Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресейдегі инфляция: Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені неліктен көтерді

Жарияланған күні:

Тимур Сүлейменов
Тимур Сүлейменов. Фото: ҚР Ұлттық банкі

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында неліктен бүгін, 29 қарашада базалық мөлшерлемені 14,25-тен 15,25 пайызға көтеру туралы шешім қабылданғанын түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Сүлейменовтің айтуынша, базалық мөлшерлемені көтерудің бірінші факторы – инфляция деңгейінің өсуі. Қазан айында жылдық инфляция 8,3 пайыздан 8,5 пайызға жетті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі жеделдеп, ақылы қызметтер бағасы инфляцияның негізгі қозғаушы күшіне айналды.

"Қазан айында баға өсімі 0,9 пайызға жетті, бұл орташа тарихи көрсеткіштен (0,7 пайыз) жоғары. Шілдеден бастап базалық және маусымдық түзетілген инфляция көрсеткіштері жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл инфляциялық қысымның сақталуын және процестердің тұрақсыздығын көрсетеді. Ал халықтың инфляциялық күтулері әлі де жоғары – алдағы жылға арналған болжам – 12,5 пайыз", - деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Екінші фактор ретінде ішкі нарықтағы үрдістер аталды. Іскерлік белсенділіктің артуы, тұтынушылық сұраныстың қайта жеделдеуі мен нақты жалақының өсуі бағаға қысым тудырып отыр.

"Бөлшек сауда деректері тұтынушылық сұраныстың артқанын растайды. Бұл үрдіс бюджет шығындарының ұлғаюына және нақты жалақының өсуіне байланысты болып отыр. Сонымен қатар шикізаттық емес секторларда, әсіресе, көлік, ақпарат және байланыс салаларында, айтарлықтай өсім байқалады", - деді Сүлейменов.

Базалық мөлшерлемені арттыруға әсер еткен үшінші себеп – сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі. Оның ішінде Ресейдегі инфляция ерекше рөл атқарды.

"Ресейдегі инфляция орталық банктің болжамдарынан асып, ішкі сұраныстың жоғары болуына байланысты артып келеді. Бұл Ресей Орталық банкін ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүрлеуде. Қазақстанның басты сауда серіктесі ретінде бұл үрдіс біздің экономикаға да әсер етеді. Ал АҚШ пен ЕО-да инфляция деңгейі біртіндеп төмендеп, олардың орталық банктері саясатын жұмсартуға дайындалып жатыр", - деді төраға.

Сыртқы факторлардың қатарында мұнай бағасы да маңызды рөл атқарады. Алайда мұнай нарығындағы қазіргі жағдай мәз емес.

"Қытайдан сұраныс азайып келеді. АҚШ-тың жаңа президентінің саясатына қатысты белгісіздік бар, бірақ Америкадағы өндірістің артуына байланысты жеткізілім көлемі артады деп күтілуде. Осыны ескере отырып, базалық сценарий аясында біз Brent маркалы мұнай бағасын төмендетіп, болжамды кезеңнің соңына дейін 70 доллар деңгейінде белгіледік", - деп толықтырды ҚР Ұлттық банкінің басшысы.

Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдағанын еске саламыз. Базалық мөлшерлеме бойынша шешім банктің ресми сайтында жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2194263-reseidegi-infliatsiia-qazaqstannyng-ulttyq-banki-bazalyq-molsherlemeni-nelikten-koterdi/