Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 100 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамтылған

Опубликовано:

Еңбек кітапшасы
Еңбек кітапшасы және тиын. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстандағы 730 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтың 104,8 мыңға жуығы жұмыспен қамтылған. Олардың жұмысқа тұруы үшін қандай көмек көрсетілетінін KAZ.NUR.KZ материалынан толығырақ оқыңыздар.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда мүгедектігі бар 730,5 мың адам тұрады, ол халықтың жалпы санының 3,6%-ын құрайды, олардың 419,9 мыңы еңбекке қабілетті жаста.

Өздеріңіз білетіндей, мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет тарапынан жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер түрінде қаржылық қолдау алуға құқылы. Соңғы мәліметтер бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны 539,8 мың адамды құрады.

Дегенмен мұндай төлемдер ерекше қажеттіліктері бар адамдар алатын жалғыз қолдау емес. Қазақстанда олардың жұмысқа орналасуына көмектесетін іс-шаралар белсенді жүргізілуде.

Мысалы, жыл басынан бері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен 11,8 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылды. Бүгінгі таңда барлығы ерекше қажеттіліктері бар 104,8 мың адам жұмыспен қамтылған (27,4 пайыз).

"ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-ден 4 пайызына дейін (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болған кезде) көлемде жұмыс орындарына квота белгілейді", - деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Сондай-ақ ведомство ағымдағы жылдың үш айында квота шеңберінде мүгедектігі бар 3,9 мың адамның жұмысқа орналастырылғанын айтты.

Бұдан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылуда. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша тұрақты жұмысқа 1,4 мың адам, жастар практикасына – 95 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 421 адам, қоғамдық жұмыстарға – 4,3 мың адам, "Күміс жас" жобасы бойынша – 473 адам, "Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша 46 адам жұмысқа орналастырылды.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 12 адам, "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 1,2 мың адам қамтылды.

Естеріңізге сала кетейік, "Бастау Бизнес" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен қатар, жеке кәсібіңізді ашу үшін 1,5 миллион теңге алуға болады. Сонымен қатар бұл ақшаны мемлекетке қайтарудың қажеті жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2093867-qazaqstanda-100-myngnan-astam-mumkindigi-shekteuli-zhan-zhumyspen-qamtylgan/