jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Зейнетақы, жәрдемақы және жаңа айыппұлдар: 2026 жыл қазақстандықтардың өміріне қандай өзгеріс әкеледі

    Ақша санап отырған адам
    Ақша санап отырған адам. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    2026 жылы қазақстандықтарды түрлі салада бірқатар елеулі өзгерістер күтіп тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Жаңа 2026 жыл қазақстандықтардың өміріне айтарлықтай өзгеріс әкеледі. Бұл тек қаржы секторына ғана емес, сонымен қатар түрлі жаңа заңдардың қабылдануымен де байланысты. Сонымен 2026 жылы неге дайын болу керек?

    Есептік көрсеткіштер қалай өзгерді

    Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге дейін көтерілді. Бұл жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, айыппұлдардың, салықтардың және мемлекеттік баж сомаларының өсуіне әсер етеді.

    Сонымен қатар елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі де өсті. 2026 жылы ол 50 851 теңге болмақ. Бұл мүгедектік бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақы және басқа да негізгі төлемдерді есептеуге әсер етеді.

    Дегенмен ең төменгі жалақы сол қалпы қалды, оның мөлшері үшінші жыл қатарынан 85 000 теңге көлемінде болып келеді.

    Зейнетақы

    Қазақстандықтардың зейнетақы төлемдері, соның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін (БЖЗҚ) төлемдер, өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артады. Сондықтан 2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі базалық зейнетақы 35 596 теңге, ал ынтымақтық зейнетақы 69 049 теңгені құрайды.

    Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 60 004,18 теңге, бұл 34 жыл не одан да көп жұмыс өтілі бар жандарға арналған.

    Жәрдемақыға қатысты не өзгереді

    Бұрын хабарлағанымыздай, мемлекеттік жәрдемақының барлық түрі өседі. Олардың барлығы да 10 пайызға артады.

    Алғашқы үш баланың тууына байланысты берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін артады. Төртінші және одан кейінгі балалардың тууына байланысты жәрдемақы 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін артады. Көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы төрт балаға 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін және он балаға 157 000 теңгеден 173 000 теңгеге дейін артады.

    Жалпы ауруына байланысты мүгедектік бойынша жәрдемақы келесідей артады:

    • 1 топ - 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін;
    • 2 топ - 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін;
    • 3 топ - 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін.

    Әлеуметтік төлемдер

    Қазақстанда мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 2026 жылы артады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, асыраушысынан айырылу және еңбек қабілетінен айырылу бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 пайызға артады.

    Бірақ әлеуметтік төлемдердің нақты мөлшері жоқ, себебі олар әр адамға жеке есептеледі және айтарлықтай айырмашылық болуы мүмкін.

    Балаларға берілетін жәрдемақы

    Елімізде бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы мемлекеттік бала күтіміне арналған жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мүшесі емес, яғни ресми түрде жұмыс істемейтін немесе декреттік демалыста болмаған қазақстандық әйелдерге беріледі.

    Жәрдемақы мөлшері баланың реттік санына байланысты:

    • Бірінші балаға айына 5,76 АЕК (2026 жылы 24 912 теңге);
    • екінші балаға - 6,81 АЕК (29 453,25 теңге);
    • үшінші балаға - 7,85 АЕК (33 951,25 теңге),
    • төртінші және одан кейінгі балаларға - 8,9 АЕК (38 492,5 теңге) тағайындалады.

    Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын, жұмыс істейтін әйелдерге жәрдемақының орнына бала күтімі үшін әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

    Жаңа айыппұлдар

    Биыл бірқатар жаңа айыппұл енгізіледі. Мысалы жасанды интеллект жүйелерін пайдалануға байланысты бұзушылықтар үшін айыппұлдар енгізілді, соның ішінде жасанды интеллект жүйесінің иелері мен пайдаланушыларына жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұлдар салынады.

    Ал 2026 жылдың 18 қаңтарынан бастап темекі өнімдері мен энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынады, ал бұзушылықтар үшін жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер айыппұл төлейді.

