RU

Әлихан Смайылов: Салық түсімдерінің өсімі 911 млрд теңгені құрады

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов биылғы 10 айы қорытындысы бойынша салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге қатысты жұмыс нәтижесін баяндады.

Әлихан Смайылов: Мемлекеттік бюджетке салық түсімдерінің өсімі 911 млрд теңгені құрады
Фото: primeminister.kz: Facebook

Қаржы министрлігінің салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жұмыстары жоспарға сай атқарылған. Қаржы министрінің мәліметі бойынша, мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 101% орындалып, жоспардан тыс 76 млрд теңге түскен.

«Мемлекеттік бюджетке салық түсімдерінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда 14%-ды, яғни 911 млрд теңгені құрады», - дейді Әлихан Смайылов.

Министрдің айтуынша, 2019 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы 7 трлн 81 млрд теңге сомасын құраған.

«2019 жылдың соңына дейін республикалық бюджет кірісі 1,223 млрд теңгеге артады деп болжануда. Себебі, экономикалық өсім мен экспорттық тауарлар бағасының өсуі 393 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді күшейту 840 млрд теңгеге, ал цифрландыруға байланысты 520 млрд теңгеге өседі деп жоспарланып отыр», - дейді Қаржы министрі.

Сонымен қатар биыл шағын және орта бизнеске (қаңтар айынан бастап) және жеке тұлғаларға (тамыз айынан бастап) негізгі қарызды төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жолымен салық амнистиясы жүргізілген.

«2019 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің 46% борышкерлері (91,9 мыңның 42 мыңы) амнистия пайдаланды. Олар 13 млрд теңге көлемінде салық төледі. Оның ішінде 4,4 млрд теңге айыппұл мен өсімақы жойылды. Жеке тұлғалардың 30%-дан астам борышкері 10 млрд теңге көлемінде қарызын өтеді. Олардың 2 млрд теңгеге жуық айыппұлы мен өсімақысы есептен шығарылды», - дейді Әлихан Смайылов.

Министр Қытай мен Қазақстанның фискалдық органдары Экспорттық декларациялардан алдын-ала ақпаратпен алмасу туралы жасалған хаттама шеңберінде электрондық байланыс арналары арқылы тиісті жұмыстар жасалып жатқандығын айтады.

«Баға туралы ақпаратты автоматты түрде іздеу және «Кеденнен кейінгі бақылау» модулдерін енгізу, сондай-ақ Қытайдан әкелінетін тауарлардың ассортиментін ақпараттық жүйеде толығымен қамту шаралары кедендік Тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін 54%-тен 77%-ке дейін арттыруға және шамамен 50 мың заң бұзушылықты анықтауға, сондай-ақ кедендік тексерулер бойынша анықталған бұзушылықтарының санын 2 мыңнан 11 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді», - дейді министр.

Сөз соңында Қаржы министрі 2020 жылға арналған салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында жүзеге асырылатын бірнеше іс-шараларды атап өтті.

Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдан бастап салық төлеушінің электронды әмиянын енгізу, үш компонентті интеграцияланған жүйені енгізу, патентті қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін шектеу, Өзбекстанмен шекарадағы өткізу пунктін қайта құруды аяқтау, Қытайдан алынатын займ бойынша 10 өткізу пунктін қайта құруды бастау, ЕврАзЭС шеңберінде тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесін енгізу, Қытаймен экспорттық декларациялардың мәліметтерімен толық алмасу секілді іс-шаралар жоспарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1830190-lihan-smajylov-salyk-tsimderini-simi-911-mlrd-tegeni-krady/