Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар үш айда 19 мыңға жуық алтын құйма сатып алды

Опубликовано:

Алтын және ақша
Алтын және ақша: pixabay.com

2024 жылдың үш айында Қазақстан тұрғындары салмағы 816,5 келі болатын 19 мыңға жуық алтын құймасын сатып алды. Бұл осы кезеңдегі қалыпты сұраныстан бірнеше есе көп. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалында.

Соңғы кездері әлемде алтынға сұраныс артып келеді. Онымен бірге баға да өсіп жатыр. Мұның бәріне саяси-экономикалық жағдайдың қиындығы себеп болып отыр.

Мұндай жағдайларда алтын өз капиталын сақтауға ұмтылған инвесторлар үшін "қауіпсіз панаға" айналады. Қазақстанда да алтынның құны өсті: жақында бұл асыл металдың 1 граммы 34 547 теңгеге жуық рекордтық бағаға жетті. Сонымен қатар ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, ел тұрғындарының алтынға деген сұранысы да айтарлықтай өскен.

2024 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан тұрғындары жалпы салмағы 816,4 келі болатын 18 969 өлшемелі алтын құймасын сатып алды. Салыстыру үшін: 2023 жылдың ішінде жалпы салмағы 1600 келі болатын 38 729 алтын құйма сатып алынды.

Яғни бар болғаны үш айдың ішінде қазақстандықтар өткен жылғы сұраныстың жартысын жауып, 2020 жылғы көрсеткішті қуып жетті – ол кезде салмағы 890 келі болатын 21 099 құйма сатылған еді.

Осылайша, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген "алтын безгек" Қазақстанға да жетіп, бұл 2024 жылдың сәуір айында байқалып келе жатқан асыл металдың бағасының шарықтап кетуіне ықпал етті.

Айта кетейік, 2024 жылдың бірінші тоқсанында, атап айтқанда, Алматы тұрғындары арасында алтынға деген жоғары сұраныс байқалды: олардың үлесі – 12 456 құйма. Одан кейінгі орында Шымкент – 2861 және Жетісу өңірі – 983. Астананың үлесіне небәрі 578 құйма кірді. Алматы облысында үш айда небәрі 1 данасы ғана сатылған.

Қазақстандағы алтын құймалардың сатылымы
Қазақстандағы алтын құймалардың сатылымы. Инфографика : ҚР Ұлттық Банкі

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Содан бері жалпы салмағы 6,2 тонна 170 543 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие түрі – 10 грамдық құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 25 пайыз – 43 039  дана. Одан кейін 100 грамдық алтын құйма – 40 004 дана (23 пайыз), 5 грамдық құйма – 39 093  дана (23 пайыз), 20 грамдық құйма – 28 581  дана (17 пайыз) және 50 грамдық құйма – 19 826 дана (12 пайыз).

Бағдарлама  басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 937,7 келі 34 569 алтын құйманы кері сатып алған.

Қазақстандағы алтын сатылымы
Қазақстандағы алтын сатылымы. Инфографика: ҚР Ұлттық Банкі

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып алуында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2093294-qazaqstandyqtar-ush-aida-19-myngga-zhuyq-altyn-quima-satyp-aldy/