Қазақстандағы 7-9 пайыздық жаңа ипотекаға қанша төлеуге тура келеді
Жарияланған күні:
Қазақстанда жаңа ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз немесе 9 пайыз болуы мүмкін. Осыған байланысты артық төлемнің жалпы сомасы айтарлықтай өзгереді. Төлем есебімен KAZ.NUR.KZ танысты.
Сәуір айының соңында Қазақстанда Наурыз ипотекасы ресми түрде іске қосылды. Ол арқылы жылдық 9 пайызбен немесе егер қатысушы халықтың әлеуметтік жағынан осал санатына жататын болса, 7 пайызбен тұрғын үй несиесін алуына болады.
Айта кетерлігі, елімізде 9 пайыздық мөлшерлемесі бар "Отау" ипотекалық бағдарламасы да жұмыс істейді. Бұған дейін сарапшылар оның аясында тұрғын үй сатып алған қарыз алушылардың төлеуі тиіс сомасын шамамен есептеген болатын.
Енді "Крыша" сарапшылары 7 пайыздық және 9 пайыздық Наурыз ипотекасы бойынша да осындай есептерді дайындады.
Екі жағдайда да 25 миллион теңге несие сомасы негізге алынды. Бұл ретте бастапқы жарна 5 миллион теңгені, яғни 20 пайызды құрайды.
Бұл жерде "Наурыз" ипотекасының "Отбасы Банкінің" кез келген бағдарламасы сияқты екі кезеңді несиелеу схемасы бар екенін ескерген жөн:
- бастапқы жарна депозитке аударылады. Қарыз алушы пәтер құнын сәйкес несие алады, үй сатып алады және төлем жасай бастайды. Оның көп бөлігі банк сыйақысын төлеуге, аз бөлігі депозитті толықтыруға кетеді;
- депозитте қарыз сомасының 50 пайызын жинақтағаннан кейін оның барлығы өтеуге кетеді, ал қарыз алушы әдеттегі тұрғын үй кредитіне ауысады, ол бойынша мөлшерлеме 3,5-5 пайызға дейін төмендейді.
Сондықтан қарыз алушы соманың 50 пайызын депозитте жинақтап үлгергенге дейін бірінші кезеңде 7 пайыз және 9 пайыз мөлшеріндегі қарыз арасындағы негізгі айырмашылықтар байқалады.
Сарапшылардың пікірінше, бұған қол жеткізу үшін 8 жыл ішінде 25 миллион теңге тұратын пәтер сатып алғанда ай сайын төлеуге тура келеді:
- 7 пайыздық несие бойынша төлемдер 210,8 мың теңгені құрайды, оның 145,8 мың теңгесі банк сыйақысын өтеуге, ал қалған 65 мың теңге депозитке түседі;
- 9 пайыздық несие бойынша төлемдер жоғары – 252,5 мың теңге, оның 187,5 мың теңгесі банкке түседі, ал 65 мың теңге депозитке жіберіледі.
8 жылдан кейін екі жағдайда да салымдарда 13,8 млн теңге жинақталады:
- 5 млн теңге – бастапқы жарна;
- 1,2 млн теңге – мемлекеттік сыйлықақы;
- 1,4 млн теңге – банктің сыйақысы;
- 6,2 млн теңге – депозитті толықтыру.
Бұл соманың барлығы несиені өтеуге кетеді, ал қалған 11 жыл ішінде қарыз алушы жылдық 3,5-5 пайызды төлеуді жалғастырады, себебі мөлшерлеме тек негізгі қарызға қолданылады.
Екі жағдайда да төлем 104 мың теңге. Қарыздың қорытындысы бойынша 7 пайызбен 19 жыл үшін жалпы артық төлем 13,9 млн теңгені, ал 9 пайызбен 17,9 млн теңгені құрайды.
Еске сала кетейік, "Наурыз" бағдарламасының шарттары:
- алғашқы жарна 20 пайыздан бастап;
- тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 7 пайыз (ЖТСМ 7,3 пайыздан 8,9 пайызға дейін);
- азаматтардың барлық санаттары үшін несие бойынша мөлшерлеме – 9 пайыз (ЖТСМ 9,3 пайыздан 11,8 пайызға дейін);
- несие мерзімі – 19 жылға дейін.
- Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында тек бастапқы баспана сатып алуға болады, ал басқа елді мекендерде шектеу жоқ.
Бағдарламаға соңғы 5 жылда жеке баспанасы жоқ қазақстандықтар ғана қатыса алатынын есте ұстаған жөн. Бұл талап олардың отбасы мүшелеріне де қатысты.
Бұл жағдайда "Отбасы банкінде" ең аз сомасы 1 миллион теңгеге депозит ашылуы керек, сонымен қатар қарыз алушының соңғы 6 айдағы ресми кірісі де болуы керек.
Осындай жағдайларға байланысты бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген көптеген қазақстандық сайып келгенде іріктеуден өте алмай қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2095016-qazaqstandagy-7-9-paiyzdyq-zhanga-ipotekaga-qansha-toleuge-tura-keledi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.