Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Отау" бағдарламасына қатысуға қанша өтінім қабылданды

Жарияланған күні:

Ғимарат
Тұрғын үй. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Елімізде "Отау" бағдарламасы бойынша 15 мың өтінім қабылданған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы "Отбасы банк" АҚ филиалының директоры Данагүл Түсіпова хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"7-20-25" ипотекалық бағдарламасына өзгерістер енгізілді

2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанда "Отау" жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. "Отау" бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды және "Отбасы банкі" салымшыларын баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Өтінімдер Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында онлайн қабылданады.

"Қатысушылар арасындағы қарбаласты алдын-алу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімін барынша қолайлы етті. Әлеуетті қатысушыларда екі ай уақыт бар, яғни 1 наурыздан 30 сәуірге дейінгі (қоса алғанда) аралықта.

Бұл ретте осы кезеңдегі өтінім беру күні мен уақыты маңызды емес. Сондықтан банк салымшылары өз депозиттерін толықтырып үлгере алады, салымдарын туыстарының депозиттерімен біріктіріп, бағдарламаның шарттарымен мұқият танысуға және содан кейін ғана өтінім беруге уақыттары бар", - дейді Данагүл Түсіпова.

Спикердің айтуынша, 2024 жылғы 3 сәуірдегі жағдай бойынша қабылданған өтінімдердің жалпы саны 20 662-ге жетті. Оның ішінде 15 000-ға жуық өтінім сәтті қабылданды, 5 976 өтінім бағдарлама шарттарына сәйкес келмегендіктен қабылданбаған.

Өтінімдердің 67 пайызы 35 жасқа дейінгі банк салымшыларынан қабылданғанын атап өтуге болады.

"Өтінімдердің басым бөлігі алматылықтардан – 3 087 өтінім, Астана тұрғындарынан – 2 412 өтінім, Батыс Қазақстан облысының тұрғындарынан – 1 304 өтінім, Ақтөбе облысының тұрғындарынан - 1 196 өтінім, Шымкент қаласының тұрғындарынан – 940 өтінім қабылданды. Ал Жетісу – 213 өтінім, Түркістан – 178 өтінім, Ұлытау облыстарының тұрғындарынан – 93 өтінім жолданған", - деп атап өтті Д. Түсіпова.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін тізімді саралау басталады. Яғни, қатысушылардың өтінімдері ең көп жиналған ұпайлар саны бойынша бөлінеді:

  • салым бойынша сыйақы мөлшеріне – әрбір 1 000 теңге үшін 5 балл;
  • салым мерзіміне – депозит қолданылған әрбір жыл үшін 5 балл;
  • тіркелген некеге – 10 балл;
  • балаларға – санына қарамастан 50 балл.

Егер екі қатысушының балдар саны бірдей болса, онда тізімге енгізудегі басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі.

Саралаудан кейін клиенттер "Отау" бағдарламасына енгендердің тізімін банк сайтынан көре алады. Оларға кредиттік өтінім беру үшін шамамен 40 жұмыс күні беріледі.

"Отбасы банк" осы уақытқа дейін қолданыстағы тұтынушылық кредиттерді өтеп үлгеруге кеңес береді, сонда кредитті мақұлдау мүмкіндігі көбірек болады. Төлем қабілеттілігін есептеу кезінде соңғы 6 айдағы ресми табысы ғана емес, сонымен қатар отбасына жұмсалатын міндетті шығындар, сондай-ақ нақты кредиттер бойынша төлемдер ескеріледі.

Егер бағдарламаға қатысушы кредит бойынша оң мақұлдау алса, онда оның баспана іздеу үшін 6 ай уақыты болады.

Алматыда, Астанада, Шымкентте және облыс орталықтарында тек бастапқы нарықтағы тұрғын үйді, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бойынша немесе сақтандыру құралын пайдалана отырып сатып алуға болады. Барлық басқа елді мекендерде кез келген тұрғын үйді сатып алуға болады.

Бағдарламаға қатысушы бастапқы нарықтағы тұрғын үйді otbasybank.kz порталынан ғана сатып ала алады. Бұл опция жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.

Осы платформада орналастырар алдында әрбір нысан тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын келісу процесінен өтетін болады. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен 1 шаршы метрге бағаны белгілей отырып, осы тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.

"Аудан орталықтарында, моноқалаларда және ауылдарда сатып алуға болатын кез келген тұрғын үй алғашқы нарықтан (егер ол елді мекенде болса) және қайталама нарықтан пәтер, сондай-ақ жеке үй сатып алуға болады. Нысандар банктің кепіл саясатына сәйкес келуі керек. Яғни тұрғын үй 1964 жылдан кейін және белгілі бір материалдардан салынуы керек. Мысалы, банк қаңқалы-қамысты құрылыстарды кепіл ретінде қарастырмайды", - деп түсіндірді спикер.

Алматы мен Астанадағы максималды кредит сомасы 30 млн теңгеге дейін, қалған өңірлерде 18 млн теңгеге дейінгі сомада.

"Отау" бағдарламасы бойынша бір кредит аясында тұрғын үй сатып алу және жөндеу үшін ақша алуға болады. Бірақ кредиттің жалпы сомасы рұқсат етілге ең жоғарғы сомадан аспауы маңызды. Алматы, Астана қалалары үшін 30 миллион теңгеге дейін және қалған өңірлер үшін 18 миллион теңгеге дейін.

Жөндеуге арналған қарыз сомасы кредиттің жалпы көлемінің 30 пайызынан аспауға тиіс.

"Отау" бағдарламасы бойынша кредит талаптары:

  • бастапқы жарна – 20 пайыздан бастап;
  • кредит бойынша мөлшерлеме – 9 пайыз (ЖТСМ 9,2 пайыздан бастап);
  • кредит мерзімі - 19 жылға дейін.

"Отау" бағдарламасына мына адамдар қатыса алады:

  1. Отбасы банк салымшылары, оның ішінде тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар да;
  2. Отбасы банкте кемінде 18 ай мерзіміндегі депозиті бар адамдар;
  3. Жинақ шотында өтінім беру сәтінде кемінде 1 млн теңге жинақ сомасы бар адамдар;
  4. Қатысушының жасы 18-ден 63 жасты қоса алғанға дейін;
  5. Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлік (пәтер, үй, коммерциялық жылжымайтын мүлік, кез келген нысаналы мақсаттағы жер учаскесі) болмауға тиіс;
  6. Алматы мен Астанада тұрғын үй сатып алу кезінде осы қалаларда тұрақты тіркеу болуы тиіс.

"Отау" бағдарламасын іске асырудың барынша ашықтығы үшін оның қатысушыларының тізімі (кредит алушылардың келісімімен) "Отбасы банктің" сайтында жарияланатын болады. Әр адамөтінімдерді іріктеу және балдарды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталында таныса алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2079518-otau-bagdarlamasyna-qatysuga-qansa-otinim-qabyldandy/