Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 9 пайызбен алғашқы ипотека берілді

Опубликовано:

Үйдің макеті және ақша
Үйдің макеті және ақша. Көрнекі фото: freepik.com

"Отау" бағдарламасы аясында 9 пайызбен алғашқы 300 ипотека берілді. Жаңа тұрғын үйді 230 адам алса, қалған 70 адам қайталама нарықтан сатып алды. Шарттары туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Қазақстанда биыл 1 наурыздан бастап "Отау" тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істей бастады. Өтініштер 30 сәуірге дейін қабылданған болатын.

Оның аясында ел азаматтары 9 пайызбен ипотека алды. Бұған дейін бағдарламаға қатысуға 25 мың үміткердің ішінен 8 мың адам іріктеліп алынғаны белгілі болған еді.

Ипотека операторы – "Отбасы банкі" өкілдерінің хабарлауынша, алғашқы 300 қазақстандық тұрғын үй несиесін алып үлгерді.

"Алғашқы 230 несиені бастапқы нарықтан тұрғын үй сатып алған қазақстандықтар алды. Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарының тұрғындары жаңа пәтерлерінде қоныс тойын тойлауға дайындалуда", - деп хабарлады банктен.

Тағы 70 адам қайталама нарықтан баспана алуға ипотекалық несие рәсімдеді. Мұндай мүмкіндікті моноқалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары пайдалана алады.

Банк өкілдері сондай-ақ алғашқы қарыз алушылардың портретін де сипаттап берді: көп жағдайда бұл отбасылы және балалары бар 32 жастағы қазақстандық азамат. Ең жас қатысушы небәрі 22 жаста.

Ақша және үйдің моделі
Ақша және үйдің моделі. Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Несие алуға өтінім беріп үлгермеген бағдарламаға қатысушылар оны ағымдағы жылдың 12 шілдесіне дейін тапсырулары тиіс. Мақұлданса, банк баспана тауып, сатып алуға 6 ай уақыт береді.

Алматы, Астана, Шымкент және облыс орталықтарының тұрғындары үшін "Баспана Маркет" порталынан табуға болатын бастапқы нарықтағы баспана ғана қолжетімді. Қазіргі уақытта ол жерде 9169 пәтерге 320 нысан бар, оның 939-ы тапсырысқа қойылған.

Несиенің ең жоғары сомасы Алматы мен Астана үшін 30 миллион теңге, ал басқа өңірлер үшін 18 миллион теңге. Ипотеканы 19 жылға алуға болады.

Еске сала кетейік, "Отбасы банкінде" 1 млн-нан басталатын сомада кемінде 18 айлық депозиті бар қазақстандықтар ғана "Отау" ипотекасының қатысушысы бола алатынын есте ұстаған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2123535-qazaqstanda-9-paiyzben-algashqy-ipoteka-berildi/