Депутат Қазақстанда жалдамалы пәтердің шекті бағасын бекітуді ұсынды
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау тұрғын үйді жалға алу нарығын реттеуді ұсынды. Оның сөзінше, жалға алудың шекті бағасын анықтап, пәтер жағдайын жұлдыздармен белгілеу керек, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нұргүл Тау өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа жолдаған сауалында қазіргі уақытта елде 4,5 миллион адам тұрғын үйге мұқтаж екенін айтты. Оның 1,3 миллионы жастар екен.
"Елімізде 2 миллионнан астам азамат жалға үй алып отыр. Олардың кейбіреуі – студенттер. Ал жалға алу бағасы күннен-күнге өсіп келеді. Сондықтан мен тұрғын үйді жалға беру және алу нарығын реттейтін уақыт жетті деп санаймын. Осыған байланысты пәтерді жалға алудың шекті бағасын анықтау қажет. Жалға берілетін пәтерлердің жағдайына қарай оларды жұлдыздармен (қонақ үйлер үлгісі бойынша – ред. ескертпесі) белгілеп, хабарландыру сайттарына орналастыру керек", - деді депутат.
Сондай-ақ ол жалға берушілердің бірыңғай тізімін жасап, процесті оңтайландыру үшін жалға алу және тапсыру келісім-шартын бекітуді ұсынады.
Айта кетсек, елімізде жыл басынан бері жалдамалы тұрғын үйдің бағасы 4,5 пайызға өсті. Астана мен Шымкентте қаңтар айынан бері бағалар айтарлықтай өзгерген жоқ.
Петропавл, Орал және Атырауда сәуір айындағы су тасқыны кезінде бағалар айтарлықтай қымбаттаған. Қазір бағалар біртіндеп төмендеп келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2162967-deputat-qazaqstanda-zhaldamaly-paterding-shekti-bagasyn-bekitudi-usyndy/