Тарихшы Ерлан Бәтташұлының Абайға арнаған еңбектер топтамасы жарық көрді

Опубликовано:

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сыдықов Е.Б.
Фото: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі тарих ғылымдарының докторы, профессор Сыдықов Ерлан Бәтташұлының «Абайдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтастығы» атты еңбектер топтамасымен танысып, ой пікір бөліскенді жөн көрдік.

Ақиқаттың өлшемі – қоғамдық тәжірибе. Өмір шындығы мен қоғам сұранысымен бетпе-бет келгенде ақиқаттың сыннан өтіп, жаңа қырларының ашылуы заңды. Тәуелсіздік жылдары қоғам өзгерді, қоғаммен бірге адам өзгерді. Соған сай Абайдың мұрасы мен өнегесіне деген сұраныс та өзгерді.

Қоғамда ұлықталатын жаңа құндылықтар орнықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы реформалық өзгерістердің заманы өтті. Қазіргі кезде етек жеңін жиып, іргесін бекіткен еліміз дамудың даңғыл жолына бағыт алды. Әлемнің дамыған елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатты.

Бүгінгі қазақ осыдан ширек ғасыр бұрынғы тәуелсіздік буына елтіген, мың сан таңдаудың алдында дағдарған қазақ емес. Бүгінгі қоғам жаһандану үдерісінің нақты шындығымен бетпе-бет келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ақын мұрасын жаңа көзқараспен пайымдау арқылы

«Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады», - деп Абай мұрасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – рухани жаңғыру ұлттық идеясын іске асырудың басты тетіктерінің бірі екендігіне назар аударады.

Ғылыми еңбектерге қойылатын басты талап – осы кезге дейінгі зерттеулерден жаңалығы мен мемлекеттік бағдарламаларға сай қолданбалық маңызы екендігі белгілі. Ерлан Бәтташұлының «Абайдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтастығы» атты еңбектер топтамасы мемлекет басшысы назар аударған іргелі мәселелерге арналуымен де көкейкестілігі менмұндалап тұрғандай.

Бірін-бірі толықтырып, бірінен-бірі оза түсіп тұрған бақандай бес кітап ғалымның ұзақ жылдар бойғы тынымсыз ізденісінің, жүйелі шығармашылық жұмыстарының нәтижесі.

Биыл 175 жылдығы атап өтіліп отырған заманынан озып туған ұлы Абайдың төңірегіне топтастырылған, ұлт рухын шыңдаған дана Абайдан бастау алған, қазақта өлең сөзімен, ойлы сөзімен дара тұрған Абайдың өнегесінен өрбіген еңбектер қазақ тарихы мен мәдениетінің тұтас кезеңін ғылыми қалпына келтіргендігімен құнды деп ойлаймыз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың тарихшы ретіндегі басты ғылыми бағыттарын тұлғатану және деректану десек болады.

Тарих ғылымының осы бағыттарының тақырыптарын игеруге үлкен теориялық-методологиялық дайындықпен және мол тәжірибемен келген ғалымның алғашқы іргелі еңбегі Шәкәрім Құдайбердұлын тұлғаландырудан басталды. 2008 жылы жарық көрген «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы 2019 жылы толықтырылып қайта басылды.

Өткен кезеңде «Абай» атты тұлғалық энциклопедияның жарық көруі қазақ ғылымы мен мәдениетінде елеулі құбылыс болды десек, Шәкәрімге арналған энциклопедия осы дәстүрді жалғастырушы ғана емес, сонымен бірге осы мәдени тәжірибені одан әрі жаңа биіктерге бастаған еңбек болды.

Энциклопедия дайындау бір күнде атқырылатын және бір адамның қолынан шығатын дүние емес. Ол ұзақ уақытта және ұжымдық шығармашылықпен өмірге келеді. Дайындалуына 200-ге жуық автор қатысқан, көлемі алпыс баспа табақтан астам күрделі дүниенің ғылыми концепциясын жасап, авторларды ортақ идеяға жұмылдырып, тұтастай ғылыми-ұйымдастырушылық шараларға басшылық жасауы арқылы Ерлан Бәтташұлы қазақ ғылымының шәкәрімтану ғылыми бағытын академиялық қалыпқа сала алды. Нәтижесінде, «Шәкәрім» энциклопедиясы абайтану ғылыми бағытын да жаңа рухани биіктерге көтерді. Осы қырынан алып қарағанда, еңбекті Орталық Азияда теңдесі жоқ энциклопедия деп бағалаған ғалымдардың пікірі орынды деп білеміз.

Жеке тарихи тұлғаны тұлғаландыру дегеніміз оның өмірі мен қызметін, шығармашылығын тізбелеп шығумен шектелмейді. Жеке тұлға арқылы тарих пен руханияттың тұтас кезеңі, құбылысы тұлғалануы тиіс.

Осы қағиданы басшылыққа алған Ерлан Бәтташұлы Шәкәрім туралы энциклопедиялық білімдерді ғылыми-танымдық ізге түсіріп, 2012 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасының «Жизнь замечательных людей» (ЖЗЛ) сериясымен орыс тілінде «Шәкәрім» ғұмырнамалық кітабын және ізін суытпай 2019 жылы осы сериямен «Құнанбай» тарихи-мемуарлық кітаптарын жарыққа шығарды.

