Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алтай Көлгінов: Қалыпты өмірдің кепілі – темірдей тәртіп

Жарияланған күні:

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов карантинге қатысты елордалықтарға үндеу жасап, халықты тәртіпке бағынып, жауапкершілікті сезінуге шақырды.

Алтай Көлгінов: «Қалыпты өмірдің кепілі – темірдей тәртіп»
Фото: astana.gov.kz: Facebook

«Құрметті елорда тұрғындары! Корнавирус пандемиясы әлем бойынша жылдам таралып келеді. Осыларды ескере отырып, біздің елде де қатаң шаралар қабылданды.

Біріншіден, біз өзге елдердің тәжірибелерін қарадық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауырған бір адам кемінде 2-3 адамға жұқтыратынын мәлімдеді. Ал 5-6 күннің ішінде ауырған бір адам 3,5 мың адамның дертті болуына себеп болады. Еуропа қалалары бірінен кейін бірі карантинге жабылып жатыр.

Олардың кейбіреулері шешімді тым кеш қабылдағанын көріп отырсыздар. Ал вирус алғаш тіркелген Қытай, күресті темірдей тәртіптің негізінде жүргізді. Қытай, Оңтүстік Корея елдері азаматтарды оқшаулаудың қатаң әдісін қолданды. Мекемелер, кәсіпорындар, қоғамдық көліктер жұмыстарын тоқтатты. Олар күндеп емес, айлап үйлерінен шықпады.

Тек осындай тәртіп қана медицина қызметкерлеріне үлкен көмек болды және оң нәтиже берді. Біздің елімізде де іс-шаралар дер кезінде қолға алынып, Төтенше жағдай жарияланды. 22 наурыздан бері елордаға кіруге де, шығуға да тыйым салынды. Бұның бәрі сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін қабылданған шешім.  

Екіншіден, шетелдік тәжірибе көрсеткендей, бұл індетті жасы үлкен, созылмалы дерттері бар азаматтар көтере алмай жатыр.

Сондықтан біз қазыналы қарияларымыздың амандығын ойлауымыз қажет. Әсіресе жасы үлкен азаматтарымыздың сыртқа шықпауын өтінеміз. Сабыр түбі сары алтын. Қиын кезеңде өздеріңіз үшін төзімділік танытыңыздар.

Басқа жол жоқ. Осы күндері байқағанымыз жағдайды көпшілік түсініп отыр, рахмет айтамыз. Бірақ әлі осы қауіпті терең сезінбеген азаматтар да бар. Дәл қазір туысыңыз бен жақыныңызға шын жанашыр болсаңыз, олардың амандығын тілесеңіз, онда өз үйіңізде отыруыңыз керек.

Үшіншіден, қала маңындағы карантинге кірмейтін елді мекен тұрғындары елордаға келуді қоя тұру қажет. Біз жұмыс берушілерге қызметкерлерінің амандығы үшін, жұмысты тоқтатуды және жұмыс орындарының сақталуы қажеттігін айттық.

Төртіншіден, тәртіп мәселесі. Тәртіпке бағынған құл болмайды дейді. Мұндай кезеңде заңбұзушылықтарға жол берілмейді. Кез келген заңсыздық қатаң жауапқа тартылады.    

Бесіншіден, бүгін Мемлекет басшысы экономиканы, шағын және орта бизнесті, әлеуметтік аз қамтылған топтарды қолдауға, жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар қабылдады.

Бизнес өкілдері өз кезегінде жұмыс орындарын қысқартпаулары қажет. Елбасының Үндеуінен кейін ел азаматтары үлгі болып арнайы қорға ақша аударып жатыр. Осы Үндеуге сәйкес, біз Нұр Отан партиясымен бірге бірінші кезекте көмекке мұқтаж азаматтарға көмектесуді бастап кеттік.  

Карантин мен коронавирусқа қатысты сұрақтарыңыз болса 109 номеріне хабарласуыңызға болады. Ол жерде қосымша телефон орталығын аштық. Карантин ерте аяқталсын десек, тәртіпке бағынып, жауапкершілікті терең сезінуіміз керек. Біз бұл қиындықты бірге еңсереміз. Біз біргеміз», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1846965-altaj-klginov-kalypty-mirdi-kepili---temirdej-trtip/