"Астана Моторс" Hyundai Trans Kazakhstan зауытын жаңғыртып, жаңа роботтар орнатты
Жарияланған күні:

"Астана Моторс" компаниясына қарасты Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында ауқымды модернизация болып, жаңа жабдықтар орнатылды.
2025 жылдың қаңтар және наурыз айлары аралығында дәнекерлеу, бояу және құрастыру желілерінде жаңғырту жұмыстары жүрді. Жұмыстың негізгі мақсаты локализация деңгейін ұлғайту, технологиялық процестерді оңтайландыру, жұмыс өнімділігін арттыру болды. Нәтижесінде жаңа роботтар мен қондырғылар іске қосылып, ұсақ түйінді құрастыру әдісімен жаңа Hyundai Santa Fe моделін өндіру жолға қойылды.
"Біз Hyundai Trans Kazakhstan зауытының ауқымды өзгерістеріне 8,5 млрд теңге жұмсадық және қосымша жұмыс орындарын аштық. Роботтар ең қиын міндеттерді өз мойнына алды, ал біздің қызметкерлер қайта даярлаудан өтіп, біліктілігін арттырып, жаңа қызметке кірісті. Біз кәсіби инженерлік-техникалық кадрлардың мықты командасын дайындадық. Өз кезегінде олардың индустрия саласындағы мансаптары сәтті өсіп жатыр. Модернизация нәтижесінде зауыт өндірілетін өнімнің 50 пайыздан астам көлемін автөкөлікті ұсақ түйінді әдіспен дәнекерлеу және бояу арқылы шығара алады", - деді "Астана Моторс" негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.
Осылайша Hyundai Trans Kazakhstan автокөліктің іші-сыртын дәнекерлеу, бояу, құрастыру процесін жеделдету арқылы ұсақ түйінді өндірісті екі есеге арттырды.
Дәнекерлеу цехын жаңғырту жұмыстары барысында цехта Оңтүстік Кореядан жеткізілген Hyundai Robotics 4 дәнекерлеу роботы, 14 сервопистолет, 111 дәнекерлеу пистолеті, сонымен қатар Hyundai Santa Fe моделін дәнекерлеуге арналған кондукторлар конвейері орнатылды.

Локализацияның арқасында дәнекерлеу желісіндегі посттар саны өсіп, ондағы роботтарға күрделі дәнекерлеу жұмыстарының 30 пайызы жүктелді.
Модернизациядан кейін бояу цехындағы 6 YASKAWA (Жапония) өнеркәсіптік роботы мен шанақтарды бояу желісіне жеткізетін автоматты конвейер іске қосылды. Конвейердің механикалық бөлігі Корея Республикасында, ал электр қозғалтқыштары Жапонияда жасалған. Сондай-ақ цех аумағында катафорез желісі, герметик пен мастиканы жағу, корпусты бояу мен жылтыратуға дайындайтын өндіріс учаскілері жаңартылды.

Құрастыру цехында да өзгерістер жүргізілді. Бұл жерде SM AGV (Корея Республикасы) өндірушісінен шанақтарды автоматты түрде тасымалдауға арналған 4 робот іске қосылды. Цехта шанақтарды тасымалдауға арналған EMS (Корея Республикасы) аспалы ілгіштер бар автоматты шасси конвейер желісі, ішкі және сыртқы бөлшектерді орнату желісінің конвейері, қосымша манипуляторлар және алдыңғы әйнекке герметик жағуға арналған YASKAWA роботы орнатылды.

Жалпы алғанда 2025 жылы зауыттың жұмыс күші ұсақ түйінді өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты 1600 адамға дейін артады. Жұмысшылар жаңа дағдыларды игеріп, техникалық біліктілігін арттырып жатыр.
Еске салайық, "Астана Моторс" Алматының Индустриалды аймағында автокөлік кластерін құрды. Оның құрамына екі автокөлік зауыты, логистикалық хаб және автокомпонент өндірісі бойынша, атап айтқанда мультимедиялық жүйелер мен орындықтарды шығаратын технопарк кіреді.
Hyundai Auto Kazakhstan дистрибьюторы 2024 жалпы ел бойынша 44 218 көлік (үлесі 21,6 пайыз) сатып, екі жыл қатарынан нарықтағы көшбасшы атанды.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Hyundai ресми дилерлері 11 705 көлік сатқан. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен (9 277 бірлік) салыстырғанда 26,2 пайызға жоғары. Осылайша бренд республикадағы ең көп сатылатын 10 автокөліктің қатарында бірінші орынды иеленді. Бұл қазақстандықтардың Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан шыққан отандық автокөліктерді таңдайтынын көрсетеді.
*Серіктес материалы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2233686-astana-motors-hyundai-trans-kazakhstan-zauytyn-zhanggyrtyp-zhanga-robottar-ornatty/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде