Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Теңгенің «еркіне жіберілгені» гастарбайтерлерге ауыр тиді

Опубликовано:

Қазақстанда теңге бағамы өзгергені еңбек мигранттарына да ауыр тиген. Олар ақшаларын долларға ауыстырған кезде табыстары бұрынғыдан 30 пайызға дейін азайып кететінін айтады.

Азаттық тілшісіне Алматыдағы Медеу шатқалында орналасқан құрылыс базасының жатақханасында жолыққан азамат «есімім – Халмұрат, бес жыл бұрын Өзбекстаннан жұмыс істеуге келген гастарбайтермін (еңбек мигрантымын)» деп танысты.

"Қожайын бізге тұрақты жалақы төлейді. Айлығымыз 90 мың теңгеге жуық. Әр үш ай сайын елдегі бала-шағама 1000 доллар жіберіп тұратынмын. Ол Өзбекстандағы туыстарым үшін көп ақша еді. Енді доллар қымбаттады. Бұрынғыдай 1000 емес, 700 доллар ғана жібере аламын", – дейді Халмұрат.

Оның сөзінше, сырты бетон қабырғамен қоршалған аумақтағы жұмысшылар жатақханасында Өзбекстаннан келген 30-дай адам тұрып жатыр.

Халмұрат жатақхана тегін екенін, тапқан ақшаларын тек күнделікті тамақтарына жұмсап, қалғанын үйлеріне салатынын айтады.

Теңге бағамы өзгергеніне наразы еңбек мигранттарының енді бірі – Қазақстанға алты жыл бұрын Қарақалпақстаннан келген Алтынбек.

Ол жеке меншік үйлерді жөндеу жұмысымен айналысады. Отанында жұбайы мен 2 және 4 жасар екі баласы қалған Алтынбек тапқан ақшасының 70 пайызын долларға айырбастап, отбасына жіберіп тұрады екен.

"Доллардың бағамы көтерілген сайын жеке адамдардың ақша төлеуі азайып бара жатыр. «Доллар өсіп, құрылыс материалдары қымбаттап кетті, ақша жетпейді» деген сылтаулармен барынша аз төлеуге тырысады. Істемейін десең басқа жұмыс жоқ, амалсыз келісесің. Бұдан кейін тапқан табысымды долларға айырбастаудың қажеті болмай қалды. Енді үйге теңге күйінде жібере беретін шығармын", – дейді ол.

«Бұрындары айына 150 мың теңгеге дейін алушы едім» деген Алтынбек қазір 80 мың теңгенің төңірегінде ғана табыс тауып жүргенін айтады.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жұмыс та көп, ақша да көп еді. Соңғы кездері екеуі де табылмайтын болды. Жұмыс табылғанымен ақысы өте төмен", – деп мұңаяды Алтынбек.

Қазақстанда тапқан ақшасына көңілі толмай жүрген еңбек мигрантының енді бірі – қырғызстандық Қаныбек. Бес баласы барын айтқан ол кісінің кәсібі – дәнекерлеуші.

"2007-2008 жылдары біз секілді кәсіби дәнекерлеушілердің жалақысы 150 мың теңгеден төмен болмайтын. Қазір 80-90 мың теңгеге жұмыс табылса қуанатын болдық. Доллар өскен сайын біздің табысымыз азая түседі. Өйткені теңгемен келісеміз, оны долларға айналдырғанда бір ай жүріп тапқан табысың тиын болып қалады", –дейді Қаныбек.

Қазақстанда Халмұрат, Алтынбек пен Қаныбек сияқты жүздеген мың мигрант бар. Елде соңғы бірер жылда тіркелген 2 миллионнан аса шетел азаматының 1 миллионға жуығы – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан азаматтары.

Олардың көбі Алматыда (300 мыңға жуық), Астанада (150 мыңдай), Шымкентте (80 мың), Атырауда (70 мың) тұрады.

Қазақстанда теңге бағамының еркіне жіберілгені көбі қара жұмыс істеп ақша табатын, күнделікті тұрмысынан артылған қаржысын еліне жіберетін мұндай еңбек мигранттарына да оңай тимеген.

Тамыздың 19-ы күні Қазақстанда бір АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 189 теңгеден 198 теңгеге көтерілген.

Араға бір күн салып, Қазақстан үкіметі ұлттық валюта бағамын еркіне жіберетінін мәлімдеген соң, теңге шамамен 30 пайызға құнсызданып, ақша айырбастайтын орындарда 1 АҚШ долларының бағасы орташа есеппен 255 теңгеге дейін қымбаттаған.

Теңге құлдыраған соң елде іле-шала кейбір тауарлар қымбаттай бастаған. Саудагерлер бағаны өсіруге мәжбүр болатындарын айтқан, ал билік бағаны негізсіз қымбаттатқандарға айыппұл салынатынын ескерткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/873266-tenhgeninh-erkine-zhiberilgeni-gasta/

pixel