Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді
Жарияланған күні:

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25 пайыздан 16,5 пайызға дейін көтерді, деп хабарлайды орталық банкке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім қабылданғанда нақты деректерді, жаңартылған болжамдар мен инфляциялық тәуекелдердің балансын бағалау барысы ескерілді", - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметінше, инфляцияның барлық көрсеткішінде өсу байқалады.
"Жылдық инфляция ақпанда 9,4 пайызға дейін жеделдеді. Барлық компонент бойынша бағаның өсу қарқыны жеделдегені байқалады. Әсіресе қызметтер бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосып отыр. Ақпанда айлық инфляция едәуір өсіп, орташа тарихи динамикадан айтарлықтай асып түсті. Айлық базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштерінен (тиісінше, ақпанда бір жылға есептегенде – 14,2 пайыз және 16,9 пайыз) фискалдық ынталандыру және тұтынушылық кредит берудің (2024 жылдың қорытындысы бойынша жылма-жыл 33,5 пайыз өсім) шамадан асып кету жағдайында ішкі сұраныс жағынан қысымның айтарлықтай үдегені көрінеді. Сонымен бірге ақпанда халықтың инфляциялық күтулері тағы да 13,7 пайызға дейін өсті.
Ресейде инфляция қарқын ала түскендіктен, сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап біршама төмендегеніне қарамастан, әлемдегі азық-түлік бағасы әлі де жоғары деңгейде. Қазіргі уақытта бағаның жаһандық өсуі орнықты болып отыр. Инфляциялық және геосаяси тәуекелдер сақталуда және олар орталық банктердің қатаң ақша-кредит саясаты мен риторикасына негіз болды.
Негізгі сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа есеппен 1 баррель үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде сақталды. Сценарий шарттары бағаның нақты динамикасы мен мұнай нарығындағы ұсыныстың сұраныстан артуын ескере отырып қалыптастырылды.
Алдағы жылдарға инфляция болжамы жаңа факторлар ескеріле отырып көтерілді. Ол 2025 жылы 10-12 пайыз, 2026 жылы 9-11 пайыз шегінде күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция тежеуші ақша-кредит саясатының және жоспарланған салық реформасына байланысты фискалдық ынталандыруды қысқарту нәтижесі ретінде 5,5-7,5 пайыз деңгейіне дейін төмендейді.
2025-2027 жылдар аралығындағы жоғары болжам сыртқы проинфляциялық қысымның удеуіне, жанар-жағармай (ЖЖМ) бағасының өсуіне, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің ұлғаюына, сондай-ақ тұрғын-үй кешен (ТКШ) саласындағы реформалардың жалғасуына байланысты", - делінген хабарламада.
Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі және болжамды инфляциялық үдерістердің айтарлықтай жеделдеуі инфляцияның таргеттен айтарлықтай ауытқуына әкелді және жиынтық ақша-кредит шарттарын жеңілдеткен.
"Осыған байланысты қазіргі шешім аясында базалық мөлшерлемені көтеру қажет болды. Бұл қысқа және ұзақмерзімді инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға, баға өсуінің жеделдеу үрдісінің бекітілуіне жол бермеуге және инфляцияның артуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бүгінгі шешім халық табысының сатып алуға жарамдылығын сақтауға және жинақтарын қорғауға, сондай-ақ нарық қатысушыларының теңгедегі активтерге сенімін қолдауға арналған.
Базалық мөлшерлеме бойынша қазіргі шешім болашақта базалық мөлшерлемені одан ары жоғары көтеруге қажеттілігін болдырмау үшін қабылданады. Бұл инфляцияны орта мерзімді келешекте таргетке қарай орнықты түрде төмендеу траекториясына қайтаруға ықпал ететін болады. Төмен инфляцияға қол жеткізу, әлеуметтік экономикалық тұрақтылықты, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету инвестицияларды тарту, экономиканың тұрақты және сапалы өсуі үшін негіз болады", - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 11 сәуірде жарияланады.
Айта кетейік, қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 15,25 пайыз деңгейінде қалдырған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2226282-ulttyq-bank-bazalyq-molsherlemege-qatysty-sheshimin-zhariialady/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде