СІМ өкілі: Қазақстан уран банкінен пайда көрмейді
Жарияланған күні:
Қазақстан мен МАГАТЭ аз байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойды. Үкімет өкілі сөзінше, ол банк – «Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып отырған үлесі».
Тамыздың 27-сі күні Астанада Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен МАГАТЭ (атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) бас директоры Юкия Амано аз байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойды.
Атом энергетикасының қажеттілігі үшін пайдаланылатын аз байытылған уран қоры сақталатын банк Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытында орналасады.
Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі және ресми өкілі Алтай Абибуллаев Азаттыққа берген сұхбатында бұл банкті құру жайлы шарттың жай-жапсарын түсіндірді.
Азаттық: – Бүгін қол қойылған ядролық отын банкі жөніндегі келісімнің мәні қандай?
Алтай Абибуллаев: – Қазақстан үкіметі мен МАГАТЭ арасындағы келісім бойынша Үлбі металлургия зауытының негізінде аз байытылған уран банкін құру көзделген.
Бұл банкте суық цилиндрлерде 60-тан 90 тоннаға дейін аз байытылған уран сақталады. 60-90 тонна дегеніміз – 1000 мегаватт электр қуаты.
Осы отынмен бір атом электр станциясы 1 миллион халқы бар қаланы үш-төрт жыл электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Кез келген мемлекет осы отынды керек етсе, МАГАТЭ арқылы осы банктен тікелей сатып ала алады.
Аз байытылған уран шығару технологиялық процесін іске қоспай-ақ отынды тікелей осы банктен алып, одан ары байытып, атом электр станциясының қажетіне қолдануына болады.
Басқа мемлекеттің саяси, экономикалық немесе басқа да қысымына, мүддесіне қарамай МАГАТЭ арқылы осы банктің аз байытылған уранын алу мүмкіндігі болады. Осы банк арқасында уранды байыту процесі анағұрлым арзандай бастайды.
Бұл уран банкі Қазақстанның меншігі емес, МАГАТЭ-нің меншігі. Қазақстан тек инфроқұрылымды береді. Халықаралық қауымдастық ядролық отын банкін салуға 150 миллион АҚШ долларын бөліп отыр.
Азаттық: – Аз байытылған уран деген не екенін түсіндіріп беріңізші.
Алтай Абибуллаев: – Аз байытылған уран – байытылу деңгейі 4,95 пайыз уран. Мүдделі тарап бұл уранды сатып алып, тағы да жоғары деңгейге – 7-8 пайызға дейін байытып, одан шыққан энергиядан электр қуатын өндіре алады.
Ал одан да жоғары – 18-20 пайызға дейін байытатын болса, атом қаруына қол жеткізуге болады. Ондай технология Ресей, Франция мен Ұлыбритания сынды мемлекеттерде бар.
Біз – тек экспорттаушы мемлекетпіз. Үлбі металлургия зауытында сақталатын аз байытылған ураннан атом бомбасын жасау мүмкін емес.
Азаттық: – Уран банкі орналасатын Үлбі металлургия зауытында қандай жұмыстар атқарылмақ?
Алтай Абибуллаев: –Бүгінгі келісімге қоса энергетика министрі Владимир Школьник мырза қосымша құжаттарға қол қойды.
Осы құжаттардың негізінде МАГАТЭ Үлбі металлургия зауытында ашылатын қойманың техникалық, сейсмикалық, инфроқұрылымдық жағынан қандай болу керектігі жөнінде Қазақстанға кеңес береді.
Осы зауыттағы төмен байытылған 60-90 тонналық уранды қай түрде сақтау керектігі туралы келісімге де қол қойылды.
Кезінде Үлбі металлургия зауытында 1200 тонна төмен байытылған уран сақталған болатын. Бұл зауыттың негізінде қойма құруға ешқандай техникалық кедергі болмайтынына сенімдеміз.
Азаттық: – Ядролық отын банкінің қызмет ету мерзімі қандай?
Алтай Абибуллаев: – Аз байытылған уран банкі қызметінің шектеулі мерзімі жоқ. Барлық техникалық алғы шарттары – инфроқұрылымдық, бақылау, қауіпсіздік және тағы басқа мәселелері қарастырылған.
Зауыттағы бейнекамералар арқылы МАГАТЭ-нің Венадағы бас пәтерінен тікелей бақылау мүмкіншілігі көзделген. Банкке келетін аз байытылған уранды МАГАТЭ-нің өзі тендер арқылы сатып алады.
Көптеген елдердің уран байытушы мекемелерінің (мысалы, Франция мен Канаданың компаниялары, соның қатарында «Қазатомпром компаниясы» да бар) осы тендерге қатысуға мүмкіндігі бар.
Әрине, бағасы, сапасы жағынан, техникалық басқа параметрлері жағынан сәйкес келетін болса, тендерді ұтып, банкке төмен байытылған уран әкеледі. Банкке уранды темір жолмен ғана әкеледі
. Әуе жолымен тасымалдауға тыйым салынған. Үлбіге дейін әкелу үшін транзит мәселесі бойынша Ресей мен МАГАТЭ-нің арасында келісім жасалды. Алдағы уақытта Қытай тарапымен шарт жасалмақ.
Екі жақтан да осы банкке аз байытылған уранды әкелу және ары қарай сатып алушы мүдделі мемлекетке шығару көлік транзит мәселесі де қарастырылған.
Азаттық: – Қазақстан бұл келісімнен не ұтады?
Алтай Абибуллаев: – Аз байытылған уран қоры сақталатын банктің Қазақстанға ешқандай экономикалық пайдасы жоқ.
Егер болашақта осы банкті құрып, инфроқұрылымды толығымен іске асырып жататын болсақ, біз де басқа уран өндіруші мемлекеттер сияқты МАГАТЭ-нің тендеріне қатысар қауқарымыз болады.
Экономикалық пайда тұрғысынан алдағы уақытта ғана жол ашылады. Бірақ біз пайда табамыз деген мақсат көздеп отырған жоқпыз.
Бұл – Қазақстанның жалпы ядролық қару-жарақты таратпау мәселесі немесе ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып отырған бірден бір үлесі. Бұл – адамзат тарихында тұңғыш рет құрылып отырған банк.
Біз Семей ядролық полигонын жаптық, дүниежүзіндегі төртінші ядролық алпауыт ядролық қарудан бас тарттық, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі келісімге қол жеткіздік.
Тағы басқа халықаралық бастамаларымыз бар. Ядролық отын банкін құру – осыларға үндес болатын келісімдердің бірі.
Бұл келісімді енді парламент бекітеді, заңда көрсетілген өзінің ратификациялау жолынан өтеді. Мемлекет басшысының қолы қойылғаннан кейін заң күшіне енеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/871540-sim-okili-qazaqstan-uran-bankinen-pay/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.