Қазақстанда 7-9 пайыздық жеңілдетілген ипотеканың іске қосылатын күні белгілі болды
Опубликовано:
Читать на русском
Қазақстанда 3 қарашадан бастап 7 және 9 пайыздық мөлшерлемемен берілетін "Наурыз" ипотекасына өтінімдерді қабылдау басталады. Қатысушылардың депозитінде кемінде 2 миллион теңге болуы керек. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қазақстан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар үшін баспана алудың тиімді мүмкіндігін ұсынатын "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 2025 жылғы 3 қарашадан бастап 1 желтоқсанға дейін жүргізіледі.
Бағдарламаға Отбасы банкінің барлық салымшысы, сондай-ақ депозитінде кемінде 2 миллион теңге жинағы бар және соңғы бес жыл ішінде өзінде де, отбасы мүшелерінде де тұрғын үйі болмаған азаматтар қатыса алады.
Өтінім беру процесі толығымен онлайн форматта жүзеге асырылады. Қатысушылар Baspana Market платформасындағы жеке кабинеттері арқылы өтінім беріп, нәтижесін сол жерде бақылай алады. Өтінім беру тәртібі мен кезеңдері туралы толық нұсқаулық банк парақшасындағы "Наурыз" бөлімінде жарияланған.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, таза әрленген жаңа тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы жарна 10 пайыздан, ал әрленбеген немесе қайталама тұрғын үй үшін бастапқы жарна 20 пайыздан басталады. Сыйақы мөлшерлемесі әлеуметтік осал топтар үшін 7 пайыздан (ЖТСМ 7,1 пайыздан), басқа қатысушылар үшін 9 пайыздан (ЖТСМ 9,4 пайыздан) есептеледі.
Несие сомасының ең жоғары мөлшері өңірлер үшін — 30 миллион теңге, ал Астана мен Алматы қалалары үшін — 36 миллион теңге көлемінде белгіленген. Несие мерзімі 19 жылға дейін созылады.
Бағдарлама аясында Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек бірінші нарықтағы (жаңа) тұрғын үйлерді сатып алуға болады. Ал моноқалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін бірінші және екінші нарықтағы үйлер ұсынылады. Барлық тұрғын үй нысаны Baspana Market порталы арқылы таңдалады.
- Қазақстан үкіметі: Халық үшін арзандатылған ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғаяды
- Мемлекет қарапайым халық үшін 1 пайыздық ипотека ұсынды
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2303761-qazaqstanda-7-9-paiyzdyq-zhengildetilgen-ipotekanyng-iske-qosylatyn-kuni-belgili-boldy/