Қазақстанда банк карталары 10 мың теңгеге дейін қымбаттамайды: тарифтер құнының өсетіні туралы хабарламалар фейк болып шықты
Опубликовано:
Желіде банк карталары бойынша қызмет көрсету тарифтері 9 еседен де көп сомаға қымбаттайды деген сарындағы хабарламалар таралып жатыр. Шынтуайтында, олай емес. Толығырақ KAZ.NUR.KZ-тен оқи аласыздар.
12 ақпанда әлеуметтік желіде екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) пластик карталары бойынша қызмет көрсету тарифтерін қымбаттатады деген ақпаратты кеңінен талқылап жатыр.
Мәселен, Kaspi-дегі жылдық қызмет көрсету қызметі 1995 теңгеден 10 мың теңгеге дейін артатыны айтылған. Бұл шу банк тарифтері туралы жаңартылған құжатының жариялануына байланысты туындады.
Бұл ретте мұндай құжаттарды басқа да банктер жариялаған. Олардың сомалары тіптен қорқынышты болып шықты:
- CenterCredit – жеке тұлғалар үшін шоттар ашу және жүргізу құны - 10 млн теңге;
- Home Credit Bank – шот ашу тарифі - 10 мың теңге;
- Freedom Bank – жеке тұлғалар үшін алғаш рет шот ашу құны - 1 млн тенге;
- Forte Bank – жеке тұлғаларға шот рәсімдеу құны - 10 мың теңге, ал оны жүргізу 20 мың теңге деп бекітілген.
KAZ.NUR.KZ редакциясы шын мәнінде тарифтердің қымбаттамайтынын анықтады. Ал желідегі талқылар ресми құжаттардағы ерекшеліктерге байланысты туындаған.
Қызмет көрсету құны қымбаттамаған
Банктер тарифтері туралы ақпаратты тұрақты түрде жариялап отыруға міндетті. Оның ішінде олар шекті мүмкін мөлшерлемелерді көрсетуге тиіс – бұл шартты, теориялық көрсеткіштер. Қазақстандықтарды қорқытқан да дәл осы көрсеткіштер болған.
Іс жүзінде "шекті тарифтер" қолданылмайды – оның орнына банктер өздері бекіткен тарифтер қолданылады, клиенттерге де дәл осылар хабарланады.
Мәселен, Kaspi-ге қатысты жағдайға келер болсақ, карта бойынша қызмет көрсету құны 10 мың теңге деп бұған дейін 2021 жылғы ескі құжатта да көрсетілген болатын.
Алайда, шын мәнінде, дебет карталары бойынша жылдық қызмет көрсету тарифі жылына 1 995 теңге – бұл 2017 жылы бекітілген және 2026 жылға да жарамды ставка.
Өзге банктерде де дәл осындай жағдай – олар да тек ресми шекті тарифті көрсетеді, алайда қолданыстағы шынайы қызмет құнын да атап өтеді. Бұл ЕДБ үшін заңмен бекітілген әдепкі тәжірибе.
Сол себепті банк карталары бойынша қызмет көрсету бағасы бұлайша кенеттен және он есеге жуық сомаға қымбаттамайды.
*Банк қызметі Қазақстан Республикасында лицензияланады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз