Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда қандай салымдар депозитке қарағанда көбірек ақша әкеледі

Опубликовано:

Ақша салынған құты
Ақша салынған құты. Көрнекі сурет: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Банктерде тек депозит ашып қана қоймай, одан да тиімдісін – депозит сертификатын сатып алуға болады. Дегенмен оның елеулі кемшіліктері бар. Мұндай инвестицияның пайдасы мен зияны туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Банктегі депозит, әсіресе ағымдағы сыйақы мөлшерлемелерін ескерсек, жинақтарыңызды сақтаудың және көбейтудің тиімді әдісі болуы мүмкін.

Алайда қазақстандықтар үшін бұл қосымша табыс табудың жалғыз жолы емес. Депозит сертификатын банк салымының баламасы ретінде қолдануға болады.

Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорында (ҚДКБҚ) айтылғандай, мұндай өнімнің әдеттегі депозиттен кейбір артықшылықтары бар, ал ең бастысы – пайда көру мүмкіндігі жоғары.

Банктік депозит сертификаты – банк ұстаушының атына шартта белгіленген номиналды құнға, мерзімге және сыйақы мөлшерлемесіне шығаратын бағалы қағаз. Сертификаттың қолданылу мерзімі өткен кезде банк оны ұстаушыдан тиісті сыйақы төлей отырып сатып алады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай өнімдерді екі банктен сатып алуға болады: Home Credit Bank және "Банк ВТБ Қазақстан". Олардың мөлшерлемесі 16 пайыздан басталады және сертификатты сатып алу мерзімі 6 айдан 60 айға дейінгі аралықта.

Айта кету керек, депозиттік сертификат бойынша сыйақы мөлшерлемесі қазақстандық банктердегі депозиттердің көпшілігіне қарағанда айтарлықтай жоғары. Бірақ ол сертификаттың бірнеше кемшілігі үшін өтемақы есебінде жүреді.

Мысалы, кәдімгі депозиттен айырмашылығы, сертификат капиталдандырылмайды, яғни банк оны ұстаушыдан сатып алғанда бір рет қана табыс әкеледі. Сондай-ақ сертификаттан ақшаны ішінара алуға немесе оны толтыруға болмайды.

Бұл ретте банктік депозит сертификатының басқа да ерекшеліктерін есте ұстаған жөн:

  • оны тек теңге номиналымен ашуға болады;
  • егер шарт мерзімінен бұрын бұзылса, оның құны ғана қайтарылады, ал пайыздар "күйіп кетеді";
  • оның сақталуына ҚДКБҚ кепілдік бермейді – егер банк жабылса, қор сертификатты сатып алуға жұмсалған ақшаны төлемейді.

Осылайша, сертификат алу керек пе, жоқ па, әр қазақстандық өзі шешуі керек. Жоғары пайыздық мөлшерлемелердің арқасында оның иелері әдеттегі банктік салымдарға қарағанда жоғары табыс таба алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2099666-qazaqstanda-qandai-salymdar-depozitke-qaraganda-kobirek-aqsha-akeledi/