Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Trade-In деген не және ол қазақстандықтарға қаншалықты тиімді: автосарапшылар пікір білдірді

Жарияланған күні:

Ескі көлік күтімі
Ескі көлік күтімі. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Көлік сатып алу кезінде көп адам ескі көлікті қалай тиімді сатуға болады деп ойланады. Осындай жағдайда Trade-In қызметі көмекке келеді. Бұл жүйе Қазақстанда танымал болып келеді. Осы тұста қазақстандық автосарапшылар бағдарламаның артықшылықтары мен кемшіліктері жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Trade-In деген не?

Trade-In – ескі көлікті автосалонға өткізіп, оның құнын жаңа көлікті сатып алу кезінде аванс ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін жүйе. Қысқаша айтқанда, көлікті автосалонға сатып, жаңа көлік сатып алуға жеңілдік алуға болады.

Қазақстанда Trade-in бағдарламасы (Қазақстанда – дилерден сатып алынған автокөлікті қосымша ақысы бар жаңасына ауыстыру) 2014 жылы ресми түрде қабылданды. Бұған дейін схеманың жұмысына қосарланған салық салу кедергі болды.

Бағдарлама қалай жұмыс істейді?

  • Автосалонға ескі көлікті апару керек.
  • Автосалонның мамандары көлікті техникалық тексеруден өткізіп, оның нарықтық құнын анықтайды.
  • Баға келісілгеннен кейін, бұл сома сатып алатын жаңа немесе қолданыста болған көлік бағасына есептеледі.

Trade-In жүйесінің басты төрт артықшылығы

  • Жылдамдық пен ыңғайлылық: Ескі көлікті сату үшін ұзақ уақыт сатып алушы іздеудің қажеті жоқ. Автосалон барлығын тез рәсімдеп береді.
  • Қауіпсіздік: Көлікті жеке тұлғаға сатқанда алаяқтық немесе заңдық мәселелер туындауы мүмкін. Trade-In жүйесінде бұл тәуекелдер автосалон жауапкершілігінде болады.
  • Бір жерде рәсімдеу: Екі көлікті өткізіп, жаңасын таңдап, барлық құжатты бір автосалонда рәсімдеуге болады.
  • Қаржы тиімділігі: Кейбір автосалондар Trade-In арқылы сатып алушыларға арнайы жеңілдіктер ұсынады, бұл жаңа көліктің бағасын азайтуға көмектеседі.

Кемшіліктері де жоқ емес

  • Нарықтық бағадан төмен Автосалондар клиенттің көлігін нарықтық бағадан төмен бағалайды, себебі олар оны қайта сатумен айналысады. Егер клиент жоғары бағаға сатқысы келсе, жеке сатып алушы іздегені дұрыс.
  • Көліктің жай-күйіне байланысты шектеулер Егер көлік өте ескі немесе техникалық ақаулары көп болса, автосалон оны қабылдамауы мүмкін.
  • Аз таңдау мүмкіндігі Trade-In арқылы тек сол автосалондағы көліктерді ғана сатып ала алуға болады, ал нарықта таңдау кеңірек болар еді.
Автосалондағы мәміле жасаушылар
Автосалондағы мәміле жасаушылар. Көрнекі сурет: pexels.com

Құқықтық тұрғыдан тазалығын тексеру керек

Қазақстанның Автокөлік одағының президенті Анар Мақашева KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген пікірінде Trade-In бағдарламасы бойынша көлік алуды неге мән беру керегін түсіндірді.

"Бүгінде Қазақстанда ескі көліктерді сатып алушылар үшін үлкен проблема бар. Көліктерді құқықтық тұрғыдан тексеру өте маңызды. Көлік бағасының төмен болуы көбінесе болашақта жаңа иесіне көлікті пайдалану үшін кейбір бөлшектерді ауыстыру керек екенін білдіреді. Қайда және кімнен көлік сатып алсаңыз да, Қазақстанның Автокөлік одағы сатып алмас бұрын көлікті құқықтық тұрғыдан тазалығын және техникалық жағдайын тексеруді ұсынады", - дейді Мақашева.

Оның сөзінше, ескі көлікті жаңа көлікке тиімді түрде ауыстыру үшін осы кезеңде Қазақстан нарығындағы барлық акциялық ұсынысты қарастырып, өзіңізге ең қолайлысын таңдау қажет. Егер көлікке кепілдік берілсе, бұл сатып алушыға қосымша артықшылық береді.

"Бағдарламаның мәні өз ескі көлігіңізді (қосымша төлеммен) жаңа көлікке айырбастау. Көбірек адамдар өз көліктерін жаңартса, елдің автопаркі соғұрлым тез жаңарады", - дейді сарапшы.

"Trade-In ақшаны емес, уақытты үнемдейді"

Ал белгілі автосарапшы Азамат Ыдырысовтың айтуынша, көптеген автосалон көлікті жағдайына қарамастан қабылдай береді, ең бастысы – бағасы.

"Автосалондар қолданыста болған көліктерді қабылдағанда, оларды мұқият тексеріп, сатушының бағасын мүмкіндігінше төмендетуге тырысады. Ал сатылым кезінде кейбір ақауларды жасыруы мүмкін. Мысалы қабылдап-тапсыру актісінде "көліктің алдыңғы бөлігіне қаңқа жөндеуі жүргізілді" деп көрсетілуі мүмкін (бұл тек косметикалық бояудан бастап, алдыңғы бөлікті толық қалпына келтіруге дейінгі жұмыстарды білдіруі мүмкін). Ал техникалық тұрғыдан алғанда, Trade-In арқылы көліктерді өткізгенде, автосалондар қозғалтқышты эндоскопиялық тексеру немесе компрессияны өлшеу жұмыстарын жасамайды, ал бұл өте маңызды", - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, елімізде қазіргі уақытта адал автосалондар тізімі жүргізілмейді.

"Әрбір дилер жаңа, жүрілмеген көлікке ауысуға қызығушылық танытады және дәл осы жағдайда көптеген автосалон өте тиімді шарттар ұсынады. Мұндай тізімдер ресми түрде жүргізілмейді, бірақ заң тұрғысынан қарағанда ресми дилерлерге сенім көбірек, ал бейресми (сұр) дилерлерге сенім аз.

Trade-In – уақытты үнемдеу тәсілі, бірақ ақшаны үнемдемейді. Бір нұсқа – көлікті автосалон арқылы комиссиялық сатылымға қою. Сатылымнан кейін осы автосалоннан немесе нарықтан жаңа көлік сатып алуға болады. Жаңа көлік сатып аласың ба, әлде жүрілген көлік аласың ба, бәрібір, тексеру қажет. Көлікті сатып алудан бұрын тексеріңіз, кейін емес", - дейді ол.

Автосалондағы көлік
Автосалондағы көлік. Көрнекі сурет: pexels.com

Жалпы алғанда, Trade-In жүйесі – уақыт пен күш-жігерді үнемдеудің тиімді жолы, бірақ оның бағалық кемшіліктері бар. Әркім өз жағдайына қарай шешім қабылдауы қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2189948-trade-in-degen-ne-zhane-ol-qazaqstandyqtarga-qanshalyqty-tiimdi-avtosarapshylar-pikir-bildirdi/