Рубльдің әлсіреуі теңгеге қалай әсер етеді?
Жарияланған күні:
Өткенде еліміздің Ұлттық банкі 11-ші ақпаннан бастап теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан бас тартып, ұлттық валютамызды құнсыздандырған болатын.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мырза сол кезде теңге девалвациясының бір себебі Ресей рублінің құнсыздануы екенін айтып "қазір Ресей рублінің жағдайы аса қиын. Бір кеңістікте қарым-қатынас құрғандықтан, ондағы жағдай да біздің экономикамызға әсер етпей қоймайды. Былтырдан бері бүгінге дейін Ресей рублі әлсіреуін жалғастырып келеді" деген еді.
Ендеше кешелі бері Ресейдің рублі тағы 10 пайызға құнсызданып рекордтық көрсеткішке дейін жетті.
"Бұрын-соңды мұндай құнсыздану болмаған" деген халықаралық сарапшылар болашақта Ресей валютасының тағдырына қатысты оңды болжамдар айта алмай отыр.
Ал бұл үрдіс біздің теңгемізге қалай әсер етеді? Теңгенің бағамы болашақта қалай түзіледі? Алаш айнасы мұны да сараптап көруді жөн көрді.
Жалпы, сарапшылардың бір парасы "2008 жылы Грузиядағы шиеленіс пен қаржылық дағдарыс кезінде де рубль қиын кезеңді басынан кешті. Сол жолы Ресейдің Орталық банкі рубльді ұстап тұру үшін 200 миллиард доллар жұмсады. Бірақ онысы сәтсіз болды, себебі пайыздық мөлшерлеме жоғары, ал өсім қарқыны төмен болғандықтан, бұл Ресей экономикасына қомақты шығын болды.
Нақ қазір Ресейдің Орталық банкі ол жолғы қателікті жасамауға тырысып отыр. Сондықтан банк енді рубльдің құнсыздануына бөгет болмайды" деп отыр.
Ал Ресейдің "ФБК" стратегиялық талдау институтының директоры Игорь Николаев "Рубльдің құнсыздануының басты себебі – Ресейдің макроэкономикалық әлсіздігі. Бұл дәрменсіздік сақталып қана қоймай, тереңдей түседі. Біз әлдеқашан тоқыраудан құлдырауға өтіп кеткенбіз" дейді.
Рублдің бұлайша құнсыздануына қатысты пікір білдірген отандық сарапшылар былай дейді: Марал Төртенова, экономист-сарапшы: Егер Ресей мен Украина арасындағы дағдарыс тез шешімін тапса, оның зияны да азаяды. Ресей экономикалық мәселелерін реттеуге мүмкіндік алады. Украинадағы дағдарыс дұрыс шешілмесе, Ресей мен Батыстың экономикалық мәселелері көбейе береді. Сондықтан Ресей есін тез жинайды деп үміттену керек. Себебі қазірдің өзінде Ресейдің Орталық банкіне рубльді тежеп ұстап тұру арзанға соғып тұрған жоқ. Біздің экономикамыз Ресейге байланып тұрғандықтан бұл жерде Ресейдің валютасының құнсыздануы бізге әсер етпейді деуге негіз жоқ. Дегенмен, біз писсемистік болжамдарға жол бермеуіміз керек. Бұл қоғам арасында дабыра тудыратын дүние. Біздің экономикамыз тікелей мұнайдан түсетін түсіммен толығып отырғандықтан бұл жерде біз әлемдік мұнай бағасына қатысты, елге тартылып жатқан инвестицияларға қаитысты болжам жасағанымыз абзал. Егер болашақта мұнайдан түсетін түсім артса теңге бағамы да нығаймақ. Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым: - Жалпы, теңге бағамын қалыпта ұстап тұру үшін долларға тәуелділіктен арылуымыз керек. Ал біздің алтын-валюта қорының 40 пайызы доллармен жинақталып отырғанын ескерсек, бұл жерде сақтық шараларын қарастырмауға тағы болмайды. Рубльдің күн санап құнсыздануы да екі ел арасындағы саудаға кері әсерін тигізіп, бізге түсетін түсім көлемі азаяды. Экономиканың ырғақты өсу не¬гі¬зін инвестициялар легі құрайтыны даусыз. Рас, инвестициялар тасқыны келіп жатыр, мұнайдан түсетін түсім де жақсы, бірақ біз отандық кәсіпорындардың жұмысын жандандырмай долларға тәуелділіктен құтыла алмаймыз. Ендеше болашақта теңгеміз жыл өткен сайын құнсыздана түспесін десек, отандық өндірісті дамытуға барынша күш салғанымыз абзал. Ал әзірге теңгенің бағамы осы қалпында қала береді. Тек 2015 жылы бетбұрысқа талпынып, Кеден Одағы аясында сыртқы сауда айналымына ортақ валюта енуі мүмкін. Бұл ретте теңге ішкі сауда айналымында жүруі тиіс. Бірақ біртіндеп жылдар өте ортақ валюта ішкі нарыққа да енгізілуі тиіс. Қазір АҚШ-тың өзі айналымдағы долларды азайту үшін долларды алмастыратын басқа валюта шығаруға талпынып отыр. Долларға тәуелділіктен құтылу үшін болашақта бізге де осындай қадамдарға баруымызға тура келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/305157-rubldin-elsireui-tengege-kalaj-eser-etedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.