Алматы әкімдігі жер сілкінісі салдарынан жарықтар пайда болған ғимаратты жөндеуге тиіс пе
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматыдағы жер сілкінісінен кейін жергілікті тұрғындар тұрғын үйлері қаншалықты зақымданғаны тексеру үшін 400-ге жуық өтініш берген. Мемлекет есебінен қандай шығындар өтеледі? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Жақында алматылықтар екі күшті жер сілкінісін сезген. Біріншісі қаңтардың 23-іне қараған түні, екіншісі 4 наурызда болған. Екеуі де мегаполистің өміріне, соның ішінде көппәтерлі үйлердегі шаршы метрдің бағасына әсер еткен.
Дегенмен жер сілкінісі салдарынан тұрғын үй нарығындағы баға көрсеткіштерінен бөлек, жер асты дүмпулердің салдарынан кейбір ғимараттар зақымдалғаны анықталған.
Мемлекеттік органдарға пәтерінің қаншалықты зақымданғанын тексеруді сұраған 400-ге жуық өтініш келіп түскен. Алайда Алматы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бастапқы тексеру нәтижесіне сәйкес, анықталған зақымдардың салдарынан құрылымдар опырылмайды әрі еш қауіп жоқ.
Тұрғын үй қаншалықты зақымданғанын қалай анықтауға болады
"Крыша" порталының жазуынша, тексеру жұмыстарын мегаполистің әр ауданында орналасқан арнайы комиссиялар жүргізеді. Ғимараттың зақымдалғаны жер сілкінісі салдарынан болғанын да тек олар растай алады. Мұндай комиссиялар тұрғындардан өтініш түскеннен кейін ғана тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Комиссиялардың жұмысын үйлестіру үшін мына телефон нөмірлері арқылы қоңырау шалу қажет:
- Алатау ауданы: 8 777 823 3071;
- Алмалы ауданы: 8 775 072 5629;
- Әуезов ауданы: 8 705 555 9092;
- Бостандық ауданы: 8 777 966 9888;
- Жетісу ауданы: 8 700 707 0078;
- Медеу ауданы: 8 707 415 5929;
- Наурызбай ауданы: 8 708 346 6020;
- Түрксіб ауданы: 8 747 139 9360.
Шақырылған жерге шыққан кезде сарапшылар ғимаратты тексереді. Тексеру нәтижелері қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына жіберіліп, егжей-тегжейлі сараптаманы қажет ететін ғимараттардың тізімі жасалады.
Бұл мақсатта ғимараттарды техникалық және сейсмикалық тексеруге тиісті лицензиясы бар ұйымдар жұмылдырылады. Осылайша келтірілген залал туралы есеп құрылады.
Сондай-ақ ақауды анықтау мақсатында сараптама жүргізіледі және ғимарат қаншалықты зақымданғанына қарай оның зақымдалу себептері анықталады. Тексеру нәтижелері бойынша мамандандырылған ұйым ғимаратты пайдалануды жалғастыру бойынша ұсыныстар айтады.
Айта кетейік, мемлекет барлық келтірілген залал түрін жөндемейді. Мысалы, жер сілкінісі салдарынан жеке тұрғын үй зақымдалса, жөндеу жұмыстары толық меншік иесінің мойнына жүктеледі. Жер үй иелеріне мемлекет тарапынан өтемақы қарастырылмаған.
Сондай-ақ бұл ереже ішінара көпқабатты үйлерге де байланысты. Жер асты дүмпулердің салдарынан тұрғын үй құрылымының негізгі фундаменті зақымдалса, онда жөндеу жұмыстары мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Алайда көпқабатты тұрғын үйдің тек әрлеуі бүлінсе, кондоминиум, яғни тұрғындардың есебінен жөндеуге тура келеді.
Бюджет есебінен балабақшалар, мектептер, емханалар, ауруханалар және т.б. әлеуметтік нысандар ғана толық қалпына келтіріледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2071563-almaty-akimdigi-zer-silkinisi-saldarynan-zaryqtar-paida-bolgan-gimaratty-zondeuge-tiis-pe/