Биыл Қазақстанда баспана қаншалықты қымбаттады
Жарияланған күні:
Қазақстанда баспана бағасы теңгемен есептегенде көтерілді. Алайда доллармен есептер болсақ, біршама арзандағанын байқауға болады. Бұған шетел валютасы бағамының құбылуы әсер еткен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы қарашадағы мәліметіне сәйкес, Қазақстан жылжымайтын мүлік нарығында жоғары белсенділік байқалады. Қараша айында баспана сату, сатып алу бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 24,3 пайызға ұлғайған.
Сонымен бірге баға да көтерілген:
- Қазақстанда жаңа баспананың бір шаршы метрі орташа есеппен 499 257 теңге болған, яғни бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,4 пайыз қымбат;
- қолданыстағы пәтерлердің бір шаршы метрі орташа есеппен 511 717 теңге болған, яғни ол да 3,4 пайызға қымбаттаған;
- баспананы жалға беру ақысы бір жылда 7 пайызға өскен.
Жаңа салынған тұрғын үй бағасы Ақтөбеде (бір жылда 11 пайызға көтерілген), Көкшетауда (10,1%) және Таразда (10%) қымбат екені анықталды.
Қолданыстағы баспана нарығында Атырау (16,7), Астана және Көкшетауда (9,8) баға көтерілген. Жалға беру құны Оралда (24,2), Шымкенте (24,1), Талдықорған (20,8) және Петропавлда (20,5) артқан.
Жылжымайтын мүлікке инвестиция салу тиімді ме?
Статистика мәліметтеріне жүгінер болсақ, қолданыстағы 50 шаршы метрлік баспана нарықта былтыр 24 715 931 теңгеге бағаланды. Ал 2024 жылғы қарашада оның құны 25 585 850 теңге (3,4 пайыз артқан) болды.
Алайда Қазақстанда 2023 жылғы қарашада доллардың орташа бағамы 459,9 теңге деп есептелсе, 2024 жылғы қарашада 498,34 теңгеге жетті. Осылайша шартты пәтер құны доллармен есептегенде 53 742 доллардан 51 342 долларға дейін арзандады (минус 4,5).
Ал 2024 жылғы желтоқсанда доллар бағамы 523,72 теңгеге дейін көтерілгенін ескерсек, пәтер бағасы 48 854 доллар (минус 9,1) болып қалған.
Жаңа баспана нарығында да осындай өзгерісті байқауға болады: 52 433 доллардан 50 092 долларға дейін арзандаған. Дегенмен пәтерді жалға беру құны өзгере қоймаған (0,8).
Желтоқсанда доллар бағасы көтерілгенін ескерсек, пәтерді доллармен жалға алу 5,6 пайызға (431 долларға дейін) арзандаған.
Осылайша, бір жылда жаңа және қолданыстағы баспана бағасы теңгемен есептегенде 3,4 пайыз өскен. Бірақ доллармен есептеген уақытта шамамен 10 пайыз арзандағанын көреміз. Ал пәтерді жалға алу бағасы ұлттық валютамен есептегенде 7 пайызға көтерілсе, доллармен алғанда 5,6 пайыз арзандаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2204462-biyl-qazaqstanda-baspana-qanshalyqty-qymbattady/