Несие рәсімдейтін қазақстандықтардың құқықтары қалай қорғалады: заң жобасындағы өзгерістер
Жарияланған күні:
Несие беру саласында қарыз алушылардың құқықтарын қорғайтын бірқатар жаңа түзету енгізу жоспарланып отыр. Жаңа өзгерістер несие беру және қарыздарды өтеу ережелеріне әсер етеді. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалында.
Қазақстанның несие саласында азаматтардың қауіпсіздігіне және халықтың қарыз алу деңгейіне қатысты проблемалар жеткілікті.
Осыған байланысты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға және несиелеудегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған заң жобасы дайындалғанын хабарлады.
Қазақстандықтарды не күтіп тұр
Заң жобасын шартты түрде бірнеше бөлікке бөлуге болады, олардың әрқайсысында несие саласындағы белгілі бір мәселеге назар аударылады.
Мәселен, жаңашылдық аясында 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар азаматтарға жаңа несиелер мен шағын несиелер беруге тыйым салу жоспарлануда. Бұл ретте банктерге және микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) барлық қолданыстағы тұтынушылық несиелер бойынша 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақы алуға тыйым салынады.
Айта кетейік, заң жобасында проблемалық қарыздарды өндіріп алушыларға беруге екі жылдық мораторий де енгізілген, сондықтан банктер мен микроқаржы ұйымдары айыппұлдарды, өсімпұлдарды және комиссиялық төлемдерді алып тастау қажет болса да, қарыздарын реттеуге тырысулары керек.
Сонымен қатар бұл талап алдағы уақытта да қолданылады – коллекторлық агенттіктерге несиені мерзімі өткен берешек пайда болғаннан кейін және берешекті реттеу рәсімдерін жасаған соң екі жылдан кейін ғана беруге болады.
Қазақстанда қарыздық жүктемені азайту үшін тағы қандай шаралар қабылданбақ:
- тұтынушылық несиенің максималды сомасын белгілеу: банктер үшін – 5 млн теңге, МҚҰ үшін – 3 млн теңге;
- жаңа макропруденциалдық стандартты енгізу – жалпы несие берешегінің қарыз алушының кірісіне қатынасы;
- коллекторлар өздеріне жүктелген берешекті, оның ішінде тұтынушылардың борыштық жүктемесін азайту үшін есептелген және төленбеген сыйақыны есептен шығару жолымен реттеуге тырысуы қажет;
- "жалақыға дейін" – 50 АЕК-ке дейінгі сомаға, 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін микрокредиттің ерекше түрінің күшін жою
- барлық микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін белгілеу.
- борышкерге кешіктірудің орын алғаны туралы 20 күннен кейін емес, күнтізбелік 10 күннен кейін хабарлануы тиіс;
- өндіріп алғаннан кейін қарыз алушының банк шотында қалуы тиіс ең төменгі соманы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еседен екі есесіне дейін ұлғайту (2024 жылы 86 814 теңге);
- микроқаржы омбудсменін құру және азаматтардың кез келген несиелік дауларын қарайтын және шешімдері банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық ұйымдар үшін міндетті болатын банк омбудсменінің өкілеттіктерін кеңейту;
- кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектерді жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салуды енгізу. Бұл ретте банктер балансқа өткен тұрғын үйді бұрынғы меншік иелеріне – әлеуметтік жағынан осал азаматтарға жалға бере алады;
- енді банкроттық рәсімінен өтуге ниет білдірген азаматтарға мерзімі өткен берешекті өтегенін растайтын құжатты ұсыну қажет болмайды. Реттеу рәсімінің ұзақтығы 18 айдан 12 айға дейін қысқарады;
- соттан тыс банкроттық рәсімімен қамтылатын кредиторлардың тізбесі (тарату сатысындағы қаржы ұйымдары, сондай-ақ азаматтарға құқықтары (талаптары) бар ұйымдар) кеңейтіледі;
- клиенттің биометриялық сәйкестендіруінсіз онлайн несие (банк және микроқаржы) беруге тыйым салуды енгізу. Алаяқтық несиелерді рәсімдеуді болдырмау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдары ақпаратты несиелік бюроға нақты уақыт режимінде жіберуге міндетті болады;
- егер жалған несие бәрібір берілса, онда тергеу амалдары барысында банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие бойынша сыйақыны есептеуді тоқтата тұру, ал алаяқтық әрекеттер дәлелденсе, онда қарызды толығымен есептен шығару талап етіледі;
- Сондай-ақ егер несие қарыз алушының несие алудан ерікті түрде бас тартқан жағдайда берілсе, банктер берешекті есептен шығаруға міндетті.
Осылайша, бұл жаңашылдықтардың барлығы қазақстандық қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заң жобасын парламент мәжілісі екінші оқылымда қабылдап, қазір сенатта қаралуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2082923-nesie-rasimdeitin-qazaqstandyqtardyn-quqyqtary-qalai-qorgalady-zan-zobasyndagy-ozgerister/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.