Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақшаны қалай үнемдеуге болады: 5 негізгі ереже

Опубликовано:

Ақша санап отырған адам
Ақша санап отырған адам. Көрнекі сурет: freepik.com

Табыс аз болса да, ақша үнемдеуге болады. Бұл қаржылық жағынан сенімді сезінуге көмектеседі. Тиімді үнемдеу үшін қарапайым ережелерді сақтау керек.

Ақшаны қалай дұрыс үнемдеуге болады? Ол үшін бюджетті жоспарлаңыз, шығындарды азайтыңыз және пайызын алыңыз, сауда жасар кезде мұқият ойланыңыз. Сондай-ақ нақты мақсаттар қойыңыз, бірақ сараң адамға айналмаңыз.

Шығындарды азайтып, пайдасын көріңіз

Тіпті шағын жинақ та адамның қаржылық жағдайына оң әсер етеді. Ақшаны үнемдеуді мұндай жинақ қажет болғанға дейін бастау керек.

Егер үнемдейтін ақша жоқ сияқты көрінсе және жалақыға дейін шотыңыз нөлді көрсетсе, онда бұл қате пікір болуы мүмкін. Ақша жоқ болса да, үнемдеуді қалай бастауға болады? Ең алдымен, шығындарды қайта қарастыру керек. Мысалы, интернет-провайдеріңізден немесе ұялы байланыс операторынан тиімдірек тарифтік жоспарды таңдаңыз, такси немесе кафеден тамақтануды азайтыңыз. Азық-түлік сатып алуды да қайта қарастырыңыз, қымбат әрі зиянды тағамдардан бас тарту ақшаңызды ғана емес, денсаулығыңызды да сақтауға көмектеседі.

Үнемделген ақшаны бірден басқа нәрсеге жұмсамау керек. Fortune журналы атап өткендей, кез келген уақытта толтыруға болатын депозит ашқан дұрыс. Банк төмен пайыздық мөлшерлеме ұсынса да, сіз пайда көресіз. Бұл жоқ дегенде инфляцияны жабады. Шығындарды азайтудан үнемдеген барлық ақшаңызды осындай депозитке аударып отырыңыз.

Бюджетіңізді жоспарлаңыз

Қаржылық бюджетті жоспарлау ақшаны үнемдеуде маңызды рөл атқарады. Интернетте шығындарыңызды бақылауға және жинақтарды жоспарлауға көмектесетін көптеген мобильді қосымшалар бар. Консервативті адамдардың мұндай есеп-қисапты блокнотқа жазуларына да болады.

Жүз теңге жұмсасаңыз да, әрбір шығынды жазып жүрген дұрыс. Бар болғаны 2-3 айда ақшаны көбінесе қайда жұмсап жүргеніңізді байқайсыз. Статистика құралдарын пайдаланып, қандай санаттардың ең қымбат екенін, қандай шығындарды азайтуға болатынын және азық-түлікке, коммуналдық қызметтерге, сондай-ақ жол ақысына орта есеппен қанша жұмсайтыныңызды анықтаңыз.

Ай сайынғы бюджетіңізді белгілеп алғаннан кейін үнемдеуге болатын соманы дәл анықтай аласыз. Оны жалақы алған кезде бірден қалдырып отырыңыз, мысалы, ақшаны оңай шешіп алуға болмайтын депозитке салыңыз. Осылайша жинаған ақшаңызды жұмсап жібермейсіз.

ерлі-зайыпты
Отбасылық бюджетті талқылап отырған ерлі-зайыпты. Көрнекі сурет: pexels.com

Сауда жасар кезде мұқият ойланыңыз

Nerdwallet қаржы сайты ұсынғандай, бір нәрсе сатып алар кезде шұғыл шешім қабылдамаңыз. Сіз маркетинг немесе жарнама "құрбанына" айналуыңыз мүмкін. Тауарды көре салып алуға ыңғайланған кезде аз да болсын ойланыңыз. Егер бұл қымбат зат болса, онда оны сатып алу жайлы бір айдай ойланып көріңіз.

Бұл тауардың сізге шынымен қажет екеніне көз жеткізіңіз. Сондай-ақ бұл зат туралы бір ай ойланғаннан кейін, бұл тауарға жеңілдік немесе тиімді акция пайда болуы мүмкін. Интернеттен сатып алу кезінде тауарды себетке салып қойсаңыз, біраз уақыттан кейін сатушы оған жеңілдік беруі немесе тегін жеткізу сияқты қолайлы шарттарын ұсынуы мүмкін. Үнемдеп жинаған ақшаңызды жинақ ретінде қойып қойыңыз. Ал егер тауарды сатып алмайтын болсаңыз, оған жұмсауға дайын болған ақшаңызды да жинақтаңыз.

Нақты мақсаттар қойыңыз

Forbes журналы нақты жинақтау мақсаттарын қоюды ұсынады. Бұл үнемдеудің не үшін қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қаржылық мәселелерде жақсы ынталандырады және тәртіпке келтіреді.

Бір уақытта бірнеше мақсат болуы мүмкін. Оларға қол жеткізу үшін қажетті есептік уақытқа байланысты оларды келесіге бөліңіз:

  • Қысқа мерзімді (1 жылға дейін). Мысалы, жаңа микротолқынды пеш сатып алу.
  • Орта мерзімді (1 жылдан 5 жылға дейін). Мысалы, көлікті жаңарту.
  • Ұзақ мерзімді (5 жылдан астам). Мысалы, мемлекеттік емес зейнетақыға немесе баланың жақсы университетте оқуына ақша жинау.

Барлық мақсаттарға назар аударуды ұмытпаңыз. Оларға жетуге 20 жыл қажет болса да, ұзақ мерзімді мақсаттарды да қарастырыңыз, әйтпесе сіз оларға қол жеткізе алмайсыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2096231-aqshany-qalai-unemdeuge-bolady-5-negizgi-erezhe/

pixel