Иновацияға жұмсалған шығын көп, нәтиже аз
Жарияланған күні:
Ғаламдық инновация индексінде Қазақстан нәтижесі мардымсыз елдер қатарында қалып отыр. Бірақ инновацияны дамытуға жұмсайтын шығындар жағынан Қазақстан көш соңында емес деп жазады Азаттық.
Жуырда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасының екінші бес жылдығын жүзеге асыруға 6 триллион 600 миллиард теңге (35 миллиард доллардан аса) жұмсау жоспарланған.
Сыншылар екінші бес жылдыққа арналған бағдарлама атауынан "үдемелі" деген сын есім жоғалып кеткеніне, ал мемлекеттік ақпараттық құралдарында үйреншікті ҮИИД (үдемелі индустриялық-инновациялық даму) аббревиатурасының орнына ИИД (индустриялық-инновациялық даму) деп қолданыла бастағанына назар аударады. Кейбіреулер мұны "билік инновация енгізуге қанша тырысқанымен, бұл іс сылбыр жүріп жатыр әрі қазақстандықтардың күнделікті тұрмысына онша әсер еткен жоқ, сондықтан үдемелі даму туралы айтуға әлі ерте" деген уәжбен түсіндіреді.
Шаруа қожалығы техника тапшылығынан қиындық көріп отырған талдықорғандық фермер Арман Керімов инновация ауыл тұрмысын жеңілдеткен жоқ деп санайды.
"Мысалы, бес корпусты соқа 12 мың доллар тұрады. Мұндай "темір-терсекті" кез келген қалада жасауға болады. Ал металға бай біздің ел осындай темір-терсек шығара алмай ма? – деп қынжылады Арман Керімов.
Мысалы, бес корпусты соқа 12 мың доллар тұрады. Мұндай "темір-терсекті" кез келген қалада жасауға болады. Ал металға бай біздің ел осындай темір-терсек шығара алмай ма?
Ал ақтаулық инженер-құрылысшы Павел Романий өзі тұратын қалада инновациялар қарқынды енгізіліп жатыр деп есептейді.
"Құрылыс саласына жаңа технологиялар енгізіліп, қазір бәрін лазердің көмегімен өлшеп-сызатын болдық. Көп жаңалық енгізілген банктердің қызмет көрсетуі де өзіме қатты ұнайды", - дейді ол.
Жуырда INSEAD халықаралық бизнес-мектебі (Франция), Корнелл университеті және дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымы жариялаған ғаламдық инновациялар индексінде әлемнің 143 елінің ішінде Қазақстан 79-орынды иеленген.
Қазақстан бұл көрсеткіштер бойынша ЕАЭО (Еуразия экономикалық одағы) елдері Ресейден (49-орын) және Беларусьтен (58-орын) артта қалған. Бірақ Орталық Азиядағы көрші елдерден көш ілгері алда. Мысалы, Қырғызстан – 112, Өзбекстан – 128, Тәжікстан – 137-орында тұр. Рейтинг тізімінде Түркіменстан жоқ. Әзербайжан 101-орында.
Инновацияға жұмсалған шығын жағынан 69-орынды иеленген Қазақстан инновациялық нәтижелер көрсеткіші бойынша – 101-орында, тиімділігі жағынан – 126-орында тұр. Бұл ел білім және технологиялар саласы бойынша 82-орында, шығармашылық саласы бойынша 106-орында тұр.
Кейбір сарапшылар (мысалы, Қазақстандағы экономикалық зерттеулер институты мамандары) елдің мұншалықты төменгі сатыда қалуына Қазақстанда инновациялық процестер енді ғана қалыптаса бастауы себеп деп түсіндіреді.
Биыл мамыр айында инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев (бұрын индустрия және жаңа технологиялар министрі болған) жариялаған деректерге сәйкес, Қазақстанда инновациялық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындар үлесі 2013 жылы сегіз пайызға жеткен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады. Елдің инновациялық көрсеткіштерінің төмен екенін ресми статистика да растайды. Қазақстан статистика агенттігінің деректері бойынша, 2013 жылдың қорытындысында инновациялық өнімдердің жалпы ішкі өнімдегі (ІЖӨ) үлесі 1,69 пайызды құраған.
Азаттықпен әңгімелескен ақтаулық инженер-құрылысшы Павел Романий мен Ақтөбе қаласының тұрғыны Ұлболсын Арынғазина Қазақстанда инновациялық процестердің баяу енгізілетініне қынжылады. Романий "жаңалық тезірек енгізіледі" деп Ресейді мысалға келтірсе, Арынғазина ауылдағы тұрмыстың нашарлай түсуіне байланысты алаңдайды. Ол "жұрт ауылдан иннновация болмаған соң қашып жатыр" дейді.
Дүниежүзілік банк деректері бойынша, Қазақстанда жоғары технологиялық өнім экспортының көлемі 2011 жылы 2 миллиард доллардан сәл асқан. Бұл 406 миллиард 80 миллион доллардың инновациялық өнімін экспорттаған Қытайға қарағанда 193 есе аз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/326824-inovacziyaga-zhymsalgan-shygyn-kop-netizhe-az/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.