"Орыс тіліне тиіспейміз": Тоқаев латын әліпбиіне көшу жайында сөз қозғады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің латынға көшуіне қатысты пікір білдіріп, бұл қадамды Ресейден алшақтаудың амалы деп қабылдамау керектігін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Журналистің көпшілік кириллицадан бас тарту Ресейден бір қадам алшақтау деп қабылдайды деген сауалына президент түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен деп жауап берді.
"Тек қазақ тіліне ғана реформация жасалады, біз орыс тіліне тиіспейміз және қозғамаймыз", - деп түсіндірді Тоқаев.
Ол латынға көшу - ұзақ әрі қиын процесс екенін хабарлады. Болжам бойынша қазақ тілі латын графикасын 2025 жылдарға қарай қолдана бастайды. Бүгінгі күні жаңа әліпбидің үш нұсқасы таныстырылған, алайда президент көңілі үшеуіне де толмаған.
Мемлекет басшысы белгіленген мерзімде мәселенің шешілуіне толықтай дайын болу үшін тиісті органдарға бұл мәселені ғалымдармен бірге қарауды тапсырды.
"Біздің қателік жібергіміз келмейді", - деді президент DW.com басылымына берген сұхбатында.
Президент әліпби ауыстырудың себептерінің бірі ретінде қазақ тілін, оның ішінде түркі әлемінде кеңінен таратуға деген ұмтылысты атады.
Ол түрік тілінің бірнеше жылдан бері латын қарпін қолданатынын, дәл осы әліпбиді өзбек, әзірбайжан, түрікмен тілдері де пайдаланатынын атап өті. Азия елдерінің арасында қазақ тілінен бөлек Қырғызстан мен Моңғолия да кирилл әріптерімен жазады.
Алайда, президенттің айтуынша, латын әліпбиіне көшкенде де, Қазақстан бұрынғыдай кирилл алфавитінен толығымен бас тартуды жоспарламайды, алфавиттер қатар өмір сүреді.
Қазақстан басшысы қазақ классиктерінің еңбектеір дәл осы графикамен жазылғандықтан кирилл қарпінен толығымен бас тарту дұрыс емес деді.
Еске сала кетейік, аталған сұхбат Қазақстан президентінің 5-6 желтоқсанға жоспарланған Германияға мемлекеттік сапары қарсаңында өткізілген болатын. Әңгіме барысында Тоқаев өзін Украинадағы жағдайлар қорқытпайтынын атап өтті.
Журналист мемлекет басшысына "Қазақстан билігі Украинадағы жағдайлардан, атап айтқанда, Қырымдағы аннексия мен елдің шығысындағы соғыстан қорықпады ма" деген сауал қойды. Тоқаев өз кезегінде Қазақстанның Қырымда аннексия болды деп есептемейтінін алға тартты.
Мемлекет басшысы Тоқаев Елбасыға қатысты айтылған сындар мен митингтерге қатысты пікірін де білдірді.
Сонымен бірге ол елорданың атауы Нұр-Сұлтанға өзгеруіне қатысты ойын айтып, Қазақстанда жеке басқа табынушылық жоқ деді.
Сондай-ақ, ол көпшілік арасында тарап жүрген қос билік туралы қауесеттерге жауап берді. Оның сөзінше, тандем жоқ - заңды сайланған президент бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1830383-orys-tiline-tiispejmiz-tokaev-latyn-lipbiine-ksu-zajynda-sz-kozgady/