    Айыппұлдар бұзушылық түріне және құқық бұзушының (жеке тұлға немесе бизнес) мәртебесіне байланысты 15-тен 400 АЕК-ке дейін, ал қайталанған бұзушылықтар үшін айыппұлдар көбейтіледі.

    "Күдік тудыратын" ақша аударымдары

    Қазақстанда азаматтардың мобильді ақша аударымдарын кезең-кезеңімен тексеру басталды. Тексеруге тек кәсіпкерлік қызметтен түскен табысы көрсетілген транзакциялар ғана ілігеді.

    Биыл төмендегі шарттардың біріне сәйкес келсеңіз, тексерістен өтуіңіз мүмкін.

    Жеке тұлғаның үш күнтізбелік айдың әрқайсысында банктегі жеке шотына кәсіпкерлік қызметке арналмаған 100 немесе одан да көп әр түрлі жеке тұлғадан ақша алуы. Көрсетілген кезеңдегі жалпы сома республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қолданыста болатын ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асады.

    Құжат алуға қандай баж төлейміз

    1 қаңтарда Қазақстандағы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 10 пайызға өскендіктен, құжаттарды өңдеу шығындары да көтеріледі. Сондықтан стандартты 36 беттік қазақстандық төлқұжат 34 600 теңге тұрады, ал 48 беттік төлқұжат 51 900 теңге тұрады.

    Бүгіннен бастап қазақстандықтар жеке куәлігін алғашқы берілген кезде тегін ала алады. Бұл өзгерістерді Ішкі істер министрлігі құжаттарды алуды жеңілдету және азаматтарға түсетін қаржылық ауыртпалықты азайту үшін жасап отыр. Дегенмен, жеке куәлікті мерзімі аяқталғанға дейін ауыстыру құны 865 теңге болады. Шетелдік азаматтың Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты да өзгеріссіз 0,2 АЕК мөлшерінде қалады.

    Ал жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу куәлігінің әрқайсысының бағасы 5 406,25 теңге. Бұл 2026 жылы жүргізуші куәлігі мен тіркеу куәлігінің бағасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары болатынын білдіреді.

    Көлікке стандартты мемлекеттік тіркеу нөмірін беру биыл 2,8 АЕК немесе 12 110 теңге тұрады.

    Кім зейнетке шығады

    2001 жылдың 1 шілдесінен бастап ер адамдар 63 жаста зейнетке шығады. Содан бері олардың зейнетке шығу жасы өзгеріссіз қалды. Алайда әйелдердің зейнетке шығу жасы 2023 жылдан бастап 61 жас болып белгіленді. Ол алдағы екі жыл бойы солай болып қала береді.

    Яғни 1965 жылы туған қазақстандық әйелдер 2026 жылы зейнетақы төлемдеріне өтініш бере алады, ал 1966 жылы туғандар 2027 жылы өтініш бере алады дегенді білдіреді. 1963 жылы туған ер адамдар да биыл зейнетке шығады.

    Жаңа Салық кодексі

    Биылғы жылдың ең көп талқыланған жаңалығы, бүгін күшіне енген қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз мөлшерінде белгіленуі. 2026 жылдан бастап дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге 5 пайыз, ал 2027 жылдан бастап 10 пайыз төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді.

    Енді салықтар саны азайтылды: бірыңғай жер салығы алып тасталды, сондай-ақ кейбір салықтар бойынша мөлшерлемелер мен алымдар саны азайтылды. Арнайы салық режимдері де жетілдірілді, енді олардың саны үшеу: жеңілдетілген салық декларациясы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін және шаруа қожалықтары үшін.

    Жеке кәсіпкерлер мобильді қосымша арқылы төлемдерді есептеп, төлей алады.

    Зейнетақы, жәрдемақы және жаңа айыппұлдар: 2026 жыл қазақстандықтардың өміріне қандай өзгеріс әкеледі

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.