"Жеңіске жетуге мүмкіндік бар": Қарағандылық ардагер Қазақстан коронавирусты тоқтата алатынын айтты
Жарияланған күні:
Қарағандыдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеубек Зейнешев мемлекеттің коронавирус пандемиясына қарсы күресте атқарып жатқан жұмысына жоғары бағасын берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері ел басына түскен қауіпті індетті біріге отырып жеңетінімізге зор сенім білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тілеубек Зейнешев халықты сабырға шақырып, кеселді біріккен халық жеңіп шығатынын айтқан Елбасының үндеуін талдап, қауіпті инфекциямен күресте мемлекет қолданып жатқан шараларға жеке тоқтады.
«Мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Тарихымызға терең үңілсек, қазақ халқының басынан талай нәубет өткен екен. Қырғын соғыс, қайырымсз індет, табиғи апаттарға қызыл империя тұсындағы қолдан жасалған аштық пен саяси қуғын-сүргінді қосыңыз. Осының бәрінен халқымыз өте білді, шығынсыз болған жоқ, әрине. Ең бастысы тарих сахнасынан жоғалып кетпей, елдігімізді сақтап қалдық. Елбасымыз атап өткеніндей, бірлігіміз бекем, пейіліміз кең, құшағымыз ашық, бауырмал халық болып қалыптастық.
Міне, бүгінгідей біздің халқымызға ғана емес, бүкіл әлемге короновирус сияқты пандемия кеселі қатер төндіріп тұрған шақта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, тұңғыш президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақала жариялап, халықты сабыр сақтауға, кеселді бірге еңсеруге шақырды, қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке - бірлігімізден айрылмауға үндеп отыр. Сонда ғана біз жеңіске жетіп, тәуелсіздігімізді сақтап, кемел болашақтан үміттенеміз.
«Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды» деп жазды мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы. Шынында да мәлімдемеде айтылғандай, барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлеріне алуан түрлі көмек беріледі. Атап айтқанда, зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға арттырылмақ, табысынан айрылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілуде- деді ардагер.
Оған қоса, ол 800 мыңдай мүгедектерге, жұмыссыз азаматтарға тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік беріліп, көктемгі егіс науқанына қаржы бөлініп, шаруаларға арзан жанармай жеңілдікпен сатылатынын жеткізді. Сондай-ақ, Зейнешев үкімет «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыс істейтіндерге лайықты жағдай жасап, кәсіпкерлерді де қолдаудан тыс қалдырмайтынын айтты.
«Осы екі тарихи құжаттан мен халқымыздың жеңіске деген зор үміті бар екеніне сенімдімін. Өйткені бізде жеңіске жетудің алғышарттары жеткілікті. Алғышарттар деп отырғанымыз мыналар: Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары, мөлшері 90 миллиард америка доллары болып отырған Ұлттық қордағы алтын-валюта резерві, өзімізде оқытылған және «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің ең дамыған елдерінде даярланған білікті медицина және басқа сала мамандары, ел ордасында және басқа қалаларда ашылған заманауи ғылыми-медициналық орталықтар мен емхана, ауруханалар торабы, тек кейінгі жылдары ғана салынып, кеңейтілген темір жолдар мен автобандар артериясы т.т.
Осынау асқаралы міндеттерді орындауда Елбасы өз сөзін алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнайды. Оларға халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеуді ұсынады. Жер-жерлерде құрылған ардагерлер кеңестері өздерінің басты міндеттерінің бірі жастарды әкелер мен бабалардың жауынгерлік және еңбек дәстүрлері рухында тәрбиелеу деп біледі және алдағы уақытта та осы істі жалғастыра бермек. Бұл біздің өскелең ұрпақ алдындағы абыройлы да асқақ борышымыз.
Жастар – біздің болашағымыз. Оларды жамандықтан, жат әдеттен сақтандырып, игі істер жасауға үгіттеушілердің сапында кешегі қан майданда ата жаумен айқасқан майдангерлер мен ерлік еңбек үлгілерін көрсеткен тыл еңбеккерлері мен бейбіт майдан ерлері келеді. Жас қайрат пен тәжірибелі ақыл иелерінің құрыштай берік қоспасы қандай болмасын қиындықты еңсеріп, жеңіске жеткізері сөзсіз» , - деп ағынан жарылды Тілеубек Зейнешев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1850060-zeiske-zetuge-mmkindik-bar-karagandylyk-ardager-kazakstan-koronavirusty-toktata-alatynyn-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.