jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Қазақстанда баспана саудасының ережесі өзгерді: кімдер қомақты айыппұл арқалауы мүмкін

    Салынып жатқан үй және ақша
    Салынып жатқан үй және ақша. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Елімізде баспана саудасының ережесі өзгерді. Енді құрылысы аяқталмаған нысаннан пәтер жарнамалау үшін компанияның қалтасында әкімдіктің рұқсаты немесе арнайы кепілдік болуы шарт. Талапты бұзғандарға миллиондаған айыппұл салынады, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

    Биылдан бастап елімізде үлестік құрылыс нарығына қойылатын талап қатаңдады. Енді құрылыс салушылар "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" кепілдігінсіз немесе әкімдіктің рұқсатынсыз нысанды жарнамалай алмайды. Заңды белшесінен басқандарға 1000-нан 2000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Сондықтан кез келген мәміле жасамас бұрын компанияның сенімділігін бизнес-сәйкестендіру нөмірі арқылы тексеру әрбір сатып алушы үшін алғашқы қадам болуға тиіс.

    "Кез келген үлескер, кез келген азамат құрылысы жүріп жатқан пәтерден үй алу үшін оны алдымен тексеруі керек. Бүгінгі күні ол тізімді HomePortal сайтынан көруге болады, сонымен қатар мобильдік қосымшаларда да бар. eGov мобильдік қосымшасында арнайы сервис бар. Кез келген құрылыс салушы компанияның аты БИН терсеңіз шыға келеді, үлескердің құрылыс салуға құқығы бар ма, жоқ па, қарай аласыз", - дейді "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ департамент директоры Руслан Тағаев.

    Дегенмен заңның күшеюі халық үшін жанама кедергілер де тудыруда. Мәселен, елімізде бір жарым миллионнан астам адамның банк шоттары қарыз немесе өзге де міндеттемелерге байланысты бұғатталған. Жаңа ереже бойынша баспана саудасын тек аударым арқылы жүргізу талабы дәл осы топтағы азаматтардың баспана алу мүмкіндігін шектеуі мүмкін. Құқық қорғаушылар қолма-қол есеп айырысуға тыйым салу "Азаматтық кодекстегі" еркін сауда қағидаларына қайшы келеді деп есептейді.

    "Мысалы қолма қол төлейтіндер бар, банкке сенбейтіндер бар, бізде 1 миллионнан астам халықтың банктік шоттары бұғатталған. Сол себепті кейбірі қолма қол төлемді қолданады, қолма қол қолдануды бізден әлі ешкім алып тастаған жоқ, сол себепті азаматтық құқығы бұзылады", - дейді заңгер Қуат Ауғанбек.

    Қаржылық ашықтықтың жоқтығы алаяқтардың қолын ұзартып отыр. Соңғы бір жылда елімізде "бір пәтерді бірнеше адамға сату" дерегі бойынша жүздеген қылмыстық іс тіркелді. Көбіне компаниялар "броньдау" немесе "инвестициялық келісім" деген заңсыз құжаттарды алға тартып, ақшаны қолма қол жинайды. Мұндай жағдайда құрылысқа жауапты мердігерлер мен салушылар өзара келіспей қалса, салымшы баспанасыз да, қаржысыз да қалуы ғажап емес.

    "Алаяқтық схемалардың жолын кесу үшін азаматтар барынша сақ болуға тиіс. Әсіресе құжат рәсімдеуде сенімді нотариустарды таңдап, риэлторлар мен ипотекалық брокерлердің көмегіне жүгінген абзал. Қазіргі таңда бір пәтерді бірнеше адамға қайта сату деректері жиілеп кетті. Көбіне бұл құрылыс салушы мен мердігер арасындағы келіспеушіліктен туындайды. Мысалы, жақында ғана мердігер мекеме келісімшарттың бұзылғанына қарамастан, пәтерлерді заңсыз сатып, алаяқтыққа барған. Сондықтан әрбір мәмілені мұқият тексеру қажет", - дейді брокер Дамир Байков.

    Тұрғын үй нарығындағы жаңа талаптар — "сұр" схемаларды жоюға бағытталған маңызды қадам. Бірақ заңның қатаңдығы бір жағынан ашықтық әкелсе, екінші жағынан төлем жасаудың балама жолын іздегендерге тұсау болуда.

    Қазақстанда баспана саудасының ережесі өзгерді: кімдер қомақты айыппұл арқалауы мүмкін

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.