Осы кезге дейін аталған сериямен Абай, Ш.Уәлиханов, С.Сейфулин, М.Әуезов, Қ.Сәтпаев, Н.Төреқұлов, Е.Бекмаханов. Е.Букетов сияқты санаулы ғана тұлғалар жайлы кітаптар жарыққа шыққандығын ескерер болсақ, бір автордың екі кітабы олардың қатарын толықтыруы қазақ ғылымында айта қаларлықтай жаңалық болды.

Жеке тұлғалар арқылы танылатын саяси, мәдени, рухани, ұлттық құндылықтардан туындаған көзқарастар мен ағымдардың тұтас болмысы қарама-қарсылықтардың бірлігі заңдылығы бойынша қарастырылып, ол құбылыстарды тұлғаландыру арқылы ашылатындығы дәлелдеуді керек етпейді.

Демек, қоғамдық-саяси қайшылықтардың сырын ашу үшін де тұлғалардың көзқарасы мен саяси қызметінда қаншалықты ащы шындықтар орын алса да ол ғылыми талдаудың нысаны болуы заңды. Сондай ашықтық пен турашылдық жағдайында ғана тарихи ақиқат елдің игілігіне айналады.

Бұл ұстанымдар Құнанбай Өскенбайұлына қатысты зерттеудің жібек желісі, алтын арқауына айналған. Өз заманының заңғар тұлғасына айналған дәстүрлі элитаның көрнекті өкілі Құнанбай жайлы кеңестік идеология талаптарына сай қалыптасқан кереғар тұжырымдар мен сыңаржақ пікірлерді тарихи дәлел-дәйектермен жоққа шығарған ғалымның зерттеуінде ұлтымыздың рухани жаңғыруына лайықты, шынайы бағасын алғандығын қазіргі қоғамдық ойдың биік жетістіктерінің бірі деп санаймыз. Қазіргі кездегі тарихи танымның теориясы жаңа парадигмалық құндылықтармен толықтырылуда.

Тарихшыдан талап етілетін осы құндылықтық өзгерістер кеңестік «ақыл-ой алыптарының» тұжырымдарынан қол үзіп, отандық тарихи танымда ұлттық мүддеге сай тарихи ақиқатты ашу, нәтижесінде тұлғалардың тарихтағы орны мен атқарған рөліне қатысты шынайы тұжырымдар қалыптастыру.

Осы қырынан алып қарағанда «әлем таныған тұлға» Мұстафа Шоқайдың «тарих өткен өмірден мағлұмат беретін ғылым ғана емес, келешекке сабақ беруге қызмет ететін ғылым» деген пікірі бүгінгі күні де өміршең.

Отан тарихының мазмұнындағы тарихи оқиғалар мен құбылыстарды, жекелеген тұлғалардың қызметін бағалауда ғылыми айналымға ұсынылатын тың құжаттық деректерден тарихи ақиқатты табу, тану, таныту үшін жаңа әдіснамалық негізде жазылған зерттеу еңбектерінде ұлттық, мемлекеттік мүдде басты назарда болғандығы танылады.

Абайдың төңірегіндегі тұлғалардың тарихи ақиқатын бүкпесіз және боямасыз тарихи танымға ұсынған еңбектер отан тарихының мазмұнын жалпыадамзаттық құндылықтарға сай жаңалайды және қоғамдық ой сананы тұрақтандырады.

Елбасының тарихи сана қалыптастыруға қызмет етуі тиіс «Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» бағытында атқарылған кешенді жұмыстардың ғылымилығы осындай методологиялық тұжырымдарға негізделген.

Ғалым шығармашылығының екінші қыры – оның деректанушылығы. Оның осы бағыттағы еңбектерінің қатарында «Шәкәрім және Алашорда» ғылыми-танымдық кітабы мен «Алаш қаласының тарихы» атты монографиясын атауға болады.

Тарихи деректерге аса ыждағаттылықпен қарайтын ғалым аталған екі кітабында да Алашорда мен Шәкәрімге, Алаш қаласына қатысты көптеген архивтің тың құжаттарды айналымға ұсынғандығы аңғарылады.

Тарихи оқиғалар мен құбылыстар туралы іргелі конструкциялар мен тұжырымдар жасау үшін ең бастысы тың деректер кешені керек десек, зерттеу тақырыптарына қажетті осындай кешенін қалыптастырғандығы және оларды интеллектуалды тарих талаптарына сай «сөйлете алғандығы» ғалымның өз қолтаңбасын танытады.

Ғалым-тарихшы Сыдықов Ерлан Бәтташұлының қазақ руханиятына олжа салған «Абайдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтастығы» атты еңбектер топтамасын 2020 жылғы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығына лайықты деп бағалаймыз.

Хазретәлі Тұрсұн, тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры. Түркістан қаласы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1873749-tarihsy-erlan-bttaslyny-abajga-arnagan-ebekter-toptamasy-zaryk-krdi/