Сарапшылар: Қазақстанда баға өсімі қарқын алуы мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқпанда Қазақстанда баға өсімі ең жоғары деңгейге жеткені тіркелген. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта инфляция жоғарылауы ықтимал. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
2024 жылғы ақпанның соңында еліміздегі инфляция деңгейі 9,3 пайызға жетіп тұрақтады. Жылдық көрсеткіштерге сәйкес, ол төмендеген, бірақ ай сайынғы баға өсімі 1,1 пайызға тең – бұл кейінгі 12 айдағы ең жоғары көрсеткіш. Еске салайық, коммуналдық қызметтердің бағасы көтерілген кезде инфляция деңгейінің өсуі жылдамдауы ықтимал екені хабарланған.
Осыған байланысты Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мәліметіне сүйенсек, қаржы нарығы сарапшыларының инфляция бойынша болжамы айтарлықтай нашарлады – бұған дейін олар бір жылдан кейін баға 8,8 пайызға өсуі мүмкін екенін айтқан болатын, бірақ қазір олардың болжамына сәйкес, баға 9,3 пайыз болуы ықтимал.
Өткен жылдың жоғары көрсеткіші биылғы көрсеткішке қарағанда айтарлықтай жоғары болғандықтан, жылдық инфляция деңгейі төмендеген сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде баға өсімінің төмендеуі байқалмайды. Мұны "жоғары базалық" эффект деп атайды.
Сондықтан 2024 жылдың сәуірінде 2023 жылғы бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша жоғары база көрсеткіші есептен шығарылғаннан кейін Қазақстандағы жылдық инфляция деңгейі қайтадан көтеріле бастауы ықтимал.
Бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкін ақша-несие саясатын жеңілдету бойынша шараларды тоқтатуға мәжбүрлеуі мүмкін, бұл ел экономикасына, қарапайым тұрғындарға, тіпті теңге бағамына айтарлықтай әсер етеді.
Осылайша сарапшылардың 58 пайызға жуығы 12 сәуірде өтетін отырыста базалық мөлшерлеме өзгертілмейтінін болжады, 42 пайызы ғана базалық мөлшерлеме сәл төмендетілетінін – 25 базалық тармақ шегінде, яғни тек 14,5 пайызға дейін төмендейтінін айтты.
Дегенмен көп ұзамай Ұлттық банк мөлшерлемені төмендетуді жалғастыруы мүмкін – бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 12,5 пайызға жетуі ықтимал.
Ең қызығы, сарапшылардың болжамы нашарлағанымен, теңге бағамына байланысты болжамдары айтарлықтай жақсы. Бір ай бұрын доллар бағамы 455,03 теңгеге дейін көтеріледі деген болжам айтылған еді, алайда шамамен сәуірдің басында 454,4 теңгеге дейін төмендейді деп күтіледі.
Жылдық көрсеткіштер бойынша да жағымды жаңалықтар бар – бұған дейін доллар бағамы 12 ай ішінде 478 теңгеге дейін көтеріледі деп болжанса, ал одан бұрын тіпті 492 теңгеге дейін өсуі мүмкін деген болжам айтылса, бүгінде АҚШ валютасы небәрі 475 теңгеге дейін қымбаттайды деп күтіледі.
Алайда бұл бар болғаны болжам екенін есте ұстаған жөн. Олар орындалмауы да мүмкін. Сарапшылар қарапайым азаматтарға елде болып жатқан экономикалық процестер туралы құлағдар ету мақсатында субъективті пікірін ортаға салып, болжамдар жасайды. Сондықтан бұл ақпаратқа инвестициялық нұсқаулық ретінде қарап, айтылған кеңестерге 100 пайызға сенуге болмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2068338-sarapsylar-qazaqstanda-baga-korsetkisterinin-osimi-zyldamdauy-mumkin/