

Кейде көлікті салоннан сатып алсаңыз да, түрлі қиындық туындауы мүмкін. Алайда мұндай жағдайда да қазақстандықтар тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңына сүйене алады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Қазақстандағы әрбір сатушы өз тұтынушыларының құқықтарын, оның ішінде сатып алынатын тауардың немесе көрсетілетін қызметтің сапасына қатысты құқығын сақтауға міндетті.

Дегенмен кейде қазақстандықтар жаңа көлікті ресми дилерден сатып алғанның өзінде түрлі ақауы бар тауарға кезігуі мүмкін. Алайда сапасыз көлік сатып алғаннан кейін ақшаңыз ауаға кетті деп көлікті утилицизацияға тапсырудың қажеті жоқ.

Себебі, сапалы тауарды алу құқығы сақталады, яғни ақшаны қайтаруға болады. Мұндай жағдайлар туралы ҚР сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде айтып берді.

Көліктің ақшасын қайтаруға бола ма?

Осыған ұқсас жайт Алматы тұрғынының басынан өткен. Ол дилерден жаңа көлік сатып алған, бірақ көп ұзамай ақауы анықталғаннан кейін қайтармақшы болады. Алғашында автосалон қызметкерлері көліктің ақшасын қайтарудан бас тартқанымен, бұл дауға тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті араласқан соң, сатып алушыға 7,6 миллион теңге қайтарылған.

Дәл осындай жағдай Алматы қаласының басқа тұрғынында қайталанды. Ол салоннан құны 15,5 млн теңге болатын автокөлік сатып алған. Алайда машинадан ақаулар анықталады, ал сатушы, бірінші жағдайдағыдай, алғашқыда ақшаны қайтарудан бас тартты.

Дау кезінде департамент өкілдері компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нәтижесінде құны дәл сондай басқа көлікке айырбастау рәсімделді.

Машинаны эвакуациялау
Машинаны эвакуациялау. Көрнекі фото: Hispanolistic/Getty Images

Мұндай жайттар Алматыда ғана емес, еліміздің өзге облыстарында да болған. Мысалы, Маңғыстау облысында қазақстандық автосалоннан ақауы бар көлікті сатып алған. Алғашында сатушы тұтынушыға ақшасын қайтарудан бас тартқан, бірақ кейін департамент өкілдері қатысқан сот отырысы өтіп, сатып алушының пайдасына шешім шығарылды. Осылайша тұтынушыға 7,42 миллион теңге мөлшерінде қаражат қайтарылды.

Түркістан облысының тұрғыны 11 миллион теңгеге көлік сатып алған. Алайда оның да ақауы бары анықталды. Туындаған дауға департамент өкілдері араласқан соң сатушы ақауы бар көлікті соған ұқсас көлікке ауыстыруға міндеттелді.

Шымкентте де осыған ұқсас жайт болған, бұл жолы сома әлдеқайда жоғары еді – 20 миллион теңге. Шымкент тұрғыны автосалоннан жаңа көлік сатып алған соң көптеген ақауды анықтаған. Кейін департамент "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның нормаларын түсіндіріп, екі тарап келісімге келген. Осылайша сатып алушы ақшасын қайтара алды.

Жалпы жыл басынан бері Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті азаматтарға 102,4 миллион теңгеден астам қаржыны қайтаруға көмектескен.

Машина кілті
Машина кілті. Көрнекі сурет: alfex/Getty Images

Еске сала кетейік, кейде қазақстандықтар көлікті сатып алу кезінде сатушының өзге заңсыз әрекеттеріне тап болуы ықтимал – сатушы сатып алушыны көлікке мүлдем қажеті жоқ қосымша жабдықтарды сатып алуға мәжбүрлеуі мүмкін.

Қазақстанда тұтынушыны тауарды немесе қызметті қажетсіз мөлшерде және ассортиментте сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынатынын есте ұстаған жөн. Сондай-ақ кейбір тауарларды сатып алуды басқаларын міндетті түрде сатып алуға негіздеуге болмайды.

Осылайша, тұтынушылардың құқықтары туралы сөз болғанда, қазақстандықтар заңның тек шағын сатып алған заттарға ғана емес, ірі көлемдегі заттарға да жүретінін есте ұстаған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2065013-qazaqstanda-satyp-alyngan-koliktin-aqsasyn-qaitaruga-bola-ma/