Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандағы жұмыссыздыққа карантин қалай әсер етті

Опубликовано:

Улица
Фото: NUR.KZ

Пандемия әлемнің көптеген елдерінде жаппай жұмыссыздық тудырды. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ талдауы көрсеткендей, COVID-19 салдарындағы карантин Қазақстанның еңбек нарығына да әсер етті. Алайда, бұған қарамастан, мемлекет адамдарды табыссыз қалдырмау мен әлеуметтік шиеленістің алдын алуға барынша тырысып бақты. Орталықтың сарапшысы Қайырбек Аяшев 2020 жылдың 4-ші тоқсанында карантиннің қалай өрбитіні жайлы KAZ.NUR.KZ тілшісімен болжамымен бөлісті.

Азаматтардың ұтқырлық индексі дегеніміз не және оның маңызы неде?

2020 жылдың көктемінде COVID-19 салдарынан Қазақстан билігі карантин жариялауға мәжбүр болды. Алғаш рет адамдар тиісті шектеулерге тап болды: сыртқа аттап басу мұңға айналып, тек үйдің жанындағы азық-түлік дүкеніне немесе дәріханаға баруға рұқсат етілді. Қашықтықтан жұмыс жасау мүмкін болмағандардан жүріп-тұруға арнайы анықтама талап етілді. Мамандардың айтуынша, қауіпті аурудың тез таралуы қазақстандықтардың ұтқырлық деңгейіне де байланысты. Белгілі болғандай, бұл мәселені есептеуге және өлшеуге болады екен. Ол үшін Азаматтардың ұтқырлық индексі қолданылады.

Индекс, қазақстандықтардың, карантинге дейінгі 2020 жылдың қаңтарындағы жағдаймен салыстырғанда өз жұмыс орындары мен сауда орталықтарында, дәмханалар мен мейрамханаларда, кинотеатрлар мен мұражайларда және кітапханаларда қаншалықты жиі немесе сирек болатындығын көрсетеді.

«Азаматтардың ұтқырлық деңгейіне белгілі бір дәрежеде және уақтылы әсер ету арқылы коронавирустың таралу жылдамдығын реттеуге болады. Бұл қатаң локдаунның енгізілуіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрт нашарлауына, жұмыссыздықтың өршуіне жол бермеу үшін маңызды», - дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының маманы Қайырбек Аяшев.

Талдау көрсеткендей, коронавирустың қайталап өршуіне жол бермеу үшін Азаматтардың ұтқырлық индексі минус 20%-дан аспауы қажет. Салыстыру үшін айтатын болсақ, қазақстандықтардың қозғалысы барынша шектеулі болды және адамдар үйден шықпай отырды делінген 2020 жылдың сәуірінде, бұл көрсеткіш -55%-ды құрады.

«ЕРДО» АҚ мәліметі бойынша, Азаматтардың ұтқырлық индексі шамамен -20%-ға жеткеннен немесе одан асқаннан 27 күн өткеннен кейін, COVID-19 індетіне шалдығу артады. Бұл сайып келгенде экономикаға және еңбек нарығына әсер етеді.

Азаматтардың ұтқырлық индексі
Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Еңбек нарығының халі нешік?

Індеттік қайта ушығуы карантиннің қараша-желтоқсан айларында күшеюіне әкелуі мүмкін және бұл нақты ЖІӨ-ге, халықтың тікелей кірістеріне кері әсерін тигізуі ықтимал. Сонымен қатар, сарапшы болжамы бойынша, жұмыссыздар мен уақытша жұмыссыздар (уақытша жұмыста жоқ) саны артады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары талдамалық зерттеуі барысында еңбек нарығындағы ағымдағы жағдайды зерттеп, 2020 жылдың IV тоқсанына болжам жасады.

Мәселен, осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздар саны 442 мың адамды, ал уақытша жұмыссыздар (еңбек демалысына байланысты және басқа да себептер бойынша уақытша жұмыс істемейтіндер) - 129 мың адамды құрады. Барлығы 572 мың адам (жұмыс күшінің 6,2%).

II тоқсанда жұмыссыздар саны шамалы өсіп, 454 мың адамды құрады (жұмыс күшінен – 5%). Бірақ уақытша жұмыссыздар саны (уақытша жұмыста жоқ) 4 есеге өсті - 129 мыңнан 536 мың адамға дейін (жұмыс күшінен – 5,8%). Барлығы жұмыссыздар және уақытша жұмыста жоқтар 990 мың адамды құрады (жұмыс күшінен – 10,8%). Бұл дегеніңіз, осы жылдың екінші тоқсанында орта есеппен миллионға жуық адам жұмыссыз жүрген немесе уақытша жұмыста болмаған. Сәуірде жұмыссыздардың және уақытша жұмыста жоқтардың саны шамамен 4 миллион адамды құрады.

«Үшінші тоқсанда жұмыссыздар мен уақытша жұмыссыздар (уақытша жұмыста жоқ) саны азайғаны байқалды - 855 мың адам (жұмыс күшінен – 9,3%). Бұл шілде айындағы карантин сәуірге қарағанда әлдеқайда әлсіз болғандықтан», - деп түсіндіреді мамандар.

Жыл соңында бұл көрсеткіштің өсу қаупі бар.

«ІV тоқсанда (карантиннің күшею ықтималдығына байланысты) жұмыссыздар мен уақытша жұмыста жоқтар саны 892 мың адамға жетеді (жұмыс күшінен – 9,7%)», - деп атап өтті «ЕРДО» АҚ өкілдері.
График
Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Орталықтың болжамына сәйкес, 2020 жылдың соңына қарай жұмыссыздар мен уақытша жұмыссыз жүргендердің орташа жылдық саны 827 мың адамды құрайды (жұмыс күшінің 9%-ы).

Атап өтерлік жайт, жалпы дағдарыс кезінде, елде жаппай жұмыстан қысқарту болған жоқ. Себебі мемлекет соққыны жұмсарту үшін жедел шаралар кешенін қабылдады. Мәселен, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен Жұмыспен қамтудың жол картасы жұмыссыздық мәселесін шешуде маңызды рөл атқаруда. Сонымен қатар, елде бірқатар басқа мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді, олардың аясында да жұмыс орындары ашылуда. Осы шаралардың барлығы екінші тоқсан қатарынан жұмыссыздық деңгейін 5%-дық байыпты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік беруде.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің мәліметі бойынша, барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында, 2020 жылдың қорытындысында халықтың жұмыспен қамтуды 1,2 миллион адам деңгейінде қамтамасыз ету жоспарланып отыр («Еңбек» бағдарламасы аясында 600 мың, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 255 мың және 364 мың - басқа мемлекеттік бағдарламалар есебінен).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1882385-kazakstandagy-zmyssyzdykka-karantin-kalaj-ser-etti/

pixel