Жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді жолы бар ма?
Жарияланған күні:
Үкімет жемқорлыққа қарсы күресудің салалық бағдарламасын қабылдады.
Бағдарлама бойынша, жемқорлықпен ұсталған адам мемлекетке келтірген залалын өтеген болса, онда оған бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайды.
Сіздіңше, бұл жемқорлықпен күресудің тиімді жолы ма? Ол адам бір рет айыбын өтеп, құтылып кеткен соң, екінші рет пара алмайтынына кім кепіл?! Әр нәрсенің екі қыры бар. Сондықтан біз де екіжақты пікірді де назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: Иә— Біз Кеңес Одағы заманында коммунистік жүйемен жүрдік. Ол кезде ең бірінші адамдардың емес, мемлекеттің мүддесі бірінші орында тұрды. Одан кейін қоғам, сосын ең соңында адамның мүддесі қорғалатын еді. Ал қазір, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін біз өркениетті, демократиялық мемлекеттер тәрізді ең бірінші адамның мүддесін жоғары қойдық, сосын қоғамның, одан кейін мемлекеттің мүддесін қоямыз. Мұның бірден-бір айғағы – құқық қорғау органдарын реформалауымыз. Ондағы мақсат – кеңестік жүйені жойып, өркениетті елдердің жүйесіне көшу. Бұрынғыдай қит етсе, аяқ-қолын бұрап, темір тордың ар жағына тоғыта салмай, оған кешіріммен қарайтын жүйеге қадам басып келеміз. Бұрын "түрме адамды түзетеді" деген түсінікпен жүрдік. Бұл түсінік дұрыс емес, түрме адамды түзетпейді, керісінше, адамның өмірін бұзады, жүрегін жаралайды. Ал бір рет қателесіп, от басқандарды бас бостандығынан айыру қажет емес. Ол да – адам, залалын өтеп, тәубесіне келіп жатса, кешіріммен қарауымыз керек. "Алтын көрсе, періште де жолдан таяды" дейді емес пе қазақ. "Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң". Тәуке ханның кезіндегі "Жеті жарғы" заңы да осындай жүйеде жасалған еді. Адам өлтіргенді соттамайтын, айыбын төлететін. Қаншама үйір жылқы және түйемен тартылған айыпты өтеу оңайға соқпайды, оны бір рулы ел болып көтеретін. Ел болып тентегін түзететіні де, оған көнбесе, байлап ұстайтыны да сондықтан. Ендеше, мұндай тәсіл, яғни залалын өтеген адамға бас бостандығынан айыру жазасын қолданбау қабылданып жатқан салалық бағдарламаны алға бастырады. "Құдайдың алдында, сіздердің алдарыңызда кешірім сұраймын, қателесіппін, екінші мұндай қадамға бармаймын" деп тәубесіне келіп жатса, неге айыбын кешірмеске? Осыдан кейін, керісінше, адам түзеледі, тәрбиеленеді. Жалпы, бұл шараларымыз реформаның басы ғана. Дүниежүзіндегі өркениетті елдердің алдына әлі-ақ шығамыз. Қазір жемқорлыққа қарсы үлкен шаралар жасап жатырмыз, ұсталып жатқан адамдардың барлығын түрмеге қамай берсек не болады? Олай біз сыбайлас жемқорлықпен күресіп, жеңе алмаймыз. Оның үстіне, қылмыскер сотталып кете барса, мемлекетке келтірген залал да өтелмейді.
Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымының докторы: Жоқ– Жемқорлықтың психологиясы, оның жолдары, дәстүрі біздің елімізде терең дамыған. Шындығын айтқанда, біз өзіміздің көптеген күнделікті мәселемізді пара беріп, жемқорлық жолымен шешіп үйреніп қалдық. Бұған алушы да, беруші де үйренді. Бұл тіпті қауіпті жағдайға айналып кетті. Елімізге қауіптілігі де – осында. Егер де жемқорға өзінің айыбын мойындап, залалын өтеп, жазадан құтылып кететін мүмкіндік берсек, психологиялық жағынан бұл жемқорлықты одан әрі күшейтеді. Себебі жемқордың алдында дар ағашы тұрса да, "ештеңе етпес, құтылып кетермін" деген ой тұрады. Оның үстіне "тұтылып қалсам да, келтірген зиянымның орнын толтырып, аман қаламын ғой" деген ой жемқорлықты одан сайын қиындатып жібереді. Сондықтан бұл бағдарламадағы залалын өтегенге бас бостандығынан айыру жазасын қолданбау, меніңше, дұрыс емес. Егер екі адам бір-біріне айып тағып, өзара келіссе, онда оларды бас бостандығынан айырмауға болады. Ал пара алған адамға "жарайды, сен пара алған екенсің, я үкіметтің ақшасын жеген екенсің, жегеніңді қайтар да, жөніңе жүре бер" десек, көп адам жемқорлыққа бара береді. Адамның психологиясы осылай жаратылған. Бұл енді тұжырымдама ғой. Сондықтан мүмкіндік болса, бұл тұжырымдаманы заңға айналдырмағаны дұрыс болар деп ойлаймын. Заңға айналдырған күні мұның зияны бөлек болады. Құныққанды олай түзету қиын. Не болғанда да жемқорлыққа барды ма, ол заңның құрығынан құтыла алмайтынын сезінуі керек. Соның өзінде кейде жемқорлыққа барып жатады. Мәселен, "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңда "егер де мемлекеттік қызметкер бір айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы алса, ол жемқорлық емес, ал бір айлық есептік көрсеткіштен артық сыйақы алса, онда ол жемқорлыққа ауысады" деген бап бар. Осы бап та жемқорлыққа жол ашады. Оның бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы алды ма, жоқ әлде он есептік көрсеткіш деңгейінде алды ма, оны кім есептеп жатыр? Бұл бап та жойылуы керек.ТүйінЕкі пікірді де теріске шығара алмаймыз. "Бұл мәселе әркімнің арына байланысты" деген де бейтарап пікірлер болып жатады. Десек те, жемқорларға қосауыздың екі шүріппесі барын ұғындыруымыз керек тәрізді. Бірі жараласа, екіншісі жаһаннамға жіберуі мүмкін. Бір рет құтылып, екінші рет тұтылатын болса, онда жаза да қатты болуға тиіс. Жазалау механизмін де соған сай ету керек. Сол себепті де "Бір рет залалын өтеп жазаланбай кеткен адам екінші рет ұсталса, қандай жаза қолданылады?" деген сауалды Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қойғанымызда, ол: "Заңда бұл жағы әлі қаралатын болады", – деумен ғана шектелді. Ендеше, агенттік жоғарыдағы пікірлерді де ескерсе дейміз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/179907-zhemkorlykka-karsy-kyrestin-tiimdi-zholy-bar-ma/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.