Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы неге көтерілді: отандық экономист пікір білдірді
Жарияланған күні:
Маусым-шілде айларында теңге бағамы долларға шаққанда құнсызданып, 1 долларға 440-тан 480 теңгеге дейін өсті. Теңгенің құнсыздануы немен байланысты? Дабыл қағуға негіз бар ма? Әр қарай валюта бағамы қалай өзгереді? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға экономист, сарапшы Сапарбай Жобаев пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
- Қазіргі таңда Қазақстандағы инфляция деңгейі алаңдарлық па?
- Қазақстанда инфляция 2022 жылы ең жоғары деңгейге жетті - 20 пайыз. Биыл 8-9 пайыз болып жатыр. Мәселен экономикалық көрсеткіштері жақсы елдерде инфляция нөлге жақын, Еуропадағы, Жапониядағы инфляция 1-2 пайыздан аспайды. Біз тамақ, киім, көлік деген нарықтағы сұранысқа ие өнімдерді өзімізде өндірмейміз, көп нәрсені шетелден аламыз. Импорт көп те, экспорт аз. Сондай-ақ экономикамызда әлі шешілмеген мәселелер көп. Мәселен ұлттық қордың ақшасын бюджетке беріп жатырмыз. Осылар шешілмейінше, инфляция бола береді. Ал бұл бір күнде шешіле салатын мәселе емес.
- Үкімет басшысы да, Ұлттық банк төрағасы да инфляцияның баяулап келе жатқанын айтып отыр. Десек те теңге жыл өткен сайын құнсызданып жатыр деген пікір де бар. Бұған не дейсіз? Экономикалық көрсеткіштер жақсы болса, неге теңге жыл өткен сайын құнсызданып жатыр?
- Теңге мен доллардың байланысына келетін болсақ, бір доллар теңгеге шаққанда 480 теңге болып тұр. Мәселен 2015-2016 жылдарда 475-500-ге дейін барды. Кейін 420-ға тоқтады, бұл уақытша тербеліс. Ал биыл қаңтардан мамырға дейін 440 теңге болып тұрды. Кей уақытта теңгеміз құндырақ, кейде құнсызданады. Ол мұнайдың бағасына байланысты.
- Ел арасында теңге тәуелсіздік алғалы бері тек құлдырап келе жатқаны айтылып жүр. 1993 жылы 1 доллар 5 теңге 25 тиын еді. Қазір 480 теңге болып тұр. Мұнайлы Біріккен Араб Әмірліктерінде ұлттық валютасының құнын жоймағанын тілге тиек етеді...
- Біріккен Араб Әмірліктерінде, Катарда ежелден капиталистік нарықтық қатынас қалыптасқан. Олар ешқашан әлеуметтік мемлекет болған жоқ. Ол мемлекеттің иелері – негізгі халқының саны екі-үш миллиондай. Ал оларға Бангладеш, Пәкістаннан келген 7-8 миллион адам құлдың күйін кешіп отыр. Олар сол қалған халықты қанайды десек те болады. Бұл енді саясат қой. Ал бізде ондай нәрсе жоқ. Біз экономикамызды дамыту үшін "Қазақстан-2050" деген бағдарламаны орындау үшін өте көп инвестиция жасаймыз. Халықтың жағдайын ойлаймыз, әлеуметтік төлемдер көп, зейнетақы өте үлкен, бюджеттен қаржыландыратындардың айлығын көтереміз. Мәселен 1 млн-ға жуық адам бізде әлеуметтік көмек алады. 2,5 млн адам зейнетақы алады, жұмыссыздар бар. Сондықтан бізде инфляция дәрежесі кейде көбейіп кетеді, кейде тұрақты.
- Ресейдегі рубльдің біздің теңгеге шаққанда қымбаттауы экономикамызға қалай әсер етеді?
- Рубль мәселесі өте күрделі, оған баға беріп, болжам жасау да қиын. Біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде болғаннан кейін рубльдің аймағындамыз. Біздің ең үлкен экономикалық әріптесіміз – Ресей. Сондықтан біз Ресейдің рубліне, Қытайдың юанына инфляциямыз байлаулы. 12 маусымнан бастап Мәскеу қор биржасында доллар мен евро сатылмайтын болғаннан кейін рубльдің жағдайын ешкім түсінбей қалды. Әзірше банктен тыс саудадағы бағаммен ұстап тұр. Енді мұны қашанғы ұстап тұра алады? Тәуекелі көп нәрсе болып тұр. Сондықтан біз қазір Ресейдің рубліне байланысты теңгемізді де құнсыздандырдық. Осыдан бір ай бұрын бір рубль бес теңге еді. Бүгінгі күнде бір рубль бес жарым теңге. Меніңше, алты теңгеге дейін теңгені құнсыздандырады. Бір жағынан бұл біздің кәсіпкерлерге жақсы. Ресейден шығатын заттар қымбатқа келетін болған соң, біз өзіміздікін өндіруге ынталы боламыз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2133723-dollardyng-tenggege-shaqqandagy-bagamy-nege-koterildi-otandyq-ekonomist-pikir-bildirdi/