RU

"Айбын-2020" әскери-патриоттық жиыны аяқталды

Қорғаныс министрлігі
Фото: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Нұр-Сұлтанда Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Айбын-2020» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Бұл рәсім бейне байланыс арқылы Қазақстанның барлық өңірінде онлайн түрде көрсетіліп, соның арқасында жиынға қатысушылар тікелей эфирден бақылауға мүмкіндік алды.

Аталған іс-шараға қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, білім және ғылым вице министрі Шолпан Каринова, жеке сынақта және «Үздік Жас сарбаз» аталымында үздік командалар капитандары, жиынның жеңімпаздары қатысты.

Қорғаныс министрлігі
Фото: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Республикалық жиын екі ай бойы өтті. Онлайн-форматта 39 команда жарысты. Жалпы қатысушылар саны 585 адамды құрады. Жиынның конкурстарына әскери қолданбалы спорт түрлері, интеллектуалдық және шығармашылық жарыстар кірді. Қатысушылар жағымды көңіл-күйге ие болды, тәжірибе жинақтады, жаңа білім мен шеберлікке қол жеткізді.

«Мен жеңімпаздарды құттықтаймын. Барлық қатысушыға үздік болуға тырысқандары үшін алғысымды білдіремін. Сіздер бәріңіз әскери іспен танысып, армия мен Қарулы Күштердің тарихы туралы білдіңіздер, жетістіктеріңізді, білімдеріңіз бен ептіліктеріңізді көрсеттіңіздер, жаңа достар таптыңыздар, өздеріңізді беріктікке сынап көрдіңіздер», – деп Нұрлан Ермекбаев атап өтті.
Қорғаныс министрлігі
Фото: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Шығыс Қазақстан облысының, Тыл және қару-жарақ бастығы басқармасының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің командалары өз аталымдарында үздіктер атанды. Тыл және қару-жарақ бастығы басқармасының «Сағадат» командасы жиынның абсолютті Гран-при жеңімпазы атанды.

Қорғаныс министрлігі
Фото: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Жеңімпаз командалар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және құнды сыйлықтармен наградталды. Әр конкурсант қатысқаны туралы сертификат алды.

«Жыл сайынғы жиын – бұл біз үшін жаңа тәжірибе, жаңа достар, жаңа әсерлер. Қашықтықтағы форматта өтуіне қарамастан, конкурс өте қызықты, әрі тартымды өтті. Бұл жиын біздің жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншіліктің отын жақты. Бізді жыл сайын өте жоғары деңгейде өтетін осындай ауқымды шараларға қатысуға мүмкіндіктің болуы қуантады», - деп Шығыс Қазақстан облысы «Жас қыран» командасының капитаны Ажар Ықыласова өз әсерімен бөлісті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1886895-ajbyn-2020-skeri-patriottyk-ziyny-aaktaldy/