Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мұнайға бай ел бензинге неге жарымайды?

Опубликовано:

Мұнайдың бай қоры мен оны өндіру көлемі артқанына қарамастан, қазақстандықтар жыл сайын жанар-жағармай тапшылығын көреді. Мұны "нонсенс" деп атаған билік енді мұнай өңдеу зауыттарын салуға уәде етті.

Қазақстанда тіркелген автомобильдер жыл өткен сайын көбейіп келеді. Статистика агенттігінің 2013 жылдың 1 қазанындағы есебінше, елде 3 миллион 680 мыңға жуық жеңіл автокөлік бар. Тіркелген көлік саны 10 жыл ішінде 3,2 есе өскен. Бірақ мұнайға бай Қазақстанда бензин бағасы үздіксіз қымбаттап, халық жыл сайын отынның кейбір түрлеріне мұқтаж болады.

85 ПАЙЫЗЫ ЭКСПОРТҚА КЕТЕДІ

2013 жылдың қорытындылары бойынша, Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 82 миллион тоннаға (2012 жылы 79,2 миллион тонна болған) жеткен. 2003 жылмен салыстырғанда, елде мұнай мен газ конденсатын өндіру шамамен 1,6 есе артқан. Мұнай мен газ конденсаты экспорты жыл сайын өсіп отырғанын Азаттық тілшісі құрастырған кестеден байқауға болады.Ішкі нарықта, әсіресе егін егу мен астық ору науқандары тұсында жанар-жағармай жетпей жатқанда, Қазақстан экспорт көлемін неліктен ұлғайта береді?Мұның бір себебін Қазақстанның бұрынғы мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың 2012 жылы наурызда өткен үкімет сағатында айтқан сөздерінен табуға болады.– Ішкі нарыққа қарағанда, экспорттан түсетін салық көлемі үлкен. Егер экспорт көлемін 7 миллион тоннаға азайтып, оны ішкі нарыққа жөнелтсек, біздің бюджет жылына 1 миллиард 800 миллион доллардан айырылады, – деді ол.Мұнай мен газ конденсаты экспорты Қазақстанға көп кіріс әкеліп отыр. Мысалы, 2011 жылы мұнай және газ конденсатын экспорттаудан 55,2 миллиард доллар ақша түсті. Бұл 2010 жылға қарағанда 49,3 пайызға көп. Ал 2012 жылы – 56,4 миллиард доллар түскен.

ТӨРТІНШІ ЗАУЫТ САЛЫНА МА?

"Елдегі мұнай өңдейтін зауыттар халықтың сапалы жанар-жағармай материалдарына сұранысын толық қамтамасыз етуге қауқарсыз, сондықтан төртінші зауыт салу қажет" деген әңгіменің шыққанына көп болды. Өткен аптада кезекті жолдауын жариялаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұнай өндіретін елде бензин, дизель отыны мен авиакеросиннің жетіспеуін "нонсенс" деп атап, "мұнай өңдейтін жаңа зауыттарды дереу салу керек" деді.

Парламент депутаты Андрей Бегенеев мұнай өңдеу зауытын Жезқазғанда салу жайлы ұсыныс айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның орталығындағы бұл қаланың тұрған жері экономикалық тұрғыда тиімді.

Президент жолдауына дейін кейбір шенеуніктер төртінші мұнай өңдеу зауытын 2019 жылға қарай пайдалануға береміз деп уәде еткен. Бірақ 2013 жылдың 25 желтоқсанында "Самұрық-Қазына" қорының атқарушы директоры Мәлік Сәлімгереев "Қазір елдегі үш ірі зауытты – Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін төртінші зауыт салу қажеттігі 2025 жылға дейін тумайды" деп мәлімдеп, ізінше "жаңа мұнай өңдеу зауыты құрылысына қатысты мәселесі талқыланып жатыр" деді.

Қазір елде жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытының қайта жаңартылып, қуатын арттыру жөніндегі жұмыстары жүріп жатыр. Олар 2016 жылы аяқталуы тиіс.

Жаңғырту жұмыстары мұнай өнімдерінің сапасын Қазақстан үкіметі талап етіп отырған Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына сәйкес жақсартуға мүмкіндік бермек.

Мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу-жаңарту кезінде елде жанар-жағармай материалдарының тапшылығы тумас үшін 2013 жылдың желтоқсан айында Қазақстан мен Ресей арасында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, транзиттау және жеткізуге қатысты бірнеше құжатқа қол қойылды.

Павлодар мұнай өңдеу зауыты толығымен, ал Шымкент зауыты жартылай Ресей мұнайымен жұмыс істейді. Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарын мұнаймен қамтамасыз ету үшін Атасу-Алашаңқай мұнай құбырының соңғы пунктінде сол сапа мен көлемде Ресейге мұнай беру арқылы магистральдық құбыр жүйесіндегі Ресей мұнайын қазақстандық мұнайға ауыстыра алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/299079-mynajga-baj-el-benzinge-nege-zharymajdy/

pixel