Ұлттық банк өкілдері доллар бағамының күрт өсуіне байланысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Ұлттық банк өкілдері бүгін, 28 қарашада валюта нарығындағы қазіргі жағдайды түсіндіріп, мәлімдеме жасады. Бұл туралы орталық банкке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ұлттық банк өкілдерінің мәлімдеуінше, бірқатар іргелі фактордың нашарлауы аясында теңгенің айырбас бағамы АҚШ доллары үшін 500 теңгені еңсерді.
"Қазіргі уақытта биржадағы сауда-саттық 1 АҚШ доллары үшін 518-519 теңге аралығында өтіп жатыр. Кешегі күннен бастап 2,4 пайызға әлсірегендіктен, 28 қарашадағы теңгенің орташа сараланған бағамы АҚШ доллары үшін 512,58 теңге болды", - делінген орталық банк таратқан хабарламада.
Банк өкілдері сыртқы және ішкі факторлар валюта бағамына теріс әсер ететінін атап өтті.
АҚШ долларының жаһандық нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы іргелі фактордың өзгеруі аясында дамушы нарықтардағы валюталардың теріс динамикасы барлық жерде байқалады. Негізгі әлемдік валюталарға қатысты АҚШ долларының бағамын бақылайтын DXY индексі ай басынан шамамен 2,2 пайызға нығайып, 106,2 пунктке дейін өсті (2024жылдың 28 қарашасында). ЕМ валюталарының индексі ай басынан 3,0 пайызға төмендеді (2024 жылғы 28 қараша бойынша).
"Доллардың күш алуы – шикізат таурлары үшін әдеттегідей теріс фактор. Мұнай бағасының тым құбылуы, сол секілді, Д.Трамптың президенттік кезеңінде АҚШ-тан мұнай жеткізілімдерінің артуы мен мүмкін болатын сауда баждарына қатысты ұсыныстың артуына әкеледі деген экономистердің болжамдарынан пессимистік сарын байқалады", - делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Орталық банк өкілдерінің түсіндіруінше, Ресей Федерациясының қаржы секторына қарсы жаңа санкциялар енгізу аясында елдің негізгі сауда серіктестерінің бірінің валютасы – Ресей рублі әлсірей түсті. Осылайша, биржада юань/рубль жұбының бағамы юань үшін 15,1 рубльге жетіп, қараша айының басынан бастап 11,2 пайызға әлсіреді. Forex Халықаралықвалюта нарығындағы доллардың айырбас бағамы 1 доллар үшін 114,5 рубльден асты, ал рубль айдың басынан бастап 18 пайызға әлсіреді.
"Сонымен қатар ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және ұсыныстың шектелуі, оның ішінде айырбас бағамының психологиялық деңгейін еңсеру аясында байқалды. Мәселен, осы жылдың қараша айында сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 238 млн АҚШ долларына тең болды, бұл өткен жылдың қараша айынан (193 млн АҚШ доллары) 1,5 есеге жуық және тамыз-қыркүйек айларындағы сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемінен едәуір жоғары", - делінген хабарламада.
Ұлттық банк өкілдерінің түсіндіруінше, осы аталған факторлардың жиынтығы теңге бағамына қысым жасайды, жекелеген кезеңдерде сауда-саттық барысында алып-сатарлық қысымға жағдай жасай отырып, валюта нарығындағы теңгерімді бұзғаны және өтімділіктің төмендігі байқалады.
"Тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау, теңгенің айырбас бағамының артық құбылмалылығын тегістеу үшін және шетел валютасын ұсынуды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізеді.
Ұлттық банк валюта нарығындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізеді. Еркін бағам құру режимі жағдайында Ұлттық банк айырбас бағамының қандай да бір деңгейіне бағытталмайды және оның трендіне кедергі келтірмейді, оның қалыптасуы іргелі факторларға сәйкес одан әрі іске асырылатын болады.
Қаржылық тұрақтылық тәуекелдері және іргелі факторларға сәйкес келмейтін айырбас бағамының шамадан тыс құбылмалылығы туындаған жағдайда, Ұлттық банк әділ бағам түзілуін қалпына келтіру және валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын", - деп мәлімдеді банк өкілдері.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның валюта айырбастау пункттерінде 28 қарашада бір доллардың бағасы 527 теңгеге жеткенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2193807-ulttyq-bank-okilderi-dollar-bagamyna-qatysty-malimdeme-zhasady/