RU

Жұмыспен қамтудың жол картасы жұмыссыздық мәселесін шешуге қалай ықпал етеді

Найла Мухтарова
Фото: NUR.KZ

Биыл Қазақстанда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,2 миллионнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

Оның 255 мыңына - Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында көмек берілмек. Қазіргідей ел өміріндегі күрделі кезеңде аталған дағдарысқа қарсы қадам қазақстандықтарға жұмыссыз қалмауға және кірістерін жоғалтпауға септігін тигізуде. Сондықтан оны келесі жылға ұзарту туралы шешім қабылданды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыспен қамту департаментінің директоры Найла Мұхтарова NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында Жол картасы жұмыссыздық мәселесін шешуге қалай ықпал ететіндігі мен қаншалықты тиімділігін және оны қалай жақсарту жоспарланып отырғандығын әңгімеледі.

- Халықты жұмыспен қамтамасыз етуде Жұмыспен қамтудың жол картасының орны қандай?

- Жұмыспен қамтудың жол картасы дағдарысқа қарсы қолға алынған шара болып табылады әрі уақытша және жаппай жұмыс орындарын құру арқылы адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге арналған. Бұл жұмыс орындарының ерекшелігі - олардың қолжетімділігі және икемділігі. Жол картасын іске асыру арқылы жұмыссыздықтың кең етек алуына жол берілмегеннен тыс, уақытша жұмыссыз қалған адамдардың біліктілігі мен дағдыларын сақтап қалуға әсер етеді.

16 қарашадағы жағдай бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасы арқылы 213 мың адам жұмыспен қамтылып үлгерді, оның 114 мыңы ресми тіркелген жұмыссыздар.

- Пандемия кезінде жұмыссыздық мәселесін шешуге Жол картасының қосқан үлесі қаншалықты елеулі болды?

COVID-19 пандемиясына қарсы күрес соңғы онжылдықтардағы ең ауыр әлемдік әлеуметтік-экономикалық дағдарысты тудырды.

Өндіріс үдерістері, өнімді жеткізу тізбегі бұзылды. Шикізатқа деген сұраныс күрт төмендеп, инвесторлар дамушы нарықтардан кете бастады.

Мұның бәрі халықтың табысының азаюына және жұмыспен қамтудың төмендеуіне әкелді.

Алайда еліміздің еңбек нарығы дағдарысқа негізінен жұмыспен қамтуды қысқарту емес, жұмыс уақытын азайту және халықтың табысының өсуін төмендету арқылы жауап берді.

Осы орайда үшінші тоқсандағы жұмыссыздық 5% деңгейін көрсетті. Уақытша жұмыссыздар санының көбеюін (130-дан 536 мың адамға дейін) ескерсек, белсенді жұмыспен қамтылмаған адамдардың үлесі 10,8% құрағанын байқаймыз.

Жұмыс уақытын пайдалану көрсеткіштерінің төмендеуі байқалады. Аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істейтіндер саны 542 мың адамға азайса, аптасына 30 сағаттан кем еңбек ететіндер 104 мың адамға көбейді.

Туризм және қонақжайлылық, көлік, автомобиль жасау, мұнай және газ, тұтыну тауарлары салалары ең көп зардап шекті.

Үкімет барлық ресурстар мен мүмкіндіктерді жұмылдырып, мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетін толық пайдалануға бекінді. Оның ішінде жаңа дағдарысқа қарсы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы қабылданды.

Жұмыспен қамтудың жол картасы және басқа да жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырудың арқасында жұмыссыздық деңгейі байыпты деңгейде сақталды.

Найла Мухтарова
Фото: NUR.KZ

- Жол картасы азаматтарды жұмыспен қамтудан басқа қандай міндеттерді табысты атқаруда?

- Жол картасының еңбекпен қамту түріндегі әлеуметтік әсерінен бөлек, келесі тиімділіктері бар:

Бүгінгі таңда 213 мыңнан астам адам жалақы алу арқылы кіріспен қамтылған. Бұл, өз кезегінде, төлемге қабілетті сұранысты тудырады. Отбасылық тұрғыда қарасақ, 1 миллионнан астам адам тұрақты табыспен қамтамасыз етілуде.

2,5 мыңдай кәсіпорын Жол картасына мердігер ретінде қатысуда. Отандық компанияларға 488 млрд теңге сомасыын құрайтын тапсырыс түрінде қолдау жасалды. Оның ішінде 19 мың шағын және орта бизнес субъектілері 114 мың жұмыс орнын сақтап қалды.

Халықты жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде халықты жұмыспен қамту әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, ағымдағы жөндеу және қайта құру, салу бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, елдімекендерді абаттандыру есебінен қамтамасыз етілуде.

Осылайша, Жұмыспен қамтудың жол картасы халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешумен бірге, аймақтардағы инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасайды. Тиісінше әлеуметтік мәселелер шешімін табуда және қазақстандықтардың өмір сүру сапасы жақсаруда.

- Жақында Президент Жұмыспен қамтудың жол картасын 2021 жылға дейін ұзартуды бұйырды. Аталмыш құжаттың қай тұстары жетілдірілмек?

- Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыспен қамтудың жол картасының қолданылу мерзімін ұзарту бойынша жұмыс жүргізуде. Ол үшін Жұмыспен қамтудың жол картасын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Негізгі іс-қимыл тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталады. Осыған байланысты нысандарды күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге қатысты жұмыс уақыты аз жобалар инфрақұрылымдық жобалар тізімінен шығарылады. Тек тұрақты жұмыс орындарын құру шартымен жаңа нысандардың құрылысы мен қайта құру жұмыстары қалады.

Бұл ретте қаржыландырудың бір бөлігі шағын несиелеуге бағытталады. Бүгінде бұл құрал шарттары әзірленуде.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/1885596-zmyspen-kamtudy-zol-kartasy-zmyssyzdyk-mselesin-sesuge-kalaj-ykpal-etedi/