Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтардың несие өтеу мерзімі шегерілуі мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстандық банктер су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға несие өтеу мерзімін шегеруді ұсынды, сондай-ақ төлемді кешіктіргені үшін айыппұл салынбайтынына сендірді. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Биыл көктемде Қазақстанның бірқатар өңірінде су тасқынына байланысты төтенше жағдай болды. Еліміздің көптеген тұрғыны су тасқынынан зардап шекті – олардың үйлері су астында қалды.
Несиесі бар қазақстандықтар қиын жағдайға тап болуы мүмкін, өйткені олардың басым бөлігі үйлерін ипотекаға сатып алған.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) мемлекеттің табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталған шұғыл шараларын қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Банктер қандай көмек көрсетуге дайын
Қазақстандық банктер су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлерге мынадай қолдау көрсетуге дайын:
- жергiлiктi атқарушы органдардың тізіміне сәйкес, су тасқынынан зардап шеккендер қатарына кірген жеке тұлғаларға несие өтеу мерзiмi биыл 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейiн шегеріледі;
- су тасқыны салдарынан қаржылық жағдайы нашарлаған жеке тұлғаларға 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейін несие өтеу мерзімін кешіктіргені үшін өсімпұлдар мен пайыздық мөлшерлеме қосылмайды;
- су тасқыны салдарынан ауыл шаруашылығына зиян тиген жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне несие өтеу мерзімі шегеріледі.
Айта кетейік, әрбір банк несие мерзімін шегеру критерийлері мен механизмін, форс-мажорлық жағдайлардың туындауын растайтын қажетті құжаттарды өзі тексереді.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) табиғи апат салдарынан зардап шеккен қарыз алушылардың мүлкі мен жеке шаруашылығына қаншалықты зақым келгенін, кірісі мен қаржылық жағдайына қаншалықты әсер еткенін анықтау үшін әр зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізеді. Кейін жиналған ақпарат негізінде несиесі барларға қосымша қандай қолдау шараларын қабылдау керегі анықталады.
Аталған қолдаудың барлық механизмі мен қарыз алушыларға қажетті барлық көмек көрсету шаралары туралы ақпарат көп ұзамай банктердің ресми сайттарында әрі олардың әлеуметтік желідегі аккаунттарында жарияланады. Толық ақпарат алу үшін банктердің өзіне жүгінуге болады.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, банктер мен микроқаржы ұйымдарының өзара іс-қимыл процесін жеңілдету мақсатында зардап шеккен қарыз алушылар үшін өтінішті қашықтан беру қызметін енгізу көзделуде.
Бұған дейін су тасқынының салдарынан үйінен айырылғандарға жаңа баспанаға қанша ақша берілетінін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2077568-su-tasqynynan-zardap-sekken-qazaqstandyqtardyn-nesie-oteu-merzimi-segerilui-mumkin/