Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жеке кәсіпкерлікті жалға беру заңды ма

Опубликовано:

Ақша мен қолкісен
Ақша мен қолкісен. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Кейбір жеке кәсіпкерлер кәсібін жалға беру жақсы жоспар деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл өте қауіпті, оның үстіне заңсыз әрекет. Мұндай алаяқтық түрі несімен қауіпті? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті (ЖК) жалға беру заңсыз әрекет болып саналады. Бірақ алаяқтар адал кәсіпкерлерді алдап, табыс табудан тайынбайды. Алаяқтықтың схемасы мынадай: үшінші тұлға кәсіпкерге оның атынан қандай да бір келісімшарттар жасасуды, мысалы, тауарларды сатуды ұсынуы мүмкін.

Алайда бұл әрекет, ең алдымен, жеке кәсіпкердің өзіне қауіпті, өйткені ол оңай жолмен ақша табамын деп алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін.

Stopfake порталының ақпаратына сүйенсек, бейтаныс адамдар кәсіпкерден оның атынан сауда жасау мақсатында жеке деректерін әрі белгілі бір ақы үшін онлайн-банкингке кіруге рұқсат беруін сұрайды. Тіпті салық төлеуге келіседі, алайда іс жүзінде кәсіпкер тақырға отыруы ықтимал.

"Жеке кәсіпкерлікті жалға алғандар қымбат тауарлар "сатылатын" онлайн-парақшалар ашады. Олар сатып алушыларға шот-фактура ұсынып, төлемді қашықтан қабылдайды, бірақ тауарды жеткізбейді", – деп жазады Stopfake хабарламасында.

Осылайша алаяқтарға алданып қалған клиенттер сотқа жүгінетіні сөзсіз, бірақ кәсіпкер алаяқтық схемасы туралы мүлдем білмегені, шотына ақша түскені әрі оның атынан бәзбіреулер сауда жасағаны анықталады.

Бұған дейін мұндай жағдайға тап болған кәсіпкерлер жауапкершіліктен босатылып, кейде тіпті сотта жәбірленуші ретінде танылған еді.

"Биыл ақпан айында өткен брифингте Шымкент қылмыстық сотының төрағасы Айнель Орақбаева өзінің жеке кәсіпкерлігін жалға беретін кәсіпкерлер қылмысқа қатысушы болып саналуға тиіс, өйткені олардың көмегінсіз алаяқтық схема жүзеге аспайтын еді деп мәлімдеді", – делінген хабарлама.

Портал ақпараты бойынша, бұған дейін Қазақстанда жеке кәсіпкерлігін үшінші тұлғаларға бергені үшін кінәлі деп танылған жағдайлар болған. Сот тыңдауы кезінде кәсіпкер біліп-білмей алаяқтық, салық төлеуден жалтару, заңдастыру я ақшаны жылыстату схемаларына қатысқаны дәлелденсе, онда ол бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Оңай табыс ізін қуған кәсіпкерлер өмір бойына алаяқ атануы ықтимал.

Сол себепті өз атыңыздан тауарлар мен қызметтерді сатуға ешкімге рұқсат бермеген абзал әрі жеке кәсіпкерлігіңізді үшінші тұлғаларға ұсынуға болмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2068914-zeke-kasipkerlikti-zalga-beru-zandy-ma/

pixel