Қазақстандықтар енді қымбат тауарларды баж салығын төлемей тасымалдай алмайды
Жарияланған күні:
Читать на русском1 сәуірден бастап ЕАЭО азаматтары бұдан былай баж салығын төлемей шетелден қымбат тауарларды тасымалдай алмайды – тауар тасымалының түріне байланысты баж салығының шегі 200-ден 500 еуроға дейін белгіленеді. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Бұған дейін Қазақстанның және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше өзге елдердің азаматтары ЕАЭО аумағынан тыс жерлерден жеке пайдалануға арналған құны 1000 еуродан, салмағы 31 келіден аспайтын тауарларды баж салығын төлемей ЕАЭО аумағына кіргізе алған.
Бұл санкциялық қысымға ұшыраған азаматтарды қолдау мақсатында әрі ең қажетті тауарлар мен маңызды импорттық тауарлар тапшылығының алдын алу үшін уақытша енгізілген шарттар. Соңғы рет баж салығының ұлғайтылған шегінің мерзімі алты айға – 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған.
Әзірге баж салығынсыз импорт бойынша жоғарылатылған шек мерзімін ұзарту туралы ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ. Демек, дүйсенбіден бастап қазақстандықтар үшін баж салығына байланысты бұрынғы шектер қайта қабылдануы ықтимал.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешіміне сәйкес, биыл 1 сәуірден бастап мынадай тауарларды баж салығынсыз тасымалдауға болады:
- жеткізуші немесе пошта арқылы жеткізілетін, құны 200 еуроға дейінгі және/немесе салмағы 31 килограмнан аспайтын тауарларды баж салығынсыз тасымалдауға болады;
- багаж ретінде тасымалданатын (әуе қатынасын есепке алмағанда), құны 500 еуроға дейінгі және/немесе салмағы 25 килограмнан аспайтын тауарларды баж салығынсыз тасымалдауға болады.
Егер аталған шектерден асып кетсе, тауар иесі баж салығын төлеуге мәжбүр болады. Ал пошта арқылы жіберу құны жоғарылатылған соманың 15 пайыздық мөлшерлемесімен есептеледі, бірақ артық салмақ бойынша тауардың әр келісіне кемінде 2 еуро төлеу керек, жүкті тасымалдау құны болса 30 пайыздық мөлшерлемемен есептеледі, бірақ бір келінің бағасы кемінде – 4 еуро.
Еске салайық, шетелдік тауарларды тасымалдау үшін бұрынғы шектерді ертерек қайтару жоспарланған болатын. Сарапшылардың айтуынша, қабылданған уақытша шектер тым жоғары болған, өз кезегінде бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өз өндірісін дамытуға кедергі келтіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2075295-qazaqstandyqtar-endi-qymbat-tauarlardy-baz-salygyn-tolemei-tasymaldai-almaidy/