RU

Әбдіқалықова Президент Жолдауының Қызылорда облысында жүзеге асырылуы туралы мәлімдеді

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының Қызылорда облысында жүзеге асырылуы және өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеді.

Аймақ басшысы негізгі тірек салалардағы даму көрсеткіштерге тоқталып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады.

"Президент қабылдаған шешімдердің арқасында негізгі басымдыққа ие салалардағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген жоқпыз. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру осы жылдың 9 айының қорытындысымен 3,5%-ға, ауыл шаруашылығында 3,1%-ға артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4%-ға өсті. Мұнай көлемін арттыру мақсатында Шу-Сарысу шөгінді бассейнінің жер қойнауын зерттеу бойынша жұмыстар басталды", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында өңірде құны 554 млрд теңгеден асатын 26 инвестициялық жоба іске асырылуда, бұл шамамен 7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында Арал ауданында тауарлы балықты терең өңдеу цехы іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін осы ауданда тағы бір балық өңдеу зауытын және кварц құмдарын байыту бойынша тау-кен байыту комбинатын енгізу жоспарлануда.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ірі зауыттардың айналасында ілеспе өндірістер құру мәселесі пысықталуда. Атап айтқанда, келесі жылы іске қосу жоспарланып отырған шыны зауытының айналасында кемінде 8 өндіріс құру көзделген.

Спикер биыл күріштің әр гектарына 61,8 центнерден өнім алынып, қамбаға 550 мың тоннадан астам өнім жиналып, жоғары көрсеткішке жеткендерін айтты. Сыр елінен алғаш рет Германияға 420 тонна қамыс, Ресейге жаңа піскен қызанақ пен мұздатылған көкөніс жөнелтілді. Жалпы әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды.

Күріш дақылдарын тұрақтандыру және суды аз қажет ететін дақылдарды кеңейту туралы шешім қабылданды. Қазіргі заманғы суару жүйелеріне: аквагельдерге, жаңбырлату, тамшылау жүйелеріне назар аударылады. Жаңақорған ауданында алғаш рет аквагельдерді пайдалана отырып, күздік бидай 80 га егілді, бұл орта есеппен 18 ц/га жинауға мүмкіндік берді.

Көлемі 2,3 млрд текше метр 6 су қоймасын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, Қызылорда және Әйтек су тораптарын қайта құру, Жиделі су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданындағы ирригациялық және дренаж жүйесін жетілдіру бойынша ірі жобаларды іске асыру басталды.

Ірі қара мал басы 4,4% – ға, қой мен ешкі – 5,5% – ға, жылқы-8,5% - ға, түйе-5,3% - ға өсті. Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында пайдаланылмайтын жайылымдарда 452 су көзін жөндеу жоспарлануда. Бұл шамамен 7 млн га пайдалануға мүмкіндік береді.

Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылданды, оны іске асыруға 28 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін бағдарлама шеңберінде 55 тауарлы балық, 10 тоған және 4 тор шаруашылығы құрылатын болады.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бизнес-әлеуетті арттыру үшін 2023 жылға дейінгі экономикалық даму Картасы әзірленді, оның шеңберінде жалпы сомасы 270 млрд теңгеге 265 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл 4600-ден астам тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Биыл 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 110 жоба іске қосылды.

Бизнеске көпбалалы аналар да тартылуда. "Еңбек" бағдарламасы бойынша бизнес - идеяларды іске асыруға 602 көпбалалы ана грант алды.

Әкім карантиндік шектеулер кезінде шамамен 54 мың кәсіпкер салық жеңілдіктерін алғанын және 8,5 мыңнан астамы МӘМС төлеуден босатылғанын атап өтті. 9 мың сауда алаңы 700 млн теңгеге жуық сомаға жалдау төлемдерін төлеуден босатылды, жыл соңына дейін мемлекеттік меншікті жалға алатын 194 ШОБ субъектісі де босатылады.

Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде жыл басынан бері 19 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, оның 14 мыңы - тұрақты жұмыс орындары. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 277 инфрақұрылымдық жобаны іске асырудың арқасында 9,5 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталуда.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

COVID-тің екінші толқынына дайындық жұмыстары күшейтілді. Қажеттілігіне қарай 21 инфекциялық стационарда 3200 төсек орнын дайындауға мүмкіндік бар.Үй жағдайында амбулаториялық қызмет көрсететін 138 медициналық мобильді топ және санэпид талаптарының сақталуын бақылайтын 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. 3600 медицина қызметкерінен кадрлық резерв қалыптастырылды.

"Індетпен күресу үшін өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратын 244-ке жеткіздік. 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Сонымен бірге дәрі-дәрмектің екі айлық қорын жасақтадық. Тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды алуға 488 млн теңгеге қаржы бөлдік. 200 төсектік жаңа модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады, көпбейінді облыстық ауруханада оттегі станциясы салынған. Аталған станцияның құрылысы Қазалы ауданаралық ауруханасында да аяқталуда", - деді облыс әкімі.

Бүгінгі таңда 300 мектептің 121-і дәстүрлі режимде жұмыс істейді, 2000-нан астам кезекші топ ашылды, онда 40 мыңнан астам бала оқиды. Апатты мектептердің орнына 3 жаңа мектеп салынуда. Жеке инвесторлар есебінен 300 және 500 орындық тағы 2 мектептің құрылысы жүруде.

Өңір басшысы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Облыста 1946 пәтерлі 98 тұрғын үй салынуда, оның ішінде 696 пәтерлік 74 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Байқоңыр қаласында Қазақстан азаматтары үшін тұрғын үй салу практикасын жалғастыру және 2021 жылы бес 50 пәтерлі үйдің құрылысын бастау жоспарлануда.

Облыс халқының 97% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, 63% табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие. Жыл соңына дейін мұндай мүмкіндікті халықтың 70% алады. Сонымен қатар, 498 шақырымнан астам автожол, көшелер мен көпірлер жөнделді.

Спорт саласында жыл соңына дейін бюджет есебінен тағы 12 жаңа нысан салынады, оның ішінде байдарка мен каноэде есу базасы бар. МЖӘ аясында 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда.

Алғаш рет "Абай" операсы қойылды, онлайн форматта 2000-нан астам мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бүгінде 700-ге жуық еріктілердің қозғалысы бар, олар жалпы алғанда 1000-нан астам іс-шара ұйымдастырды.

ТЖ және карантиндік шектеулер кезеңінде 42,5 мың теңге мөлшерінде 536 мыңнан астам әлеуметтік төлем жүргізілді. "Birgemiz Qyzylorda" өңірлік қоры арқылы 24 мыңнан астам отбасына 50 мың теңгеден төленді.

Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын, Ұлы Абайдың 175 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында онлайн форматта 2000-ға жуық іс - шара өткізілді.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ежелгі Бабиш-Мола, Жанкент, Сығанақ қалашықтарында тарихи-археологиялық зерттеулер жүргізілді.

Брифинг соңында Гүлшара Әбдіқалықова журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1885974-bdikalykova-prezident-zoldauyny-kyzylorda-oblysynda-zzege-asyryluy-turaly-mlimdedi/