Ұлттық банк номиналы 10 000 теңгелік ескі үлгідегі банкнотаны қолдану мерзімін ұзартуы мүмкін
Опубликовано:
Қазақстанда номиналы 10 000 теңгелік ескі үлгідегі банкноталарды қолдану мерзімі ұзартылуы мүмкін, деп хабарлайды Ұлттық банкке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылдың соңына таман шығару жоспарланған 20 000 теңгені есепке алмағанда, Қазақстанда қазіргі уақытта "Сақ стиліндегі" барлық номиналдағы банкноталар айналымға шығып болған.
Бүгінгі таңда айналымда қалған ескі үлгідегі банкноталардың көлемі 1 пайыздан аз. Олар банктерге кейін де түсе береді, ал кейбір бөлігі жоғалып, сыртқа әкетілуіне немесе коллекция түрінде сақталуына байланысты қайтпауы да мүмкін.
2026 жылы номиналы 2 000 және 10 000 теңгелік банкноталар үшін айналымда қатар жүру кезеңі аяқталады:
- 10 000 теңге – 2024 жылғы 28 маусымнан 2026 жылғы 27 маусымға дейін;
- 2 000 теңге – 2024 жылғы 25 желтоқсаннан 2026 жылғы 24 маусымға дейін.
Алайда Ұлттық банк 10 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
"Себебі ол банкноталар халық пен кәсіпкерлер арасында кеңінен таралған. Оның үстіне, 2 000 мен 10 000 теңгелердің айналымда қатар болу уақыты бір мезгілде аяқталатындықтан, банк жүйесіне қосымша ауыртпалық салуы мүмкін.
Сол себепті, мерзімді ұзарту халық пен бизнеске ескі банкноталарды жаңасына біртіндеп әрі ыңғайға қарай ауыстыруға көмектеседі, сондай-ақ ескі үлгідегі банкноталардың табиғи тозуын қамтамасыз етеді", - делінген хабарламада.
Ұлттық банк айналымдағы қатарлас кезең аяқталған соң да барлық банк пен "Қазпошта" АҚ ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі ақшаларға тағы үш жыл бойы, ал Ұлттық банктің филиалдары мерзімсіз айырбастайтынын еске салды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2335794-ulttyq-bank-nominaly-10-000-tenggelik-eski-ulgidegi-banknotany-qoldanu-merzimin-uzartuy-mumkin/