RU

Атамбаевты сот залынан шығарып, процеске қатысуына тыйым салған

Бүгін, 1 маусымда Қырғызстанның Қой-Таш ауылындағы оқиға бойынша істі қарап жатқан Бірінші Май аудандық соты елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың сот процесіне қатысуына тыйым салған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Азаттық Радиосына сілтеме жасап.

Алмазбек Атамбаев. Фото: kremlin.ru
Алмазбек Атамбаев. Фото: kremlin.ru: Depositphotos

Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесаревтің айтуынша, судья бұрынғы президентті сот залынан шығарып, оның сот тергеуі аяқталғанша процеске қатысуына тыйым салған.

Бұған Атамбаевтың арнайы кабинада өзге айыпталушылармен бірге отырудан бас тартқаны себеп болған көрінеді.

Қырғызстанның бұрынғы басшысының қорғаушысы оның өзге іске қатысты ұсталғанын айтып, экс-президенттің басқалармен отырмауы орынды дейді.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, 11 мамырда прокурорлар сот отырыстарында осы күнге дейін адвокатымен бірге отырып келген Атамбаевтың өзге айыпталушылармен бірге отыруын сұраған. Сот бұл өтінішіті қанағаттандырған.

Айта кетейік, қылмыстық іс былтыр 7-8 тамыз күндері болған Қой-Таш оқиғасына байланысты қозғалған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алмазбек Атамбаевтың ұлы Сеид Атамбаев өзінің Facebook парақшасында 22 мамырда әкесінің жағдайы күрт нашарлағанын хабарлаған еді.

Экс-президенттің жақындарының коронавирусқа тапсырған тест нәтижелдері теріс болғанымен, саясаткерді бала-шағасымен тек шыны терезе арқылы кездестіруде. Ұлының айтуынша, осымен үшінші рет кездесудің мұндай жағдайда өткізілуі Атамбаевтың денсаулығының нашарлауына себеп болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1858409-atambaevka-sot-procesine-katysuga-tyjym-saldy/