Ақтөбе әкімі балалары оқитын ақылы мектепте "ақша жинағыш" ата-аналар туралы ашық айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласының басшысы Ілияс Испановтың балаларынан да мектепте ақша жинайтын болып шықты. Бұл туралы әкім Aktobenews.kz тілшілеріне айтып берді.
«Мектепте оқитын балаларым бар. Көбінесе, олармен келіншегім айналысады. Мектептерде бастамашыл ата-аналар болады. Бір-екі ата-ана міндетті түрде табылады. Мен оларға ашуланамын. Сыйлық алып берейік, мұғалімге тарту етейік деп бастама көтереді. Келіншегім де «не үшін жинауымыз керек» деп менен сұрап жатады», — дейді Ілияс Испанов.
Қала басшысының балалары ақылы мектепте білім алады екен.
«Түсінбейтінім, онсыз да ақылы мектепте неге ақша жинайды? Негізі, әр нәрсенің өз орны бар. Әке ретінде, ата-ана ретінде мектептерде ақша жинауға қарсымын. Ондайдың қажеті жоқ. Рас, кейбір директорлар ондай бастамашыл ата-аналарды жақсы көреді», — дейді әкім.
Ілияс Испанов мектеп директорларының кейбір шаруаларды өздігінен шешкісі келетінін жасырмады. Бір-бірінен озу үшін, рейтинг қуу мақсатында білім ордалары ата-аналардан ақша жинауға дейін баратын көрінеді.
«Бүгінде барлық жұмысты мемлекеттік тапсырыс аясында жасау керек. Ал оның өз қиындықтары бар. Кез келген шараға техникалық тапсырма әзірлей алмайды. Мектептер үлкен машина іспетті. Қазір ойға алған дүниені сол бойы жасай салу мүмкін емес», — деді әкім.
Ілияс Испановтың айтуынша, бүгінде қала бюджетінің 40 пайызы білім саласына жұмсалып жатыр.
Тағы оқыңыздар:
Ер мен әйел үйленбей тұрып бір-біріне қоюы тиіс сұрақтар
Астана әкімдігі 55 млн теңгеге "Мерседес" көлігін сатып алды
Ғалымдар қарым-қатынаста қызғаныштың пайдалы екенін мәлімдеді
Ақтөбеде 15 жастағы оқушыны зорламақ болған педофил табылмай жатыр
Жұрттың көзінше "дәрет сындырған" президенттің иті желіде жұлдыз болды (видео)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1655732-aqtobe-akimi-balalary-oqityn-aqyly/