2025 жылы Қазақстанда көпбалалы отбасыларға мемлекеттен берілетін жәрдемақы қалай өсті
Жарияланған күні:

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы өскен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар айында елімізде көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен 846 мың отбасы қамтылған. Оларға жалпы сомасы 49,5 млрд теңге мөлшерінде қаржы төленген.
Оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 604,7 мың отбасыға (43 млрд теңге мөлшерінде), наградталған анаға берілетін жәрдемақы 241,8 мың адамға (6,5 млрд теңге мөлшерінде) төленген.
Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы жәрдемақы көлемі төмендегідей өзгерген:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленеді.
Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға артқан.
Ал наградталған анаға берілетін жәрдемақы келер болсақ, бұл жәрдемақы – "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:
- "Күміс алқа" алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қанша екенін хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2221310-2025-zhyly-qazaqstanda-kopbalaly-otbasylarga-memleketten-beriletin-zhardemaqy-qalai-osti/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.