Құрылыс салушылар үшін "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" кепілдігі үлестік құрылыстың көлеңкелі нарығынан шығуға ықпал етеді
Жарияланған күні:
Жаңа ғимараттардан жылжымайтын мүлік сатып алу үрдісі қарқын алып келеді, бұл ретте қазақстандықтар үлестік құрылысқа жиі басымдық береді. Бірақ "шұңқыр сатысында" пәтер сатып алу пайда ғана емес, белгілі бір тәуекелдерді де әкелуі мүмкін екенін көбі біле бермейді. "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" АҚ (жалғыз акционері "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ) сатып алушыларды қорғау және құрылыс салушыларды қолдау мақсатында біраз шаруа атқарды. Сол жұмыстардың нәтижесін компания өкілдері өңірлік құрылыс салушылармен онлайн-кездесу кезінде таныстырды.
Үлестік құрылыстың қателері
Үлестік тұрғын үй құрылысына қатысу – қазақстандықтар арасында пәтер мәселесінің кең таралған шешімі. Бұл әдістің пайдалы тұсы – дайын жылжымайтын мүлікпен салыстырғанда, бағасы қолжетімді, айырмашылығы 30 пайыз болуы мүмкін.
Дегенмен кей жағдайда үнемдеймін деп жүріп ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. Құрылыс салушыны таңдау кезінде мәміле бекітілген стандартты нысанға сәйкес жасалған үлестік қатысу шартымен қамтамасыз етілетініне көз жеткізу керек. Заң бойынша құрылыс салушы бұл құжатты үш жағдайда ғана ала алады:
- ол тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызса;
- екінші деңгейлі банктен қаражат тартса
- немесе "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" АҚ кепілдігін алса.
Қазақстандағы үлестік құрылыстың "сұр" нарығының үлесі кеңейе түскенін айта кету керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде үлескерлер қаражатын тарта отырып салынып жатқан 581 нысан бар, оның ішінде 421 тұрғын үй кешенінің қажетті рұқсаты жоқ.
homeportal.kz жайында
Құрылыс салушыларды "көлеңкеден шығуға" және адал жұмыс істеуге ынталандыру мақсатында "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" АҚ қызметін жүйелі түрде жетілдіріп отырады, бұл туралы жиын барысында "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" АҚ заңды тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры Әйгерім Құрманбаева айтты.
"Біздің шешімдеріміздің бірі – "Тұрғын үй порталы" АЖ (homeportal.kz), бұл құрылыс салушыларға онлайн режимде "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" кепілдігін алу үшін өтінім беруге, сондай-ақ тұрғын үй құрылысын субсидиялауға өтініш жіберуге мүмкіндік береді. Қазір біздің әзірлеушілер процесстердің барынша ашықтығын қамтамасыз ету және салынып жатқан үйлер бойынша өтпелі талдау жүргізуге мүмкіндік беру үшін сервисті басқа мемлекеттік жүйелермен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр", - дейді Әйгерім Құрманбаева.
Тағы бір маңызды жаңалық – клиенттерге көрсетілетін қызметтерді цифрландыру шеңберінде "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" құрылыс мақсаттары үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктерден (ЕДБ) беретін кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тетіктері шеңберінде жасалған қолданыстағы шарттардың талаптарын өзгертуге өтінімдерді беру және қарау жөніндегі функционалды іске қосты.
Сондай-ақ түзетуге өтінімдер "Тұрғын үй порталы" АЖ-ге де беріледі.
Түзетуге өтінімді қарау нәтижелері "Тұрғын үй порталы" АЖ клиенттің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Қазақстан "Тұрғын үй Компаниясы" өкілі бірыңғай оператордың кепілдігі құрылыс салушыға мұқият тексеруден өткен жағдайда ғана берілетінін атап өтті. "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" компанияның қаржылық көрсеткіштерін, оның тәжірибесін талдайды, сот немесе салық талқылауларының жоқтығына тексеру жүргізеді, рұқсат беру және құқық белгілеу құжаттарын тексереді. Осы күнге дейін барлық кезеңде "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" 233 объектіге кепілдік берді, қазіргі уақытта портфельде 59 объект бар.
Өз мәртебесін растаған ортақ құрылыс жобалары туралы барлық ақпарат homeportal.kz ресурсында жарияланған. Осылайша әлеуетті сатып алушылар сенімді құрылыс салушыларды тауып, күмәнді жобаларға инвестиция салудан аулақ бола алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2113173-qurylys-salushylar-ushin-qazaqstan-turgyn-ui-kompaniiasy-kepildigi-ulestik-qurylystyng-kolengkeli-narygynan-shyguga-yqpal-etedi/