Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақшаны қай валютада сақтаған тиімді?

Опубликовано:

Ұлттық банктің жаңа басшылығы қазақстандықтарды ақшаны теңгемен сақтауға шақырады. Бірақ доллар депозиттерінің көбейгеніне қарағанда, қазақстандықтар кеңеске құлақ аспаған сияқты.

Қолында жиған ақшасы бар кез келген адам “ақшаны қалай сақтап, қандай жолмен көбейтсем” деп ойлайды.

Кейбір адамдар ақшасын жылжымайтын мүлікке, енді біреулер антиквариат заттар, асыл тастар немесе құнды қағаздарға салуға тырысады. Бірақ мұндай инвестициялар білім мен қабілет талап ететін, тәуекелге баруды талап ететін инвестиция саналады.

Артық ақшаны банктегі депозитке салу - қазақстандықтардың арасында ең көп тараған әрі қарапайым инвестиция түрлерінің бірі. Банк банкротқа ұшыраған жағдайда Қазақстан үкіметі 5 миллион теңгеге дейінгі депозиттік салымды қайтарып беруге кепілдік беретіндіктен, мұндай салым қауіпсіз құрал есептеледі.

Әлемдік валюталардың курсы құбылып тұрған кезде банктен депозит ашқысы келетін азаматтардың алдынан ең әуелі „қай валютаны таңдаған жөн?” деген сұрақ шығады.

Қазақстан ұлттық банкі деректері бойынша, 2013 жылдың аяғында депозиттік ұйымдарда жинақталған сома 10 триллион 100 миллиард теңге болған.

Оның 3 триллион 900 миллиард теңгесі (немесе жалпы депозит сомасының 38,6 пайызы) жеке тұлғаларға тиесілі. Жеке тұлғалар 2 триллион 200 миллиард теңгені ұлттық валютамен сақтайды, ал 1 триллион 700 миллиард теңге көлеміндегі ақшаны шетел валютасымен ұстайды.Теңге бір сәтте құнсызданып шыға келген 2009 жылдың ақпанындағы девальвацияға дейін де, одан кейін де теңге құны онша ауытқымаған. Мұны теңгенің негізгі әлемдік валюталар мен Қазақстанмен көршілес елдердің валюталарына шаққандағы бағамын көрсететін соңғы 10 жылдағы көрсеткіштерден байқауға болады.

Соңғы 10 жылда теңгенің долларға шаққандағы бағасы 11,8 пайызға құнсызданды. Ал 2014 жылдың қаңтар-ақпан айларында 1 пайызға арзандаған. 10 жылда теңгенің еуроға шаққандағы құны - 19,5 пайызға, қытай юанына шаққанда - 50,4 пайызға, Ресей рубліне шаққанда 1,3 пайызға арзандады. Тек ағылшын фунт стерлингіне шаққандағы құны ғана 4,5 пайызға нығайды. Яғни 10 жыл бұрын ақшасын Қытай юанына салған адам көп ұтар еді (Қазақстан банктерінде алым түрінде әзірше юаньды қабылдамайды).10 жылда Қазақстанның депозиттік ұйымдарындағы жеке тұлғалардың салымы 445 миллиард теңгеден 3 триллион 900 миллиард теңгеге дейін, яғни 8,8 есе өскен.

Банктер депозиттік салымдарды көбейту үшін азаматтарға жоғары пайыз төлеуге уәде етеді. Ал дағдарыс алдындағы жылдары банктердің депозиттік сыйақы мөлшерлемесі 10 пайыздан асатын.

Халықтың салымдарын кепілдендіру қоры соңғы кезде теңге салымы бойынша сыйақы мөлшерлемесін 9 пайыз шамасында, ал шетел валютасы бойынша 4,5 пайыз деңгейінде белгілеуді ұсынады. Бірақ пайызы азайғанымен, депозиттік база үздіксіз өсіп отыр.

Белгілі бір валютаны таңдау үшін оның курсы мен жалпы экономикалық ахуалдан хабардар болған жөн.

Мамандардың болжамынша, Ресей рублі мен экономикасы тұрақсыз болып отыр. Ірі инвесторлар ақшасын доллармен ұстайды. Оның үстіне, федералды резерв жүйесі долларды нығайтуға әрекет жасап жатыр. Еуроаймақ елдерінің экономикасы жандана бастады деген болжам жасалғанымен, еуро бағамы әлі тұрақсыз.

Британ фунтының өтімділігі жоғары әрі басқа валюталарға қарағанда көп өзгеріске түсе қоймайды. Қытай экономикасы қарқынды өсіп, халықаралық төлемдерде юань көбірек пайдаланыла бастағандықтан, бұл валютаның болашағы зор деп есептеледі. Бірақ сарапшылардың ескертуінше, юань курсы дұрыс қалыптаспай отыр, әрі Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығы дағдарысқа ұшырауы мүмкін деген болжам бар.

Қазақстан билігі валюталық салымдар біртіндеп өсіп, айырбас орындары арқылы долларды қолма-қол сатып алу көлемі артқанына қарамастан (қазақстандықтар айырбас орындары арқылы ай сайын 1 миллиард 500 миллионнан 2 миллиардқа дейін доллар сатып алады), халықты ақшаны жергілікті валютада сақтауға шақырады.

Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченко ағылшынның "жұмыртқаны түрлі себетке салу қажет" деген мәтеліне сүйеніп ақшаны әртүрлі валюта мен активпен ұстауға кеңес берген еді.

Былтыр желтоқсандағы брифингінде ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов "Ақшаны қай валютада сақтаған жөн?" деген сұраққа "Ұлттық банк төрағасы ретінде оны екінші деңгейлі банктерде теңгеде ашылған депозитте сақтауға кеңес беремін. Өйткені өзіміз де қазір экономиканы дедолларизациялау саясатын (долларды ығыстыру) жүргізіп жатырмыз. Бұл - біздің экономикамыздың одан ары өсуі үшін және тиімді ақша-несие саясатын жүргізу үшін аса маңызды проблема" деген болатын.Бір қызығы, ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченко ағылшынның "жұмыртқаны түрлі себетке салу қажет" деген мәтеліне сүйеніп ақшаны әртүрлі валюта мен активпен ұстауға кеңес берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/301317-akshany-kaj-valyutada-saktagan-tiimdi/

pixel