Ұлттық қор кәсіпкерлерді жеңілдікпен қаржыландыру үшін 50 млрд теңге бөлді
Жарияланған күні:
"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорында "Даму" Қоры мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері арасында Ұлттық қордан бөлінген 50 млрд теңге қаржыны қаржы ұйымдарына орналастыру рәсімі өтті.
Бұл қаражат түгелдей өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта бизнес нысандарын қаржыландыруға жұмсалады деп хабарлайды қордың баспасөз қызметінен.
Аталған қаражат Ұлттық Қордан "Бәйтерек" холдингінің еншілес кәсіпорны "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорына несиеге беріліп отыр. Қор өз кезегінде бұл қаржыны өзінің серіктестері болып табылатын екінші деңгейлі банктерге 20 жылға мерзім аяқталғанда толықтай бір мезетте қайтару шартымен таратты.
Келісілген шарттарға сәйкес, банктер бұл қаржыны өңдеумен айналысып жүрген шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпкерлерге бір жыл ішінде таратып беруі тиіс.
Несие кәсіпкерлерге жылдық 6 пайызбен 10 жылға беріледі. Бағдарлама аясында берілетін максималды несие көлемі 1 млрд 850 млн теңге болмақ. Кәсіпкерлер алған несие қаражатты мақсатты түрде, яғни кәсіпорынға қажетті қондырғылар сатып алуға, ескісін жаңартуға, айналымдағы қаржысын толықтыруға немесе бұрын алған несиелерін қайта қаржыландыруға жұмсаулары міндеттелген.
Қайталап айтар болсақ, бұл еліміздегі өнім өндірушілерді қолдау мақсатында Ұлттық Қордан бөлініп отырған үшінші транш. Бұған дейін, яғни алғашқы транш – 100 млрд теңге – өткен жылы сәуір айында бөлінді. Ол сол жылдың қарашасына дейін толықтай игерілді.
Ұлттық Қордың екінші траншы – 50 млрд теңгені бөлу туралы шешім жыл соңында, яғни желтоқсан айының 10-ы күні қабылданды. Қазір оны игеру әлі жалғасып жатыр.
"Ұлттық Қордан қосымша 50 млрд теңгенің бөлінуі - шағын және орта бизнес саласын қаржыландыруға жұмсалады. Осылайша, кәсіпкерлер алдағы 20 жылда өз қаржысын қоса есептегенде 176,8 млрд теңгеге өз жобаларын қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады. Болжам бойынша, 20 жыл ішінде 800-дей өндіріс орны қаржылай көмек алады. Осы мүмкіндіктің арқасында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 7,7 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 835 млрд теңгенің дайын өнімі шығарылмақ" - деп атап өтті "Даму" Қоры басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/359752-ylttyk-kor-kesipkerlerdi-zhenildikpen-karzhylandyru-yshin-50-mlrd-tenge-boldi/