Кредиттерді мерзімінен бұрын өтеу: 31 тамыздан бастап жаңа норма күшіне енеді
Опубликовано:
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушыларға кредиттерді мерзімінен бұрын өтеу тәртібі туралы, сондай-ақ 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енетін осы саладағы заңнамалық өзгерістер туралы хабарлайды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында 2025 жылғы 31 тамыздан бастап мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұл санкциялары тек заңды тұлғаларға ғана қолданылатын норма күшіне енеді. Жеке тұлғалар кредиттерді кез келген уақытта айыпақы төлемей мерзімінен бұрын өтей алады.
Бұл норма барлық шартқа, оның ішінде бұрын жасалған шарттарға қолданылады. Алайда өзгерістер күшіне енгенге дейін төленген айыппұлдар мен айыпақы қайта есептелуге немесе қайтарылуға жатпайды", - делінген агенттіктің ресми сайтында жарияланған хабарламада.
Агенттіктің мәліметінше, кредиттерді мерзімінен бұрын өтеу қарыз алушыға пайыздар бойынша артық төлемді қысқартуға және борыштық міндеттемелерді орындауды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Ол толық – барлық берешекті өтеумен немесе ішінара – белгіленген кестеден тыс соманы енгізумен болуы мүмкін. Кредитті ішінара мерзімінен бұрын өтеу кезінде ай сайынғы төлем мөлшерін сақтай отырып, кредит мерзімін қысқартуға немесе қарыз мерзімін сақтай отырып, ай сайынғы төлем сомасын азайтуға болады.
Қаржы ұйымдары заңнама шеңберінде мерзімінен бұрын өтеу тәртібін айқындауға құқылы: ең төменгі сомаларды, өтініш беру мерзімдерін және есептеу күндерін белгілеуге құқылы.
Қарыз алушыларға қайта есептеудің таңдалған әдісін банк пен алдын ала келісу, сондай-ақ қаражатты есептен шығару тәртібін, сақтандыру сыйлықақыларын қайтару және ипотека бойынша ауыртпалықты алу ерекшеліктерін нақтылау ұсынылады.
Өзгерістер күшіне енгенге дейін банктер мерзімінен бұрын өтегені үшін: алғашқы алты ай ішінде – бір жылға дейінгі мерзімге қарыздар бойынша және бірінші жыл ішінде – бір жылдан астам мерзімге қарыздар бойынша айыппұл санкцияларын қолдануға құқылы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2280081-kreditterdi-merziminen-buryn-oteu-31-tamyzdan-bastap-zhanga-norma-kushine-enedi/