Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда биыл жыл басынан бері ай сайынғы баға өсімі алғаш рет баяулады

Опубликовано:

Калькулятор мен ақша
Калькулятор мен ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Елімізде наурыздың аяғында жылдық инфляция деңгейі 9,1 пайызға дейін төмендеген. Бұл ретте ай сайынғы баға өсімі 0,7 пайызға дейін баяулады. 2024 жылы мұндай көрсеткіш алғаш рет байқалған. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанда ай сайынғы баға өсімі баяулаған. Бұл 2024 жылы байқалған алғашқы ең төмен көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, тұтынушылық тауарлардың ай сайынғы баға өсімі 0,7 пайызға дейін төмендеген. Алайда ақпанда бұл көрсеткіш 1,1 пайыз болған еді.

Көбіне ақылы қызметтер бағасы өскен – өсім көрсеткіші 1,1 пайыз, азық-түлік тауарларының бағасы – 0,6 пайызға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 0,5 пайызға өсті.

Қай салада баға бір айдың ішінде жоғарылаған

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда көбіне тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің бағасы көтерілген. Мәселен, бір айдың ішінде шаруашылық саласында су бұру тарифі – 6,1 пайызға, электр энергиясы – 5,9 пайызға, суық су – 4,4 пайызға, орталықтан жылыту қызметі – 2,4 пайызға, ыстық су – 2,3 пайызға қымбаттаған.

Азық-түлік тауарларының ішінде көбіне көкөністер мен жемістердің бағасы едәуір өскен. Оның ішінде алма – 4,7 пайызға, жүзім, сәбіз – 2,7 пайыздан, ақ қауданды қырыққабат – 1,4 пайызға қымбаттаған. Құмшекердің де бағасы 3,2 пайызға жоғарылаған. Жұмыртқа – 1,5 пайызға, қышқыл сүт өнімдері – 1,3 пайызға, сүт, нан 0,9 пайызға қымбаттағаны тіркелді.

Ал қиярдың бағасы керісінше, – 7,1 пайызға төмендеген. Күнбағыс майы – 5,7 пайызға, басты пияз – 5 пайызға, қарақұмық жармасы – 3 пайызға арзандады.

Сондай-ақ электр-тұрмыстық ұсақ керек-жарақтардың бағасы – 3,5 пайызға, жиһаз және үйге қажетті заттардың бағасы – 2,5 пайызға, ұсталған жеңіл автокөліктердің бағасы – 1,7 пайызға, тоқыма бұйымдарының бағасы – 0,6 пайызға артқаны белгілі болды.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Павлодар облысында тіркелген – 2,1 пайызға өскен. Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш – 1,2 пайызға, Ақтөбе облысында – 1,1 пайызға артқан.

Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді – барлығының да бағасы небәрі 0,2 пайызға артқан. Астанада баға – 0,3 пайызға, Алматыда – 0,7 пайызға, Шымкентте – 0,8 пайызға ғана өскен.

Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Жетісу облысында – 1,1 пайыз, азық-түлік емес тауарлар – Шымкент қаласында 1,2 пайыз, ақылы қызметтер – Павлодар облысында 5,8% өсті.

Қазақстандағы жылдық баға өсімі
Қазақстандағы жылдық баға өсімі. Инфографика: gov.kz

Бір жылдың ішінде баға қаншалықты жоғарылаған

Биыл елімізде наурыздағы жағдай бойынша жылдық инфляция деңгейі 9,3 пайыздан 9,1 пайызға төмендеген. Ақылы қызметтер – 13,2 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 8,2 пайызға, азық-түлік тауарлары – 6,9 пайызға қымбаттаған.

Қазақстанда көбіне коммуналдық қызметтердің бағасы жоғарылаған. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда, 2023 жылғы наурыздағы жағдай бойынша көбіне су бұрудың (42 пайызға), суық судың (36,5 пайызға), ыстық судың (31,9 пайызға), орталықтан жылытудың (33,2 пайызға), қоқыс шығарудың (30,7 пайызға), электр қуатының (26,1 пайызға) тарифтері өскен.

Дәрі-дәрмектердің де бағасы жоғарылаған. Мысалы, ацетилсалицил қышқылының бағасы – 61,9 пайызға, парацетамолдың бағасы – 47,4 пайызға, белсендірілген көмірдің бағасы – 32,7 пайызға, Фенистил Нью тамшыларының бағасы 24,9 пайызға артты.

Сонымен қатар азық-түлік тауарларының бағасы көтерілген. Жүзім – 40,4 пайызға, қауданды қырыққабат – 25,9 пайызға, күріш – 22,7 пайызға жұмыртқа – 19 пайызға, алма – 18,3 пайызға қымбаттады.

Ал басты пияз (45 пайызға), қарақұмық (25,1 пайызға), күнбағыс майы (24,6 пайызға), құмшекер (10,1 пайызға) сынды азық-түлік тауарлары керісінше, арзандаған.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, наурыздағы жағдай бойынша ең көп жылдық өсім Қарағанды ​​облысында тіркелген, облыстағы тауарлар мен қызметтердің бағасы – 10,8 пайызға артқан. Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш – 10,1 пайызға, Павлодар облысында – 9,8 пайызға жоғарылады.

Дегенмен ең төменгі жылдық инфляция деңгейі Алматы облысында тіркелді – небәрі 6,5 пайызға өскен. Шымкентте бұл көрсеткіш – 9,1 пайыз, Астанада – 9,4 пайыз, Алматыда 9,7 пайыз.

Осылайша Қазақстандағы инфляцияның өсуіне көбіне коммуналдық сектордағы баға өсімі әсер еткенін байқауға болады. Тек коммуналдық қызметтердің жылдық инфляция көрсеткіші азаймай, өсе берген.

Сондай-ақ бірқатар сарапшының айтуынша, сәуірде Қазақстандағы баға өсімі жылдамдай түседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2076786-qazaqstanda-biyl-zyl-basynan-beri-ai-saiyngy-baga-osimi-algas-ret-bayaulady/

pixel